Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Childfree: баласыз бақыт қона ма?

Childfree: баласыз бақыт қона ма?
Автор
«Естімеген елде көп» дегендей, жаһандану үдерісімен бірге жанымызға жат саналатын жаңа ұғымдарға құлағымыз үйрене бастағандай. Соның бірі– кейінгі кезде жиі талқыланып жүрген «Childfree» сөзі. Түсінікті етіп айтсақ, бұл – саналы түрде бала сүюден бас тартқан адамдардың өмірлік ұстанымы. Бәзбіреулер үшін бала еркіндігін ұрлап, қолбайлау болады екен. Мұндай көзқарас туралы алғаш естігенде жағамызды ұстағанымыз жасырын емес. Өйткені, қазақ қоғамында бала – отбасының шамшырағы, ұрпақ жалғастығының кепілі.

Иә, халқымыздың дәстүрлі дүниетанымында баланы көздің нұрына теңеп, отбасының бақытына балайды. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп түсіндіреді. Осыдан-ақ ата анасының алпыс екі тамырын идіріп, жан жүрегін елжіретіп дүние есігін ашқан шақалаққа деген ата-ананың шексіз махаббатын сезесің. Бала – бауыр етің екенін ұғасың. Алайда уақыт өзгерген сайын адамдардың өмірге деген көзқарасы да түрленіп келеді. Кейбір жандар өз өмірінің мәнін баладан емес, жеке дамуынан, мансаптан немесе шығармашылықтан тауып жүр. Мысалы, біреу саяхаттауды армандайды. Енді біреу ғылымға ден қояды, одан басқалары тыныш, жауапкершіліксіз өмірді қалайды. Мұндай адамдар үшін еркіндік пен жеке кеңістік аса маңызды.

Расында, «сhildfree» болудың себептері әртүрлі. Соңынан ұрпақ қалғанын қаламайтындар моральдық немесе материалдық тұрғыдан дайын емес екенін сезінгендіктен осы қадамға барады. Әлемдегі әлеуметтік, экологиялық мәселелерге алаңдап, дүниеге жаңа өмір әкелуден бас тартатындардың тамыры тереңде. Өз денсаулығына немесе психологиялық жай күйіне байланысты осындай шешім қабылдайтындар да кездеседі. Қоғам кейде мұндай адамдарды түсінбей, сынап жатады. Алайда әр адамның өмірі – өз қолында. Әркімнің өз таңдауы бар.

Қазақы ортада бұл ұғым әлі де толық қабылдана қойған жоқ. Үлкендер жағы көбіне артында ұрпағы қалу керек деп есептейді. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтың көрінісі. Дегенмен жастар арасында пікір алшақтығы байқалады. Осылайша қоғамда екі түрлі дүниетаным қатар өмір сүріп келеді. Ең бастысы – әр адамның өз таңдауына құрметпен қарау. Өмірдің мәні әркім үшін әрқалай. Біреу оны ұрпағынан тапса, біреу өз жолынан табады. Ал шынайы бақыт өз жүрегің қалаған өмірді сүруде жатыр.

Осы орайда біз Тараз қаласында тұратын «сhildfree» үрдісін таңдаған екі бірдей жанмен тілдескен едік. «Олар неге бұл жолды таңдады? Балалы болу оларға несімен ұнамайды?» деген сынды сұрақтарды алға тарттық. 

Айару – екінші топ мүгедектігі бар әйел. Ол өзінің баланы неге сүйгісі келмейтінін былай түсіндірді:

– Бала сүюге қарсылығым жоқ, тек ана болуға дайын емеспін. Бұл шешім бір сәттік емес, жүрегімде ұзақ уақыт қалыптасқан таңдау. Ал денсаулығым – күнделікті шындығым. Екінші топ мүгедектігімен өмір сүру оңай емес, оны сырт көз әрдайым түсіне бермейді. Өзімді күтуге де бар күшімді жұмсаймын. Осындай жағдайда тағы бір жанның тағдырын арқалау маған ауыр көрінеді. Бала тек қуаныш қана емес, ол үздіксіз жауапкершілік екенін білемін. Сол жауапкершілікті толық атқара алатыныма күмәнданамын. Ал күмән бар жерде өзіңнен өзге тағы бір тағдырдың болашағын шешу дұрыс емес деп ойлаймын. Дүниеге жаңа келген нәрестеге толық мейірім мен тұрақтылық бере алмасам, бұл оған әділетсіздік болар еді. Қоғам мені түсінбеуі мүмкін, бірақ өзімді толық түсінемін. Иә, «Әйелдің бақыты – ана болу» деген сөзді жиі естимін. Бірақ мен үшін бақыттың өлшемі басқа. Балалардың тәтті екенін, пәктігі мен шынайылығын сезінемін. Алайда ол сезім мені ана болуға міндеттемейді. Өз мүмкіндігімді шынайы қабылдағандықтан өзімнен туған баланы бақытты ете аламын деп ойламаймын. Бұл – әлсіздік емес, жауапкершілік. Сондықтан «сhildfree» жолын саналы түрде таңдадым. Өйткені ең маңыздысы – өз жүрегіңе адал болу. Оның үстіне денсаулығым да мәз емес. Тұрмысқа шығу да ойымда жоқ. Сондықтан соңымда бақытсыз бала қалғанын қаламаймын, – деді Айару.

Ал Талас ауданында туып-өскен Марат болса, биыл 48-ге толды. Ол өзінің неге бала сүйгісі келмейтінін айтқанда терең ойға шомып, ауыр күрсінді. Марат «сhildfree» болуға итермелеген киер киім, ішер асқа қол жеткізе алмаған ауыр кезеңдерді басынан кешірген балалық шағының салдары екенін жасырмады.

– Үйде он төрт ағайынды болып ержеттік. Тіпті қарапайым жаңа шұлықтың өзін тауып кию мұң еді. Әрқайсысымыз жаңа шұлықтарымызды шешіп, қалтамызға салып алатынбыз. Үйде ескі әрі жамау жамау киім киеміз. Тамақ дегеннен ботқа мен бетінде екі-үш түйір еті бар ұннан жасалған тағамдар еді. Ауру шешем мен бізді асырау үшін қара жұмыстан титықтап, шаршап жүретін әкемді көріп, артық сөз айтуға аузымыз бармайтын. Әкем жалғыз бала болғандықтан әжем келінінің көп бала тапқанын қалапты. Содан анам бала санын көбейткен екен. Бір жылдары қорадағы мал бір-ақ күнде қырылып, содан жағдайымыз тым нашарлап кетті. Оның үстіне әкем мен шешем шала сауатты әрі тым момын кісілер еді. Олар мал бағып күнелтіп жүрген шаруа болғандықтан басқа жұмыс істеуге аса икемдері де жоқ болатын. Сабаққа бару үшін мектептен келе жатқан ағамды тағатсыздана күтіп тұратыным есімде. Ол жолай достарымен ойнап, үсті-басы шаң басып келеді. Одан қалса, қатты кешігеді. Сонда ағамның үстіндегі киімді сыпыра сала жүгіріп жүріп киініп, сыныпқа асығамын. Бірде ағам уақытында келмей қалды. Сосын әпкемнің аяқкиімі мен жемпірін киіп кеттім. Сыныптастарым қыздың киімін киіп алғанымды бірден біліп қойып, әбден келеке етті. Сонда не тойып тамақ ішпеген, не әдемі киім киіп көрмеген мен: «Құдай, маған бала бермеші! Ол да мен сияқты бақытсыз болып ғұмыр кешпесін», – деп таңға дейін жылап шықтым. Сол күннен кейін ешқашан үйленбеуге, балалы болмауға өз-өзіме серт бергенмін. Алайда жалғыздық жанымды жеп, ержеткен соң отбасы құрғым келетінін түсіндім. САҢЫРАУҚҰЛАҚ САУДАСЫНДА СҰРАҚ КӨП Ғылыми деректерге сүйенсек, саңырауқұлақтар – ыдыратушылар. Олар өлі өсімдіктер мен жануар қалдықтарын ыдыратып, топырақты құнарландырады. Сонымен қатар кейбір саңырауқұлақтар ағаштардың тамырымен симбиоз құрып, олардың өсуіне көмектеседі. Бұл орманның саулығын сақтауда өте маңызды. Ал көктем туып, жаз шыққанда, яғни бүгінгі тілмен айтсақ, «трендте» көш бастап, сұраныс артатын өсімдік – саңырауқұлақ. Табиғаттың баурайында, тал түбінде самсап өсетін бұл өскінге құмар жандар саны жылдан-жылға артып келеді. Десе де көбіне саңырауқұлақтар улы болып келеді. Ал оның жеуге жарамды түрлеріне ақ саңырауқұлақ, қозықұйрық, арышқұлақ, қайыңқұлақ және түлкішек жатады екен. Содан қыздармен танысқан сайын, ең бірінші, неше балалы болғысы келетінін сұрайтынмын. Әрине, «балам болғанын қаламаймын» деп айтатын қыз іздедім. Отыздан асқан шағымда бір қызбен таныстым. Ол өзінің балалы бола алмайтынын айтып егілді. Ал мен болсам, іштей қуанып тұрдым. Танысқан соң бір айдан кейін отбасын құрдық. Оған өз ойымды ешқашан айтқан емеспін. Ол бала асырап алғысы келетінін жиі айтады. «Біреудің баласы біреуге бала болмайды» деп құтыламын. Балалы болғым келмейтінін жұбайыма айта алмаймын. Себебі ол бала сүйгісі келеді. Жүрегін ауыртудан қорқамын, – деді Марат аға.

«Childfree» ұғымы бүгінгі қоғамдағы күрделі әрі сан қырлы құбылыстардың бірі. Ол тек бала сүюден бас тарту ғана емес, адамның өмірге, жауапкершілікке, жеке бостандығына, кейде денсаулығына байланысты өрбиді. Қоғамдағы кейбір жандар үшін бақыттың өлшемі ұрпақпен ғана шектелмейді, олар өз жолын, өз мәнін басқа арналардан табуға ұмтылады. Біреулер үшін еркіндік пен тыныштық маңызды болса, енді біреулер үшін шығармашылық, білім немесе жеке даму алдыңғы қатарға шығады. Ал енді кейбіреулерге психологиялық күйзеліс әсер еткені белгілі.

Айару мен Мараттың өмірлік таңдауы – осы көзқарастың айқын дәлелі. Айарудың денсаулығына байланысты қабылдаған шешімі әлсіздік емес, керісінше, үлкен жауапкершіліктің белгісі. Ол өз мүмкіндігін шынайы бағалап, болашақ баланың тағдырына немқұрайды қарамайтынын көрсетті. Ал Мараттың балалық шағында көрген ауыр тұрмыс, жоқшылық пен жетіспеушілік оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Ол өз басынан өткен қиындықтарды қайталағысы келмей, саналы түрде бала сүюден бас тартты. Бұл жерде әр адамның шешімі оның жеке тәжірибесі мен ішкі жандүниесіне тығыз байланысты екенін аңғарамыз.

Қазақ қоғамында мұндай таңдау әлі де толық қабылдана қоймағанымен, уақыт өте келе сан алуан түсінік қалыптасып келе жатыр. Өйткені өмірдің жалғыз ғана дұрыс үлгісі жоқ. Әр адам өз бақытының кілтін әртүрлі іздеп, әртүрлі жолмен табады. Сол таңдаудың ішіндегі ең асылы әрі маңыздысы – өз таңдауыңа адал болу және өзгелердің де шешіміне құрметпен қарау. Шынайы бақыт қоғамның қалыптастырған қағидаларына ғана бағыну емес, өз жүрегің қалаған өмірді саналы түрде сүре білу шығар. Қалай десек те, адам тағдыры әртүрлі екенін біле тұра, біздің ұлт үшін өмірдің ең үлкен мәндерінің бірі – ұрпақ жалғасы. Сол себепті бала сүйіп, оның болашағына жарық сыйлау – жүрек жылуын арттыратын ең асыл қазынаның бірі болып қала бермек.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар