Іс-шараға аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбек Әжібаев, облыстық «Аq jol» және «АR-AI» газеттерінің бас редакторлары Оралхан Дәуіт пен Тұрсынбек Сұлтанбеков, бір топ ардагер, сондай-ақ автордың ұл-қыздары қатысты.
Рухани кешті ақын, сазгер Қасқырбай Нарбатыров жүргізіп, Ниязхан Тоқтамысұлының өмір жолы, ұстаздық қызметі жөнінде мол мағлұмат берді. Бұдан кейін Түймекент ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жомарт Мұхамеджанов сөз алып, ардагер ұстаздың ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегін ерекше атап өтті.
– Ниязхан Бейсенов ағамыз «АR-AI» газетінің тұрақты авторларының бірі. Ұстаздық жолы, ұрпақ тәрбиесі туралы жазған дүниелері газет бетінде талай рет жарық көрді. Қай кезде де елге керек, мәні бар, салмақты дүниелер жазып келеді. Соңғы жылдары да қолынан қаламы түскен жоқ. Сол еңбектерінің басын қосып, кітап етіп шығаруы – өте құптарлық іс. Жалпы мұндай кітаптар – тек бір адамның еңбегі емес, тұтас бір ортаның рухани олжасы. Жас ұрпаққа берері мол, тәрбиелік мәні жоғары дүниелер деп есептеймін. Қазақ «Қарты бар ел – қазыналы ел» дейді. Сол сияқты ел ішіндегі қаламы жүйрік, сөзі өтімді азаматтарды құрметтеу – баршамыздың міндетіміз, – деді жиында сөз алған Тұрсынбек Темірланұлы.
Іс-шара барысында ардагердің шәкірттері де сөз алып, естеліктерімен бөлісті. Атап айтқанда, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өсер Нұрбаев пен аудандық билер кеңесінің төрағасы Исағали Сәлімбаев ұстаздың еңбекқорлығы мен мамандығына деген адалдығына тоқталды.
Сондай-ақ жиында автордың бауыры Өсима Жакешева ағасының кітабына шолу жасап, иығына зерделі шапан жапты. Ал тұңғыш ұлы Бақытжан мен қызы Толқын әкелеріне деген жылы лебіздерін білдірді. Түймекент орта мектебінің директоры Қуат Төкбергенов ұжым атынан сый-сияпатын табыстады.
Кітаптың тұсауы кесілген соң жиналғандарға жаңа еңбек тарту етілді.
Сонымен қатар кеш иесінің қызы Жанар домбырамен халық әндерін орындаса, немересі Ахмедияр Дәулетұлы Мұқағалидың «Бақыт деген не өзі?» өлеңін мәнерлеп оқыды.
Іс-шараны Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің өнерпаздары ән мен күймен көркемдеп, кештің сәнін келтірді.
Сымбат ҚУАНЫШ




