Өнер қонған әулет немесе Толғамбай қартқа жеткен Қорқыт қобызының сарыны
- author AR-AY
- Бүгін, 11:49
- 17
РЕДАКЦИЯДАН
Көзі тірісінде Қонекең марқұм: «Құдай-ау, бәріміз де күл-кемір пендеміз ғой, мұнда сүйегі асыл, айтқаны ақыл, анау, жотадағы кісілер ғой», – дейтін биік қырдағы жатқандарды нұсқап.
Өз үйінің тұсындағы қабірстанға өз әкесі Толғамбайдың барып жатқанына да елу жылдың шамасы болып қалыпты-ау. Жарлысуға келген сайын тарихшы, шежіреші, әнші, домбырашы бауырым Қонысбай Толғамбаевтың үйіне соқпайынша бұл ауылдан кетпеуші едім. Міне, осынау асылдың сынығының өмірден озғанына да біраз жылдың жүзі болып қалыпты. Ойлап отырсам, ол кісінің ақылы азық, сөзі көпке сусын екен ғой. Сол көкем көзден кетсе де көңілден кетпей қойды. Ағаның асына барғанда мына бір өлеңімді оқып бердім. Сонда Қонекеңнің тұңғышы, Толғамбай атамыздың ұрпағының жалғасы, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының белді актері Жалғас Толғамбаев көзіне жас алып қалды.
Мен естіген бұл ауылда бір жыр бар,
Көкірегімде естілмеген бір күй бар.
Толғамбай мен Тәттімбеттің қобызын,
Жоғалтып ап, ән салып тұр –
Аспандағы жұлдыздар.
Талды өзеннің тарихы ғой бір дастан,
Есім бимен ешкім жоқ қой сырласқан.
«Көсемтасқа» жазайықшы аттарын,
Батырларым, бабаларым, ағаларым –
Бір-бірімен тыңдассын.
Тоғатайдан басталады шежірелі ататек,
Онда неге Тоқмағамбетов аға жоқ?!
Сыр бойынан хабар алсақ қайтеді,
Онда білсең қарақойлы, аққойлы,
Шежіресіне кіре-тұғын бала көп.
Келдік, міне, Қонысбайдың асына,
Хабар жетпей бара алмадым басына.
Абыз еді, нағыз еді Айбозым,
Серісің бе, бөрісің бе, қарамайтын,
Адамдардың үлкен-кіші жасына?
Әнін айтып, сәйгүлігін баптайтын,
Сері еді ғой сырын сыртқа шашпайтын.
Жұмбақ жан ед(і) кеудесіне сыр тұнған,
Ұстаз еді ұлағатты, ұлтжанды,
Шәкірттерін қыран құстай баптайтын.
Өтті өмірден Қонысбайдай бір сері,
Дулығалы Дулаттың ол бір тегі.
Жарлысудың жотасында жатыр ол,
Құшағына ап домбырасын, қобызын,
Шерін, мұңын Қорқытқа ұқсап шертеді.
Фәни-жалған бітпей-тұғын ертегі,
Ал бақилық әр пенденің ертеңі.
Жаның сенің кірсін, аға, жаннатқа,
Өзіңсің ғой жалғыз сері елдегі.
Баяғы, Толғамбай ата топырақпен түйіп салған жер там әлдеқашан бұзылған, оның орнына шатырлы үй бой көтерген. Күләй әже осының бәрін көрмей кетті. Өмірден ерте өтті. Баланың үлкені Күләндә әпке еді, ол кісі де бақилық болып кетті. Өзі арқалы, адуынды ақын болатын. Жақсылық ауылына (Құттыжанға) Кеңесбай деген аққойлыға тұрмысқа шыққан. Одан кейінгі ұлының аты – Әзімхан. Ұлы қайтқанда Толғамбай ата қатты өксіп жылаған екен. Сонда ауылдың үлкен ақсақалы Халық қарт келіп: «Әй, Толғамбай! Мұның не? Мен де жалғызымды жерге бердім ғой, Құдайға тоба қыл. Шүкір, сенде ұрпақ бар. Менде жоқ», – деп жұбатқан екен. Толғамбай сонда басын көтеріп алып, есін жиыпты.
Толғамбай қарттың балаларына қойған аты қызық, бәлкім, «бала тұрсын» деді ме, әйтеуір Әзімханнан кейін туған қызының ныспын Бұранда деп қоя салыпты. Оған базарда делдал болып жүретін құрдасы Базарқұл ақсақал ішек-сілесі қата күлетін: «Ендігісін не деп қоясың?» – деп. Жер үйін түйіп бітіп, баспанасына кірер кезде дүниеге келген ұлын Қонысбай қойды. Сөйтіп, қоныстой мен шілдехананы бірге жасады. Толғамбай қарттың кіндігінен одан кейін де есігінің алдына егіп қойған гүлдей екі қыз дүние есігін ашты: Күлсара мен Нұрсара. Тірі болса, Нұрсарасының өзі қазір тоқсанға келетін екен. Сол әпкеміз:
– Әкем үйде тыныш отыра алмайтын. Таудан арша кесіп әкеліп, қобыз шабатын. Домбыра да жасайтын. Домбыраның ішегін ешкінің ішегінен, ал қобыздыкін аттың қылынан тартушы еді. Кейде «біздің Тәттімбеттің күйі еді» деп, бір күйлерді тартатын. Бір күні радиодан әкем тартатын өзіне таныс күйді берді. Әкем барлық жұмысын тастай сала қара табақтың түбіне келіп, әлгі күй біткенше құлағын тосып отырды да қойды. Бір кезде диктор «Сіздер Тәттімбет Қазанғаповтың күйлерін тыңдадыңыздар» дегенде ашуланған атам: «Әй, мынау не дейді-ей? Бұл біздің Сасайдың Тәттімбетінің күйі ғой», – деп күйініп, біраз уақытқа дейін шауып жатқан ер тұрманын жинап қойып, Базарқұл досына кетті. Мен онда он бес-он алтыдағы бойжеткенмін. Әкем 86-ға келіп қалған. «Тәттімбет күйші 1932 жылғы ашаршылықта көз жұмған ғой, несіне шала бүлінеді?» деймін ғой жаңағы... Ол кезде менің әкем елулерде шығар. Екі шал күн батқанша әлгі күйді әңгімеледі. Менің сонда олардың екеуара сөзінен еміс-еміс естіп қалғаным: «Біздің ауылдағы Сарша да, Дәулет те, Тәттімбет те күйші, қала берді, Барақ батырдың баласы Тайлақ батыр да сыбызғы тартқан ғой. Ал жаңағы «Сарыжайлау» мен «Былқылдақ» Сасайдың Тәттімбетінікі екеніне мен куәмін. Өйткені менің жасап берген қобызыммен осы күйді талай тартқан», – дейді әкем күйіп-пісіп.

Әкем сол күні үйге келген соң да тез орнына жата қоймады. Үйдің дәл төрінде ілулі тұрған қобызын алып, ұзақ тартты. Қобыздың қоңыр үні жатаған тамның ішін кернеп, сарнады-ай кеп. Тегінде, тұла бойың, төбе шашыңа дейін тітіркеніп, бір қайғының қара шапанын жамылып алғандай күй кешесің. Нұрсара күйдің мағынасын түсінбегенмен, онда тарқамай қалған шер, мұң бар екенін бала болса да ұқты. Ал Қонысбай орнында байыз тауып отыра алмады. Біресе терезе тұсына барып, енді бірде домбырасын қолына алып, әкесінің мақамын екі ішекке салып ол да тебіренді. Осылайша әкелі балалы екеу Қорқыт сарынын сарнатып түннің бір уағына дейін отырды.
Сәлден кейін Толғамбай қарт дүр сілкініп:
– Балам, білесің бе бұл күйді? – деді суға батып кетіп, қайта шыққан жандай басын сілкіп.
Қонысбай кідірместен:
– Әке, бірінші рет естуім, – деді таңырқап.
Толғамбай қарт ауыр ойдан, терең тебіреністен кейін:
– Балам, бұл – Қорқыттың күйі. Атын өзім де білмеймін. Осы керуен жолымен өткен бір шалдан үйреніп едім, – деді.
Көңіл жүдеп, жан жұтап балауыз шам да таусылып бара жатты.
Толғамбай қарт сол күні ақ таңнан тұрып, сергек қимылдады. Бұл – оның күндегі үйреншікті әдеті. Ол кісі «Таңғы нәсіп – Тәңірден» деген сөзді аузынан тастамайтын. Күні бойы үйге келімді-кетімді кісі де көп. Бірі атқа құйысқан, қамшы өргізіп, енді біреуі тамыр үзгізіп, қан алдыратын, сүлік салдыратын. Ол кісінің емшілігі де, ұсталығы мен қолөнері де қатар жүретін. Кейде бәйге торысына мініп, «Қарабұлақ», «Шымбұлақ» жақты көздей ұзақ сейілдеп кетіп, кеш қайтатын. Қонысбай көкем де әкесі сияқты ат баптап, серілік құрып, ән айтып, домбыра тартып, балаларын да осы өнерге баулып, тіпті өз үйінен отбасылық ансамбль құрып, ел алдына шықты.
– Мені осы Қонысбай көкем жанынан тастамайтын, – дейді Нұрсара. – Өйткені үйде маған қарайтын ешкім жоқ қой. Қонысбай ағам автоклуб меңгерушісі. Қызыл туға, тағы басқа ауылдарға барып кино қояды, тіпті қораға концерт қойған күндеріміз де болды. Мен сонда небәрі жеті жастамын. Ағам әнді жақсы айтатын. Мен де өлең айтамын деп жата қалып жылайтынмын. Баламын ғой. Бірде ағам композитор Мельс Өзбековті үйге ертіп келді. Менің бойжетіп қалған кезім, бірақ ол кісіні білмейді екенмін. Екеуі таң атқанша ән айтты. «Ақ тамақ қарлығаштар», «Сұлутөр аруы», «Келші Құланға» әндерін сол кісілердің аузынан бірінші рет естідім. Шынымды айтсам, осы әндердің Мельс ағаныкі екенін де кейін білдім. Екеуі «ащы су» ішіп алған ба, біраз гуілдеді.
Нұрсара жергілікті сазгер Мельс Өзбековтің қолпаштауымен ағасының облыс орталығында өткен шопандар слетіне қатысып, онда «Жазылбекшілер маршын» орындағанын білмейтін еді. Слетке атақты шопанның өзі қатысып: «Қарағым, ауылға, Мойынқұмға кел, бір ат мінгіземін», – деген еді Жаз ата оның айтқан әніне риза болып. Мельс екеуі сол күннен бастап бірге жүретін болды. Әннің сөзін жазған балалар ақыны Әдібай Табылдиевтің үйіне барып, қонақ болып қайтқан соң олар, яғни «үштік одақ» болып тағы бір ән шығарды. Бұл әнді де Қонекең орындады. Ол ән «Луговой жастарының вальсі» деп аталды.
– Бірде Мельс пен Қонысбай осы Жарлысу мектебінде кездесу кешін өткізді, – дейді қызылтулық ақын әрі күйші Төребек Әбдікерімұлы. – Айтары жоқ, Қонысбай Мельстің «Келші, айым» әнін тамаша орындады. Мен осы екі өнер иесіне арнап өлең жаздым. Ол өлеңім «Армандары асқақтаған күндер-ай» деген атпен кейін Кәріпжан Нүсіптің «Өнер деген өлке бар» атты жинағына шықты. Сонда мынадай жолдар бар еді:
Көп жайды толықтырды Толғамбаев,
Жеткізді болған жайды болғандай ғып.
Ауадай Қонысбайдың таза даусы,
Аймаққа Мельс әнін жайған ғайып.
Ұлттық театрдың белді әртісі, актер Жалғас Қонысбайұлы Толғамбаев – әкесінен кейінгі әулеттің жүгін қажымай, талмай көтеріп жүрген азамат. Біз бірде Алматыдағы Мұхтар Әуезов театрынан сыртқа шыққан соң жақын бір жердегі дәмханада отырып, бауырдай ұзақ сырластық. Ел жайлы, ауыл туралы сөз қозғап, өмірден аққан жұлдыздай болып өтіп кеткен Сарша, Тәттімбет, Дәулет, Тайлақ, Толғамбай сынды саңлақтарды еске түсірдік. Жалғас әкесінің мұғалім бола жүріп отбасылық ансамбль құрып, облыстық байқауда белгілі әнші Индира Расылханның отбасынан кейінгі екінші орынды алғанын да үлкен мақтанышпен еске түсірді. Ол өзінің 1988 жылы республикалық «Жігіт сұлтаны» бәсекесінде бас жүлдеге ие болғанын да жасырмады. Әдетте Жалғас мақтағанды сүймейтін. Бұл жолы ағынан жарыла сөйледі. Өзінің ізін басып келе жатқан іні-қарындастарының өнердегі аяқ алысын да тілге тиек етті.
Жансұлтаны әке жолын қуып, киноға түсіп жүр. Бір інісі режиссерлік мамандықты таңдапты. Өзінен кейінгі Жантас, Жарас, Олжас бәрінің де өнерге деген икемі бар. Әпкесі Нұрсараның кенжесі Дәркен – республикаға танымал пародист, «Шаншар» театрының актері. Ол экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дауысын айнытпай салып, ризашылығына бөленген. Бәрін айт та, бірін айт, расында, бұл – өнер қонған әулет. Олар атасы Толғамбайдан бастап өнер жолын қуып келеді. Біз Күләнда әпкейдің ақындық шығармашылығын ғана айта алмай отырмыз. Ол кісінің кезінде танымал суырыпсалма ақындармен айтысқанын да жұрттан естідік. Өкінішке қарай, ақын әпкеміздің өлеңдері еш жерде сақталмапты.
Сейсен ҚОЖЕКЕ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының иегері



