18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орайластырылған акцияның басты мақсаты – тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осы күні еліміздің барлық өңірінде тарихи-мәдени мұра нысандарын тазалауға және абаттандыруға бағытталған іс-шаралар өтті. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызын ұғындырып, жұртшылықтың жауапкершілігін арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі, Қазақстан Азаматтық альянсының директоры Нұрас Ералы және «Madenietti Mura волонтерлері» клубының үйлестірушісі Салтанат Ділдәбекова қатысты.
– Ақыртас – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін, талай өркениеттің ізі қалған киелі мекен. Бұл мекен – тек сәулет өнерінің бірегей үлгісі емес, халқымыздың тамыры терең тарихының, бай мәдениетінің айғағы. Мәдени мұраны сақтау – өткенге тағзым ғана емес, болашақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Өйткені бүгін біз қорғап, сақтап қалған әрбір тарихи нысан – ертеңгі ұрпақтың рухани тірегі, ұлттық болмысының негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде мәдени мұраны сақтау мен оны дәріптеудің маңыздылығына ерекше назар аударып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар – ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың, ел бірлігін нығайтудың маңызды бөлігі. Аталмыш акция – сол үлкен істің нақты көрінісі. Әсіресе еріктілердің белсенділігі қуантады. Жастардың осындай игі бастамаларға атсалысуы – қоғамымыздың саналы әрі жауапты бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Акция аясында «Madenietti Mura волонтерлері» клубының құрылуы – өте маңызды қадам. Еліміздің барлық өңірінде құрылатын бұл клубтар тек бірреттік шаралармен шектелмей, мәдени мұраны сақтау ісін жүйелі түрде жалғастырады деп сенеміз. Еріктілік – жай ғана көмек емес, бұл – жүрек қалауы, азаматтық ұстаным. Бүгін сіздер атқарып жатқан жұмыстар – туған жерге деген шынайы жанашырлықтың көрінісі. Облыс әкімдігі алдағы уақытта да тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және оны кеңінен насихаттау бағытындағы бастамаларды әрдайым қолдайды. Біз үшін әрбір тарихи нысан – ұлттың рухани байлығы, – деді Алтай Сембекұлы.
Іс-шара аясында қатысушылар үшін кешен аумағында танымдық экскурсия жүргізілді. Сонымен қатар тарихи нысанның айналасы абаттандырылды. Белсенді жастар мен волонтерлер арасында тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылып, олардың өзара байланысын нығайтуға, жаңа идеялар мен бастамаларды ортаға салуына, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік жасалды.
Айта кетейік, бұл күні Қазақстан Азаматтық альянсының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде «Madenietti Mura волонтерлері» клубтары ашылды. Олар тарихи-мәдени мұраны сақтау мен азаматтық белсенділікті арттыру бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізетін болады.
Сымбат ҚУАНЫШ




