Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұрғындарды титықтатқан қоқыс мәселесі

Тұрғындарды титықтатқан қоқыс мәселесі
Автор
Соңғы жылдары елімізде тазалықты сақтау мен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне баса назар аударылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында республикамыздың әр өңірінде экологиялық шаралар үздіксіз атқарылуда.

Әулиеата өңірінде де игі бастама жалғасын тауып, облысымыз көз алдымызда күн өткен сайын көркейіп, құлпырып келеді. Көшелер жөнделіп, ескірген тұрғын үйлердің сырт келбеті жаңартылып, аялдамалардың ажары кіре бастады. Тазалық жұмыстары жүйелі жолға қойылғаннан болар, қазір көше бойынан бейберекет шашылып жатқан қоқысты сирек кездестіретін болдық. Сонымен қатар жаппай тал-дарақтар отырғызылып, өңір экологиясының тамырына қан жүгірді десек, жаңылыспаспыз.

Сөзімізге дәлел ретінде жақында ғана «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс көлемінде ұйымдастырылған ауқымды сенбілікті айтуға болады. Маңызды іс-шара барысында қала аумағындағы көшелер мен аулалар, саябақтар мен қоғамдық орындар толықтай тазартылып, жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы полигондарға жеткізілді. Мәселен, Тараз қаласының Сәтбаев көшесіндегі №17 және №19 үйлердің маңына қала тұрғындары, ардагерлер мен жастардың қатысуымен 250 түп ағаш көшеті отырғызылды. Сонымен қатар жасыл желек аумағын кеңейту мақсатында Қызылабад алқабында 10 мың түп қарағаш егілді.

Экологиялық науқан аясында Қарасу-2 каналының бойы қоқыстан арылып, арық жүйелері мен су бұру арналарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұл өз кезегінде су тасқынының алдын алып, өңірдің санитарлық жағдайын жақсартуға септігін тигізді. Мұндай игі істер облыстың барлық ауданында жалғасын тауып, бүгінде акцияға 16,8 мыңнан астам адам мен 850-ден астам кәсіпорын атсалысыпты. Нәтижесінде 45,8 мың көшет егіліп, 1,5 мың шақырым жол желісі мен 410 шақырым арық жүйелері тазартылған, сондай ақ 72,4 мың шаршы метр саябақ абаттандырылып, 1,8 мың тонна қоқыс шығарылыпты.

Қоршаған ортаға деген жаңа көзқарас пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында да оң өзгерістер байқалуда. Атап айтқанда, Тараз бен Қаратау қалаларында жасыл желектерді цифрландыру жұмыстары қолға алынып, арнайы ақпараттық платформа іске қосылды. Тұрғындармен кері байланыс орнату мақсатында Telegram-бот арқылы 263 өтінім қабылданып, олардың басым бөлігі дер кезінде шешімін тапқан.

Бірақ қаланы көркейтуге бағытталған жүйелі жұмыстарға қарамастан «баяғы жартас – сол жартас» дегізетін қаншама жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – вандализм. Тұрғындардың, әсіресе жас буынның қоғамдық ортаның ажарына нұқсан келтіретін теріс қылықтары әлі де азаймай тұр. Көктемнің жаймашуақ күндерінде таза ауада демалуды бәріміз ұнатқанымызбен, кейбір жандардың пісте шағып, балмұздақтың қабығы мен ішкен сусындарының бөтелкелерін кез келген жерге тастап, қоршаған ортаны ластауы көңілге кірбің ұялатады. Көшедегі орындықтар мен аялдамалардағы жазулар, үй қабырғасындағы ерсі суреттер мен қираған қоқыс жәшіктері тұрғындардың мазасын қашырып, қауіпсіздікке де селкеу түсіреді. Әсіресе ықшамаудандарда мұндай берекесіздік жиі бой көрсетеді.

Мәселен, жақында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тазалық мәселесіне қатысты аудандарда зерделеу жұмыстарын жүргізген. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендерде, жол бойында, кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлердің маңында санитарлық талаптардың сақталмауы, атап айтқанда, күл-қоқыстың бейберекет шашылуы мен арық жүйелерінің тазаланбауы, сондай-ақ бордюрлер мен жол белгілерінің ретсіздігі анықталған.

– Елді мекендердің аумақтарында, жол бойында, шағын кәсіпкерлік нысандары мен тұрғын үйлердің маңында кездейсоқ күл-қоқыстардың жиналуы, арық жүйелерінің тазаланбауы, сондай-ақ жол бойындағы бордюрлер мен жол белгілерінің тиісті тәртіпке келтірілмеуі сияқты бірқатар олқылық анықталды. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы Асқаров, Ниетқалиев, Автомобильный, Махамбет батыр, Сыпатай батыр көшелерінде және автобекет маңында қоқыстардың бейберекет шашылып жату фактілері тіркелді. Осындай жағдай Байзақ ауданының Сарыкемер, Үлгілі, Мырзатай, Құмжота, Қостөбе, Көкбастау, Кеңес және Мәдімар ауылдарында да орын алып, кездейсоқ үйілген қоқыс орындарының әлі де жойылмағаны белгілі болды. Жамбыл ауданының Аса, Жамбыл, Гродеково, Тоғызтарау ауылдарында және Жуалы ауданының Теріс, Бақалы, Түктібай, Көктөбе, Сұрым, Талапты, Алатау елді мекендерінде де тазалық талаптарының сақталмауы байқалды. Меркі, Т.Рысқұлов және Талас аудандарында да жағдай мәз емес. Қазіргі таңда аталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті жұмыстар қарқынды жүргізілуде және олардың нәтижесі бойынша алдағы уақытта қайта зерделеу жұмыстары ұйымдастырылады, – дейді басқарма басшысының орынбасары Дамир Тұңғатов.

Осы ретте облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Барыңды бағала» атты игі бастамасын айтпай кетуге болмайды. Жобаның негізгі мұраты – жастардың бойында мәдени құндылықтарға деген құрмет пен туған қаласына деген жанашырлықты ояту. Осы мақсатта аналар өрендердің қатысуымен тарихи жәдігерлерге саяхат жасап, сенбіліктер өткізіп, тағылымды кездесулер ұйымдастырып жүр. Өткен жылы жоба аясында 45 іс-шара өтіп, оған 3 200-ден астам өрен қатысыпты. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері қала тарихының мәнін ұғынып, вандализмнің зардабы туралы терең ой түйді.

Тазалыққа қатысты тағы бір өзекті мәселе – шаһардағы қоқыс полигондарының жай-күйі. Көп жағдайда қоқыс жәшіктері тұрғындар жауапсыздығынан шашылып, жағымсыз иісі жақын маңдағы тұрғын үйлерге тарап жатса, кей жағдайда қоқыс шығаруға жауапты компания өз жұмысына сылбыр қарап, қалдықтардың тау болып үйілуіне жол беруде. Айталық, осы ретсіздіктің салдарынан Тараз қаласының тұрғындары 10 жылдан астам уақыт бойы қоқыс шығаратын компанияның сапасыз қызметіне шағымданып келеді.

Қала тұрғындарының айтуынша, «Сәрсенбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылдар бойы өз міндеттеріне атүсті қарап, тиісті қызметін дұрыс атқармай, пайдаланушылар арызын елеусіз қалдырып келеді. Салдарынан қалдықтар апталап шығарылмай, қоқыс алаңдары көз үйренген стихиялы үйінділерге айналған.

Негізінен «Сәрсенбай» ЖШС Тараз қаласындағы теміржол вокзалының маңындағы ауданға қызмет көрсетеді. Компанияның жауапкершілік аймағына жеке сектормен қатар, көпқабатты тұрғын үйлер де кіреді. Алайда бұл аумақтағы жағдай көңіл көншітерліктей емес, мәселен, 8 бірдей үйге, анығын айтқанда, шамамен 200 пәтерге ортақ қоқыс алаңы тиісті талаптарға сай жабдықталмаған. Соның салдарынан алаңқай қалдықтардың көлемін көтере алмай, нағыз экологиялық апат аймағына айналған. Тіпті аз ғана үйге арналған басқа нүктелердің өзінде қоқыс жәшіктері лық толып, айналасы тау болып үйілген қалдықтардан көрінбейді.

Облыс әкімдігінің «109» бірыңғай диспетчерлік қызметінің ресми деректері де мәселенің әбден асқынып тұрғанын растайды. Мекеме басшысы Болысбек Оразовтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде қоқыс шығару сапасына қатысты барлығы 984 шағым тіркелсе, соның тең жартысына жуығы, яғни 200-і тікелей осы «Сәрсенбай» компаниясының үлесіне тиіпті.

– Салыстырмалы түрде алсақ, шағымдар саны бойынша көш бастап тұрған «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атына 202 арыз түскен. Алайда аталған кәсіпорын бүкіл облыс орталығына қызмет көрсететін жүктемесі көп мекеме екендігін ескеру қажет. Биыл да бұл жағымсыз үрдіс бәсеңдейтін емес. Қазіргі таңда қаланың негізгі операторын есептемегенде, коммуналдық кәсіпорындарға түсетін әрбір бесінші шағым дәл осы «Сәрсенбай» компаниясының жұмысына деген наразылықтан туындауда. Қоқыс шығаруға қатысты тағы бір маңызды мәселе – наразы тұрғындардың басым бөлігі ресми түрде арыз жазып, тиісті мекемелерге жүгіне бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру, жұмыс барысын ашық көрсету және халықпен кері байланысты нығайту мақсатында Тараз қаласының әкімдігі мен «109» бірыңғай диспетчерлік қызметі қоқыс шығарушы компанияларға тың бастама ұсынды. Жобаның маңыздылығы сол, әрбір контейнер алаңына арнайы QR-кодтар орнату арқылы тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарын жедел қабылдауға негізделген. Цифрлық шешім бірнеше қызметті бір арнаға тоғыстырады. Тұрғындар ұялы телефон камерасы арқылы қоқыстың шығарылу сапасын бағалап қана қоймай, контейнерлердің жетіспеушілігі немесе ескірген жәшіктерді жаңарту қажеттілігі туралы жедел хабарлама жолдай алады. Мұндай жүйе коммуналдық мекемелердің қызметін тікелей әрі ашық бақылауға жол ашар еді. Алайда қала бойынша қоқыс шығарумен айналысатын 6 компанияның ішінен бұл жаңашылдықты жалғыз «Жасыл ел – Тараз» серіктестігі ғана қолдап, бүгінде өзіне қарасты барлық 128 алаңға QR-кодтарды толықтай орнатып шықты. Ал халықтан ең көп арыз түсетін «Сәрсенбай» компаниясы бастаған қалған 5 компания инновациялық ұсыныстан әзірге бас тартуда. Кәсіпорындардың ұстанымы олардың қызмет көрсету сапасын жақсартуға және тұрғындар алдындағы жауапкершілікті сезінуге қаншалықты ниетті екендігіне күмән ұялатады, – дейді Болысбек Аштайұлы.

Бұл жағдайдың өзіндік сипаты бар. Қаладағы өзге кәсіпорындар негізінен жер үйлер орналасқан жеке секторға қызмет көрсететіндіктен оларда QR-код орнататын арнайы қоқыс алаңдары қарастырылмаған. Осылайша «Сәрсенбай» ЖШС көпқабатты үйлерді қамтитын және тиісті деңгейде жабдықталған инфрақұрылымы болуы тиіс жалғыз жекеменшік компания санатында. Алайда халықпен тікелей байланыс орнатуға толық мүмкіндігі болса да кәсіпорын бұл бастаманы қолға алмаған және тұрғындардың арыз-шағымдарын қабылдаудың цифрлық тетігін ұйымдастырудан бас тартқан.

Осылайша тұрғындардың бұл мәселе бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен түсініктеме алу талпыныстары нәтижесіз аяқталды. Мемлекеттік орган ресми сауалға нақты мәлімет берудің орнына қысқа ғана жауаппен шектелді. Салдарынан компанияның тендерді жеңіп алу шарттары, оның қызметін қадағалау тетіктері және тұрғындардың жиілеген шағымдарына қарамастан тексерістің не себепті жүргізілмейтіні туралы маңызды сұрақтар әлі де жауапсыз қалып отыр.

Ведомство берген жауапта «Сәрсенбай» ЖШС-мен жүргізілген түсіндіру жұмыстары барысында қоқыс контейнерлерін тазалау күн сайын атқарылады деген ақпарат алынғанын алға тартқан. Ал көрсетілетін қызметтің сапасына көңілі толмайтын, төлем шоттарының күшін жоюды немесе қайта есептеуді талап ететін тұрғындарға мемлекеттік орган тек сотқа жүгінуді ұсынды. Осылайша әкімдік өкілдері даулы мәселені реттеудің орнына жауапкершілікті сот органдарына ысыруда.

Шағымданушы тұрғындардың бірі Гүлнұр Сәрсенованың айтуынша, компанияның қоқыс шығару қызметіне деген салғырттығы шектен шығып, тұрғындардың күнделікті өміріне үлкен келеңсіздік тудыруда.

– Қоқыс дер кезінде жиналмағандықтан жәшіктердің айналасы тау болып үйіліп, одан шыққан жағымсыз иіс қолқаны қабады. Оған қоса иесіз иттер үйілген қоқысты жан-жаққа шашып, ауланың сиқын бұзып бітті. Он жыл бойы сапасыз қызмет үшін ақы төлеп келе жатқанымызға қарнымыз ашады. Сондықтан компания басшылығынан жұмыс барысын қайта қарап, қоқыс шығару кестесін қатаң бақылауға алуды және аула тазалығын тиісті деңгейде қамтамасыз етуді талап етіп келеміз. Бірақ үніміз естір құлаққа жетер емес, – дейді тұрғын Г.Сәрсенова.

Дегенмен компания өкілдері қоқыс шығару жұмыстарының күн сайын үзіліссіз жүргізіліп жатқанын айтып ақталуда. Олардың уәжінше, наразылық білдіріп жүргендер – қызмет ақысын төлегісі келмейтін санаулы адамдар ғана.

Алайда тұрғындардың шағымы негізсіз емес екеніне көз жеткізу қиын емес. Себебі шашылған қоқыс пен санитарлық талаптардың сақталмауы нақты фактілермен расталып тұр. Осылайша компанияның «бәрі дұрыс» деген сөзі мен нақты жағдай арасында үлкен алшақтық бар екені айдан анық көрінуде.

Айта кету керек, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жаңа стандарттар күшіне енді. Жаңа ереже бойынша қоқыс алаңдары міндетті түрде қоршалып, табаны қатты төсеммен жабылуы, ал контейнерлер қақпақпен жабдықталып, тұрақты түрде сырлануы тиіс. Сонымен қатар санитарлық нормалар ауа температурасы нөлден жоғары болғанда қоқысты күнделікті шығаруды талап етеді. Алайда «Сәрсенбай» ЖШС қызмет көрсететін аймақта бұл талаптар ұзақ уақыт бойы ескерусіз қалып келген.

Мәселенің құқықтық жағы да күрделі, әсіресе тараптар арасындағы келісімшарт негіздері көңіл көншітпейді. Ұлттық стандарт бойынша қоқыс шығару үрдісі нақты кестемен жүруі тиіс, бірақ компания мен тұрғындар арасында жеке келісімшарттар мүлдем жасалмаған. Бұл жағдай әкімдіктің «сотқа жүгініңіздер» деген кеңесін қисынсыз етеді, өйткені ресми міндеттемелер болмағандықтан сот алдында жауапкершілікті дәлелдеу өте қиын. Азаматтық кодекске сүйенсек, жүйелі түрдегі заңбұзушылық келісімшартты бұзуға негіз болғанымен, құжаттың жоқтығы тұрғындарды осы құқығынан айырып отыр.

Осы тұста маман пікіріне де құлақ асып көрген едік. Заңгер Айгерім Оспанованың пайымынша, тұрғындар «109» қысқа нөмірі немесе мессенджерлер арқылы диспетчерлік қызметке ресми өтінім қалдыруы тиіс. Тіркелген шағымнан кейін компания атқарылған жұмысты фотоайғақтармен дәлелдеуге міндетті және бұл деректер әкімдіктің тікелей бақылауына ілігеді.

– Егер антисанитариялық жағдай қалыптасса, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шағымданған жөн. Әкімшілік кодекстің 425-бабы бойынша талапты бұзған кәсіпорындарға 160-тан 1 600 айлық есептік көрсеткішке дейін қомақты айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар «e-Otinish» қосымшасы арқылы әкімдікке ресми үндеу жолдаудың тиімділігі жоғары. Шағымға қоқыс үйінділерінің күні мен мекенжайы көрінетін фотосуреттерді тіркеу қажет. Егер компания кестені жүйелі түрде бұзса, әкімдік онымен жасалған келісімшартты біржақты тәртіпте бұзып, ауданды басқа жауапты мердігерге беруге толық құқылы. Осындай құқықтық тетіктерді белсенді пайдалану ғана тазалық мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік береді, – дейді заңгер.

Бұл біз тілге тиек еткен бір ғана мысал, ал шын мәнінде, қала сыртында, аудандар мен шалғай елді мекендерде шешімін таппаған мұндай түйткілді мәселелер шаш етектен. Өз кезегінде әкімдіктер мен тиісті басқармалар бұл түйткілдің түйіні тек қоқысты қайта өңдеу зауыты іске қосылғанда ғана тарқатылатынын айтып, мәселені ашық күйінде қалдырып отыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар