Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Нарғызым – менің тағдырым

Нарғызым – менің тағдырым
Автор
Жұбайым екеу міздің танысты ғымыз кездейсоқ басталған. Алайда сол сәтте тағдырлы кездесудің бізді бақытты болашаққа жетелейтінін сезбеген де едік.

Келіншегімнің азан шақырып қойған есімі Нарғыз болғанымен, құжатта Наргиза деп жазылып және бәрі солай атап кеткен.

Биыл күзде отау құрғанымызға сегіз жыл толады. Арамыздағы алғашқы сезім танысқан сәтімізде-ақ бүршік жарып, бір жылдай қыз бен жігіт ретінде сыйластық. Осы жылдар аралығында біз бір-бірімізді жақыннан танып, жандүниемізді ұғына түстік. Арамызда сенім орнап, болашаққа бірге қадам басуға болатынына көзіміз жеткенде шаңырақ көтеруге бел будық.

Нарғыз екеуміздің жолымызды досымның қарындасы тоғыстырды. Наргиза оның ең жақын сырласы болатын. Досымның үйіне жиі баратын күндерімнің бірінде Наргизаны кезіктіріп, содан бастап көңіліміз жарасты. 2017 жылдың тамыз айында Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне магистратураға оқуға түсуді жоспарлап барған едім. Оқуға түсуге мүмкіндігім де, білімім де жетіп тұрса да Астанада қалу туралы ұзақ ойландым. Ақыры жүрек қалауымен Таразға қайтуға шешім қабылдадым. Ал туған жерімде сүйгенім Наргиза күтіп жүрген еді.

Туған жерге оралған соң көп күтпей шаңырақ көтеруді жөн көрдік. Біз дүркіретіп үлкен той жасамадық, құдалықпен шектелдік. Бұл мүмкіндіктің жоқтығынан емес, екеуміздің ортақ шешіміміз болды. Бос даңғаза мен бір күндік салтанаттан гөрі, болашағымыздың іргетасын қалауды маңызды деп білдік. Сөйтіп, тойға жұмсалатын қаражатқа баспана алдық. Құдайға шүкір, бүгінде сол берекелі қара шаңырақта шаттыққа толы өмір сүріп, үш бүлдіршінімізді тәрбиелеп отырмыз.

Өміріміздегі ең айтулы оқиғалардың бірі тұңғышымыздың дүниеге келуі еді. Келіншегім хабарласып, аман-есен босанғанын айтқанда төбем көкке жеткендей болды. Алайда сол қоңыраудан кейін оның телефоны екі-үш сағат бойы сөндірулі тұрды. Жаспын, тәжірибем жоқ. Бала дүниеге келгеннен кейін оны бірден үйге алып кету керек деп ойладым. Сөйтіп, ешкіммен ақылдаспастан, екі жолдасымды қасыма ертіп алып перзентханаға құстай ұштым. Барсақ, телефоны әлі сөндірулі. Қабылдау бөліміндегілерден келіншегімді қашан алып кететінімді сұрағанымда, ондағы бір апай таңғала қарап, ұрсып берді. Ол кісі: «Есің дұрыс па, айналайын? Өмірге бала әкелу оңай дейсің бе, кемі үш-төрт күн бақылауда жатады ғой», – деп кейіп жатыр. Қасымдағы жолдастарым мен айналамыздағы адамдар бұл қылығыма әбден күлді. Өзім ыңғайсыз жағдайда қалсам да, сол сәттегі асығыстығым мен қобалжуым жарыма деген шынайы қамқорлығым мен алғашқы әкелік сезімімнің көрінісі екенін қазір түсінемін. Бұл оқиға біздің отбасылық тарихымыздың ең қымбат әрі күлкілі естелігі болып қалды.

Мадияр ЕРАЛИЕВ,
Шерхан Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану орталығы
директорының орынбасары

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар