Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мен оқыған кітаптар

Мен оқыған кітаптар
Автор
Республикалық «Ана тілі» газетінің 2026 жылғы 19 ақпандағы санында жарық көрген журналист Берік Бейсенұлының «Жылына қанша кітап оқисыз?» атты мақаласын оқып, үлкен ой үстінде қалдым. Журналист қозғаған тақырып қоғам үшін өте өзекті мәселе. Осы орайда зиялы қауым өкілі, ардагер ұстаз әрі зейнеткер ретінде өзімнің ойымды оқырманмен бөлісіп, мақалаға үн қосуды жөн көрдім.

Кітапқа деген құмарлығым сонау алтыншы сыныпта оқып жүргенде, «Қырық қыз» дастанын алғаш парақтағаннан басталды. Содан бері қазақ ертегілерімен сусындап, әдебиет әлеміне біржола бет бұрдым. Жастық шағымда аудан орталығына немесе қалаға жолым түсе қалса, ас-суды емес, ең алдымен кітап дүкенін іздеп, соңғы тиыныма дейін жаңа туынды алуды мақсат тұтатынмын.

Сол құмарлықтың арқасында Абайдан бастап, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Бауыржан Момышұлы секілді алыптардың және өзге де қазақ жазушыларының шығармаларын түгелге жуық сүзіп шықтым десем де болады. Бүгінде үйімде өзім жинаған шағын кітапханам бар.

Осы жылдың басы да мен үшін берекелі басталды. Қаңтар айынан бері Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» трилогиясын, ұстазым Мұхтар Мағауиннің осы аттас дилогиясын қайыра оқып шықтым. Сонымен қатар бүгінгі оқырманның талғамынан шығып жүрген Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан», «Өзбекәлі және мәдени майдан», «Жұмабек және жер майдан», «Қуыскеуде», «Ойланушы», «Өмірге ғашық болу» секілді тағылымды еңбектеріне қанықтым.

Бұдан бөлек Нұрлан Қалидың «Беймезгіл» романын, Әубәкір Қайранның «Байтақ», «Күмән мен күнә» жинақтарын, Думан Рамазанның «Жан» атты туындысын, Софы Сматаевтың «Ағаларым – жағаларым, інілерім – ірілерім» естелігін зор қызығушылықпен оқыдым. Ертай Айғалидың, Дәулетбек Байтұрсынұлының, Ділдәр Мамырбаева мен Назым Дүтбаеваның, Бектұр Төлеуғалиев пен Жаңабек Шағатайдың, Келіс Рахымжанов пен Төкен Оразовтың, сондай-ақ Мереке Құлкенов сыйға тартқан «Жол жалғаса береді...» атты кітаптарының әрқайсысы маған өзгеше әлем сыйлады. Қазіргі таңда көкшетаулық жазушы Ғалихан Ахметовтың алты томдық «Біржан сал» романының «құшағындамын».

Кітап – адамды ойландырып, толғандырып, өмірдегі сан түрлі тағдыр иелерімен бірге мұңайтып, бірге қуантатын ғажайып күш. Соның бір айқын дәлелі ретінде «Жұлдыз» журналының 2026 жылғы ақпан айындағы санында жарық көрген Дәурен Қуаттың «Бруклин көпіріндегі кездесу» хикаятын айтар едім. Автор «Айбоз» сыйлығының иегеріне лайық шеберлікпен Асылзада секілді кейіпкердің тар жол, тайғақ кешуге толы тағдырын көз алдыма әкелді.

Жалпы өскелең ұрпаққа айтқым келетіні – кітаппен дос болыңдар, өрелерің биік, өмірлерің мазмұнды болсын! Толғанысымды:

«Кітап – білім бұлағы,
Өмір – оның шырағы.
Кітапты көп оқы деп,
Жас ұрпаққа әрдайым,
Айтқым келіп тұрады!» – деген бір шумақ өлеңмен түйіндегім келеді.

Төреқұл ӘЛХАНҰЛЫ,
ардагер ұстаз,
Ақсу ауылы, Шу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар