Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаза басқандардың жағдайы не болмақ?

Жаза басқандардың жағдайы не болмақ?
Автор
Қазақта «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген жақсы сөз бар. Ортасынан оңаша бөлініп, өз бетімен кеткенді «өкпеге қиса да, өлімге қимаған» халқымыз кім кімге де кешіріммен қарап, барынша рақымшылық танытқан. Жақсы өмірді өзге жұрттан іздеп, оқыста опық жеп қалып жатқан азаматтар бүгінде де жоқ емес. Әңгіме түрлі себеппен сыртқа кетіп, соғыс жүріп жатқан жат майданда болып келгендер жайлы болмақ.

Қазіргі кезеңде әлемдік геосаяси ахуал күрделенбек түгіл, жер-жаһанды әжептәуір алаңдатуда. Тіпті Таяу Шығыстағы соғыс біраз елді экономикалық тығырыққа тіреп, халықаралық қауіпсіздік жүйесіне, яғни әлемдік тәртіпке бұрын-соңды болмаған сын-қатерін тудырды. Жалпы әскери-саяси текетірестердің жиілеуі, санкциялық шектеулердің күшеюі, ақпараттық ықпал ету тетіктерінің жаңа сипат алуы түрлі елдер үшін ортақ қауіпке айналды.

Дегенмен Ресей мен Украина арасындағы қақтығыста да, Таяу Шығыстағы соғыста да бейбітшілікті жақтап, жаппай мобилизацияға қарсы шығып, қақтығысты тоқтатуды күндіз-түні талап етіп отырғандар аз емес. Осындай соғысты тұтанған елдердегі алмағайып кезеңде олардың өзге елдің азаматтарын майданға тарту әрекеті де үдей түсетіні анық. Бұл үрдіс біздің елді де сырт айналып өткен жоқ.

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлының Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне жолдаған депутаттық сауалында келтірілген деректер мәселенің ауқымын айқын аңғартады. Мәселен, 2023 жылы Қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша 23 іс тіркелсе, 2024 жылы бұл сан 36-ға жеткен. Ал өткен жылы мұндай қылмыстық істер саны күрт өсіп, 141-ге жеткен. Оның ішінде 26 азамат сотталған екен.

Депутат бұл сандар әлемдегі әскери қақтығыстың ушығуы азаматтарды тарту әрекетінің де еселеп артқанын аңғартатынын айтып, дабыл қағуда.

– Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, бірқатар мемлекет өз азаматтарының шетелдің ресми қарулы күштері құрамында ұрыс қимылына қатысуын автоматты түрде қылмыс ретінде қарастырмайды. Қатаң жауапкершілік негізінен террористік ұйымдар қатарына қосылғандарға, әскери қылмыс жасағандарға немесе өз мемлекетінің ұлттық мүддесіне қарсы әрекет еткендерге қолданылады. Әрине, қарулы қақтығыс аймағына ешкім ажал іздеп, себепсіз бармайды. Бірі әлеуметтік қиындықтың салдарынан, бірі адасу немесе алдану арқылы, енді бірі мәжбүрлеу жағдайында баруы мүмкін. Осындай тағдырға тап болғандардың дені табысты жұмыс табамыз деген үміттің жетегінде жүріп ұрынып қалғанын айтады. Құрыққа ілінгенін түсінген шақта шегінерге жер жоқ, шарасыз жат елдің қанды майданының қатысушысына айналады. Артта аңырап ата-ана, еңіреп отбасы мен жақындары қалады, – дейді Мәжіліс депутаты.

Депутаттық сауалда көтерілген негізгі мәселе – шетелдік қарулы қақтығыстардан оралғандарға қатысты еліміздің қылмыстық саясатын қайта қарау. Шынында, «Мұндай істің бәрі бірдей бір өлшеммен бағалануға тиіс пе?» деген сұрақ туындайды. Себебі өз ісіне өкініп, елге оралуға ниет білдірген азаматтар үшін қазіргі заңнамадағы қатаң санкция елеулі тосқауыл болып отыр. Тәубесіне келіп, Отанға оралған азаматтың ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы оның толыққанды қайта әлеуметтенуіне кері әсер етуі әбден мүмкін.

Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, көптеген мемлекет бұл мәселеде сараланған тәсілді қолданады. Террористік ұйымдар құрамына кіргендерден бөлек, алдану, мәжбүрлеу немесе әлеуметтік қиындық салдарынан қақтығыс аймағына тап болған азаматтарға қатысты құқықтық баға жекелей беріледі.

БҰҰ Терроризмге қарсы басқармасы ұсынған Қылмыстық қудалау, оңалту және қоғамға қайта кіріктіру (Prosecution, Rehabilitation and Reintegration) қағидаты бойынша мемлекеттер мұндай жағдайларда жазалаумен қатар, оңалту және қайта әлеуметтендіру тетіктерін де қатар қарастыруы қажет екенін айтады. Яғни халықаралық тәжірибе бұл мәселені қылмыстық жауапкершілік аясында ғана емес, ұзақмерзімді қауіпсіздік пен қоғам тұрақтылығы тұрғысынан қарауды ұсынады.

Шетелдік сарапшылар да бұл мәселеге ерекше назар аударады. Айталық, АҚШ-тың Бейбітшілік институты сарапшыларының пікірінше, оралған азаматтардың бәрін бірдей қоғамнан толық оқшаулау қауіпсіздік тұрғысынан әрдайым тиімді бола бермейді. Керісінше, оңалту мен бақылау тетіктері арқылы оларды қоғамға қайта бейімдеу қайталанатын қауіптің алдын алуға көмектеседі. 

Сондай-ақ Еуропа елдерінің бірқатарында да «қайта әлеуметтендіру» тәсілі қолданылады. Мәселен, Лондон Корольдік колледжі жанындағы Радикалдануды зерттеу жөніндегі халықаралық орталық (International Centre for the Study of Radicalisation, ICSR) сарапшылары қақтығыс аймағынан оралған азаматтарды толықтай қылмыстық жазалау оларды қоғамнан оқшаулап, радикалдану қаупін арттыруы мүмкін деген пікірде. Сондықтан көптеген еуропалық мемлекет бақылау мен оңалтуды қатар қолдануға әлдеқашан көшкен.

Ал Халықаралық дағдарыс тобының (International Crisis Group) сарапшылары «қатаң репрессиялық саясат кей жағдайда кері әсерін беріп, азаматтардың жасырын әрекет етуіне итермелейді» деген тұжырым жасапты.

Осы тұрғыдан алғанда депутаттың шартты жаза, бас бостандығын шектеу, пробациялық бақылау секілді баламалы тетіктерді заңнамалық тұрғыдан бекіту жөніндегі ұсынысы халықаралық тәжірибемен үндесіп отыр.

– Бұл ретте халықаралық тәжірибені және ұлттық қауіпсіздік мүдделерін ескере отырып, террористік ұйымдар құрамында болмаған және әскери қылмыс жасамаған азаматтарға қатысты қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселесін қарастыру орынды деп санаймыз. Білместікпен бір сүрінген азаматтарымызды елден ерек қатаң жазаға тарту қаншалықты орынды? – деген сауал тастаған депутат бірқатар ұсынысын да жүйелеп жеткізді.

Алдымен әлем елдерінің құқықтық тәжірибесін жан-жақты зерделеп, Қылмыстық кодекстің 170-172-баптарын жетілдіру және саралау бөлігін нақтылау бойынша заңнамалық өзгерістер пакетін әзірлеп, Парламент қарауына енгізуді ұсынды. Сосын террористік ұйымдар құрамында болмаған, әскери қылмыс жасамаған және өз еркімен елімізге оралған азаматтарға қатысты құқықтық бағалаудың сараланған тетігін енгізуді қарастыру қажеттігін атады. Яғни жазалаудың жоғарыда айтқан баламалы тетіктерін алға тартып отыр.

Содан кейін шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысып, елге оралған азаматтарды құқықтық, психологиялық және әлеуметтік оңалтуға бағытталған кешенді мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажеттігін ұсынды.

Депутат сауалына қатысты Ішкі істер министрлігінің берген жауабы да қолымызға тиді. Министрлік жауабында жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстердің редакциялары әзірленіп жатқаны айтылған. Сонымен қатар мұндай істерді тергеу құзыреті Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиесілі екенін еске салыпты. Одан бөлек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп әлеуметтік оңалту бағдарламасын әзірлеу мәселесін қарастыру мүмкін екені көрсетілген. Бұл мәселенің тек құқықтық емес, әлеуметтік және психологиялық қырын да қамтитын кешенді көзқарастың керектігіне сұраныс бар екенін білдіріп отыр.

Министрлік ұстанымында осы түйткілді мәселе төңірегінде әзірге нақты шешім жоқ. Ал шетел тәжірибесінде жоғарыда мұндай бағдарламалар психологиялық оңалтуды, жұмысқа орналастыруды, отбасы институтымен жұмысты, діни және құқықтық кеңес беруді қамтитынын мысал ретінде келтірдік. Яғни біздің ел үшін де дәл осындай көпсалалы модельдің маңызы артып келеді.

Мәселенің түп-төркіні бір ғана құқықтық тетікте емес, қоғамның қауіпсіздігі мен оның ар жағындағы адам тағдырының тоғысқан тұсында жатыр. Білместікпен немесе алдау мен арбаудың құрбаны болып, бір сүрінген азаматқа тек қатаң жаза қолдану түйткілді түбегейлі шешпейтіні анық. Керісінше, оның қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беру еліміздің алдағы тұрақтылығының бір бағыты ретінде тиімді тетік болмақ. Сондықтан бүгінгі таңда көтеріліп отырған заңнаманы ізгілендіру мәселесі – жай ғана құқықтық бастама емес, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа қатысты әрі стратегиялық ауқымда ойланатын мәселе.

Жасұлан БАҚЫТБЕКҰЛЫ,
журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар