Мерекелік алаң қазақы нақышпен безендіріліп, керегесі кең киіз үйлер тігіліп, қонақтарға халқымыздың дәстүрлі ойындары ұсынылды. Әсем ән мен күмбірлеген күй, ұлттық би мен сахналық көріністер кештің көркін кіргізіп, оқушылар мен ұстаздардың бірлескен шығармашылық жұмыстары коллаборативті мәдениеттің жарқын үлгісін көрсетті.
Салтанатты жиын барысында мектеп директоры Гүлнұр Мақсұтова кішкентай бүлдіршіннің тұсауын кесіп, оған ақ жол тілеп, ізгі ниетін білдірді.
Осы игі бастамалардың жалғасы ретінде білім ордасында қазақтың даңқты балуаны, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің 75 жылдығына арналған «Өнегеге айналған дара жол» тақырыбындағы ата-аналар арасындағы өңірлік спартакиада ұйымдастырылды. Бұл ауқымды додаға Қызылорда, Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларындағы зияткерлік мектептердің ата-аналары қатысып, өзара бақ сынады.
Спартакиаданың ашылу рәсімі ерекше сән-салтанатымен есте қалды. Мектеп оқушылары өнерлерін паш етіп, кештің шырайын аша түсті. Жарыс барысында қатысушылар волейбол, футбол, шахмат, үстел теннисі, садақ ату, ләңгі тебу және арқан тартыс сияқты спорт түрлерінен күш сынасып, салауатты өмір салтын насихаттады. Тартысты өткен бәсекенің қорытындысы бойынша бірінші орынды Қызылорда қаласының командасы иеленсе, екінші орын Тараз қаласының құрамасына бұйырды. Ал үшінші орын Шымкент – Қаратау командасына табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сый-сияпаттар табысталып, құрмет көрсетілді.

Мерейлі мерекеге орай өткен іс-шаралар мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайтып, ата-аналар қауымдастығының ынтымақтастығын арттыруға зор үлес қосты.
Мектеп ұжымы қос іс-шараның өтуіне ұйытқы болған қоғам белсендісі, мектепішілік ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлмира Үсенқызы бастаған барша белсенді ата-аналарға шынайы алғысын білдіріп, алдағы уақытта да бірлесе атқарар істердің мол боларына сенім білдіреді.
Аружан МЕРКІБАЙ,
Назарбаев зияткерлік мектебінің
қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері



