Жарлысу жеріндегі «Тау қымыз» демалыс аймағында өткен ауқымды іс-шара ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, халықтың рухани мұрасын дәріптеуге бағытталды.
Іс-шара барысында салт-дәстүрге терең мән берілді. Ақ жаулықты аналар күбі пісіп, келген қонақтарға қымыз ұсынды. Ал қымызмұрындықтың ұлттық идеялық мазмұнын толығырақ аша түсу үшін арнайы бие сауылып, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары сахналық көрініс қойды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар, оны заман талабына сай жаңғыртып, барынша насихаттауымыз керек», – деген болатын.
Қымызмұрындық – елімізді танытатын, рухани құндылығымызды жаңғыртатын мазмұнды бастама. Қымыз дайындау – тек шеберлік емес, өмір пәлсапасы. Бие байлап, қымыз ашытып, оны қонаққа ұсыну – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ерекше дәстүрі.
Іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов ақ тілегін арнап, ұлтымыздың ұлы құндылықтары салтанат құрған мәдени-танымдық мәні зор шараның ұйымдастырылуына жоғары баға берді.
Мерекенің мазмұнын байыта түскен маңызды бөлім – қолөнер шеберлерінің көрмесі. Онда халқымыздың тұрмыс тіршілігінен сыр шертетін сан алуан ағаштан және темірден, теріден жасалған зергерлік бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар ауданға белгілі суретшілер мен қолөнершілердің туындылары, аудандық музейдің жәдігерлері мен «Балалар мен жасөспірімдер орталығы» және «Өнер» мектебінің оқушылары жасаған туындылар көздің жауын алып, алыстан келген қонақтардың қызығушылығын арттырды.
Сонымен қатар мереке аясында асылтұқымды қой көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеге еліміздің бірқатар шаруа қожалығы қатысты. Көрме барысында малшаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегі дәріптеліп, қатысушылар үш номинация бойынша бақ сынады.
Қазақ даласының әрбір өңірі өзіне тән ерекшелігімен, қайталанбас табиғатымен дараланып тұратыны анық. Т.Рысқұлов ауданы да көз тартар көркем табиғатымен, саф ауасымен, биік тауларымен туризмді дамытуға аса қолайлы аймақтардың бірі. Бүгінде ауданның осы әлеуетін тиімді пайдалану – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе.
Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі «Қымызмұрындық – 2026» іс-шарасы аясында жүзеге асты. Мереке тек ұлттық дәстүрді дәріптеумен ғана шектелмей, өңірдің туристік мүмкіндіктерін таныстыру алаңына айналды. Іс-шара барысында аудан әкімі Ернар Есіркепов бірқатар туристік агенттік өкілдерімен арнайы кездесіп, өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумдарға қол қойды.
Жалпы Т.Рысқұлов ауданының табиғаты мен тарихи-мәдени мұрасы – туризмді өркендетуге берік негіз. Шөңгер, Қарақыстақ, Құмарық, Көгершін, Қайыңды және Жарлысу таулары, «Тау қымыз» бен «Тау самалы» сынды демалыс аймақтары, Құлан, Өрнек қалашықтары, Ақыртөбедегі «Этноауыл», Дулат баба кесенесі де туған жерімізде туризмді түлетуге көп септігін тигізе алады. Ал жаңадан қолға алынған «Назар Эко», «Бауырсақ» және «Сарым» секілді жарқын жобалар бұл салаға ерекше серпін берері анық.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК,
журналист,
Т.Рысқұлов ауданы




