– Балық шаруашылығы комитеті төрағасының бұйрығымен 1 наурыз бен 31 мамыр аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасы бойынша балықшаруашылығы суайдындарында «Таза суайдындар» атты табиғатты қорғау акциясын өткізу бекітілген болатын. Осыған орай қоқыс тасталған жағалау аумақтарын тазартуға, азаматтардың су ресурстарын ұқыпты қарауын қалыптастыруға бағытталған жыл сайынғы табиғат қорғау акциясы басталды. Мұндай акциялар болашақ ұрпақ үшін суқоймаларымыздың биоалуантүрлілігін сақтау үшін үлкен маңызға ие. Біз суқоймаларды тасталған (иесіз) балық аулау жабдықтарынан, жағалау аумақтарындағы қоқыстардан тазартамыз. Сөз жоқ, бұл қоршаған ортаға көп пайда әкеледі. Барлықтарыңызды су объектілерінде, балық ресурстары мен басқа да су жануарларының тіршілік ету орталарында тазалықты сақтауға шақырамын, – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Азамат Кабдуғалиев.
Балық шаруашылығы комитеті төрағасының бұйрығына сәйкес, акция өңірлердің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып өткізілуде. Осы тұста Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары және «Тасөткел» суқоймасының қорықшыларымен «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігі, еріктілер бірлесе отырып «Тасөткел» суқоймасында «Таза су айдындары» акциясын өткізді. Акцияға барлығы 50 адам қатысып, 10 су көлігі және автокөліктер жұмылдырылды. Жоғарыда көрсетілген жұмыстардың нәтижесінде суайдыннан 10 шақырымнан аса заңсыз құрылған аулау құралдары алынып, арнайы белгіленген орында жойылды.
Аталған акция балық аулау желілерінен суайдындарын тазарту, жағалау аумақтарын жинау, сондай-ақ балық ресурстарын сақтау және балықтардың уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында өткізілуде. Атап айтсақ, Шу ауданы бойынша 5 суқойма бар. Олардың ішіндегі ауқымды суқойма – республикалық мәндегі «Тасөткел» суқоймасы.
Жұмахан ЧЕКАЕВ,
«Балық Fest Shu» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы,
Шу ауданы




