Ғалым Айнұр Әбиденқызына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді
- author AR-AY
- Бүгін, 19:02
- 2
Мемлекет басшысының атынан жоғары мемлекеттік марапатты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек табыстады. Айнұр Әбиденқызы – отандық шығыстану ғылымының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан білікті ғалым, тәжірибелі педагог.
Филология саласының білікті маманы ретінде ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-мәдени байланыстарды зерттеуге, шығыстану ғылымын дамытуға зор үлес қосып келеді. Айнұр Әбиденқызы әр жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында, сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет атқарған. 2022 жылдан бастап Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында жетекші ғылыми қызметкер ретінде еңбек етіп жатыр.
Ғалымның ғылыми зерттеулері қытайтану, түркология, тіл білімі, мәдениетаралық байланыстар мәселелерін қамтиды. Ол – Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Қазақстанның геоэкономикалық мүдделері тақырыбында іргелі монографияның авторы. Сонымен қатар бірнеше оқу құралдары мен сөздіктердің, оның ішінде «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» еңбегінің авторларының бірі.
Айнұр Әбиденқызының ғылыми-педагогикалық қызметі, отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі және халықаралық ғылыми қауымдастықтағы белсенділігі оны еліміздің жетекші ғалымдарының қатарына қосады.




