Арнайы мерекелерді ұйымдастырумен айналысатын Аңсар Төлеуханов заман талабына сай, яғни қазір ұсыныс жасаудың да форматы өзгеріп жатқанын, өзі де осы уақытқа дейін біраз жұптың бақытты сәттерінің куәгері болғанын айтады.
– Арнайы мерекелерді ұйымдастырумен айналысатын орталық болғаннан кейін неше түрлі оқиғалардың куәгері болдық. Бұл кәсіппен айналысып жүргенімізге 2 жылдай уақыт болды. Көбіне туған күндер мен ұсыныс жасау баннерлеріне тапсырыстар аламыз. Мерекелік баннерлерді тапсырыс берушінің талғамына сай қылып дайындап береміз, бағасы да көңілге қонымды. Одан бөлек «gender reveal party», қыздың құрбыларымен қоштасу кеші, туған күн сияқты түрлі іс-шараларды да ұйымдастырамыз. Тапсырыс берушілердің жасы да әртүрлі, әрқайсысының талғамы мен қалауына қарай иілеміз. Кейде қызық жағдайлар да орын алады. Ұсыныс жасайтын жігіт қыздың қызығушылығын, қалауын ескермей, бәрін думандатып, көпшіліктің ортасында жасайды. Бірақ қыз ондайға дайын болмай, тіпті келіспей қалған сәттерге де куә болдық. Яғни әдеміліктен бұрын адамның ішкі дайындығы маңыздырақ екенін көріп жүрміз. Қазір кейбір бойжеткендер ұсыныс жасау сәтінің қалай өтетінін өздері нақтылап айтады. Қай жерде, қандай уақытта, қандай безендірумен болғанын қалайтынын ашық жеткізеді, – деді Аңсар Бақтиярұлы.
Иә, бүгінде қыздар ұсыныс жасау сәтінің әдемі, ерекше, есте қаларлықтай болғанын қалайды. Қазір бұл қалыпты нәрсеге айналды. Ал бұрын бәрі басқаша еді. Сөз салу деген ұғым болмады деуге болады. Көбіне ата-ананың келісімімен немесе алып қашумен аяқталатын. Арнайы дайындық, әдемі сөз, салтанат, романтика деген жоқтың қасы.
Біздің бұл ойымызды аяулы жар, ардақты ана, ұлағатты ұстаз Айша Ермекқызы да қолдап, көтеріп отырған мәселемізге қатысты пікірін білдірді.
– Ол кезде сөзді ашық айту да, талап қою да сирек еді. Қыздар көп жағдайда өз қалауын айтпайтын. «Қалай болады?» деген сұрақтан гөрі, «солай болуы керек» деген түсінік басым болды. Қазір бәрі өзгерді. Қыздар өз қалауын жасырып қалмайды. Әлеуметтік желінің де әсері аз емес. Көргенін қайталау, одан да ерекше жасау деген сияқты ұмтылыс бар. Біреудікі жақсы, біреудікі жаман деп салыстырудың қажеті жоқ. Әр кезең өзімен құнды. Бұрын жауапкершілік пен тұрақтылық басты ұстаным болса, қазір – еркіндік пен таңдау бірінші орында. Ең дұрысы – сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану, яғни өз қалауыңды түсініп, соған сай шешім қабылдау, – деді Айша Ермекқызы.
Қызығы, тұрмысқа шығатыны алдын ала белгілі болса да бойжеткендер дәл осы ұсыныс жасау сәтін ерекше күтеді. Тараз қаласының тұрғыны Көркем Әлдибектің айтуынша, бұл – тек «иә» деп жауап беру емес, қарым-қатынастың жаңа кезеңіне өтудің символикалық белгісі.
– Қазір жігіттердің сүйіктісіне ұсыныс жасауы бір-біріне ұқсап кеткендей көрінеді. Әрине, әркімнің таңдауы әртүрлі, бірақ өзім ондай қалыпты, көпке ортақ нәрселерді қаламаймын. Маған ерекше, қайталанбас, тек бізге ғана тән сәт маңыздырақ сияқты. Мен қиялымдағы ұсынысты жасандылықсыз, тыныш, шынайы сәт ретінде елестетемін. Көпшіліктің алдында емес, керісінше, екеуміз ғана қалған оңаша кеңістікте болғанын қалаймын. Себебі дәл сондай кезде ғана адамның шынайы сезімі анық сезіледі, сөздер де жүректен шығады деп ойлаймын. Артық дайындық пен сыртқы эффектілерге қарағанда ішкі атмосфера, көңіл күй, сол сәттің табиғилығы мен үшін маңыздырақ. Қиялымдағы ұсыныс теңіздің жағасында айтылса деймін. Толқынның баяу дыбысы, жеңіл жел, шексіз көкжиек – бәрі де сол сәттің мәнін тереңдетіп, ерекше бір сезім сыйлайтындай. Ондай жерде айтылған сөздер де басқаша қабылданатындай көрінеді. Қазір көп жасқа ұсыныстың қалай жасалғаны маңыздырақ секілді. Қай жерде, қанша адам қатысты, қаншалықты әсерлі болды... Бірақ мен үшін бұл ерсі көрініс. Ұсыныс – екі адамның арасындағы жеке тарихтың бастауы, сондықтан ол тек екеуіне ғана тиесілі болғаны дұрыс деп ойлаймын, – деді Тараз қаласының тұрғыны Көркем Әлдибек.
Ал Ержігіт Назар есімді кейіпкеріміз алаулатып жалаулатып ұсыныс жасауға қарсы екенін, бұл тек еріккендердің ермегі деп есептейтінін жеткізді.
– Келіншегім Саямен отау құруымыз да қызық болды. 2018 жылы жолдас баламның үйлену тойына барғанмын. Келіншегім сол жолдас баламның балдызы болып шықты. Тойда көрген бойжеткенді бірден ұнатып, сол күні алып қаштым. Ешқандай сөз салусыз, салтанатсыз болды. Келіншегім өзімнен 7 жасқа кіші. Шаңырағыма әкелгеннен кейін Сая біраз қарсылығын білдірді. Өзара келісімге келіп, сөйлесе отыра жұбайымды көндіріп, алып қалдым. Басымыздан осындай қызықтар өтті. Ал қазіргі сөз салу, ұсыныс жасау сынды шараларға қарсымын. Ондай әрекеттерді жай ғана ақша шашу деп ойлаймын. Үйленетін қыз ондай сән-салтанатсыз-ақ қолыңнан ұстап, үлкен өмірге ойланбастан қадам басады, – дейді Ержігіт Назар.
Әңгіме үйлену тақырыбына ойысқанда адамдардың пікірі де әралуан болып келеді. Әркім өз түсінігімен қарайды. Бірі «салтанаттың керегі жоқ, бастысы – екі жастың бақыты» деп санаса, енді бірі, керісінше, сол сәтті ерекше етіп өткізгісі келеді. Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман!
Сымбат ҚУАНЫШ




