Жиынға қала әкімі Бақытжан Орынбеков, қала прокуроры Марат Естаев, бөлім басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Басқосу барысында уәкілетті органдар тарапынан құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында қабылданған шаралардың тиімділігі кеңінен талқыланды.
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша қала аумағында жалпы қылмыс деңгейі 21,6 пайызға төмендеген. Алайда жекелеген бірқатар заңбұзушылықтың қатары артып отыр. Бұл бойынша қалалық полиция басқармасына нақты тапсырмалар беріліп, оның орындалуы тікелей басшыларына жүктелген.
Жыл басынан бері адам өлтіру және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру қылмыстары жүйелі түрде орын алуда. Бұл қылмыстардың барлығы алкогольдік ішімдікке тәуелді және бұрын сотты болған тұлғалар тарапынан жасалған.
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2026 жылдың басынан бері 19 рейд жүргізіліп, түрлі баптар бойынша мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында полиция, прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен арнайы құқықтық сағаттар, дәрістер, патриоттық форумдар мен «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар кеңесте ауызсумен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері, жастарды және бұрын сотталған азаматтарды жұмыспен қамту саласында атқарылған іс-шаралар қаралды.
Жиын соңында күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы



