Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дөрекі жүргізушілер неге көбейіп кетті?

Дөрекі жүргізушілер неге көбейіп кетті?
Автор
Такси қызметі қолжетімді болғалы бері халықтың күнделікті өмірінде оның орны айтарлықтай артты. Қазір көпшілік үшін такси уақытты үнемдейтін, ыңғайлы әрі жылдам жетудің ең тиімді жолына айналды. Бар болғаны телефон арқылы тапсырыс беріп, қажет жеріңе еш қиындықсыз жетесің.

Адамдар асығыс кезде немесе шаршаған сәтте қоғамдық көлікті күткісі келмейді. Ал такси дәл осы сәтте қажеттілікті өтейді, артық аялдамасыз, тікелей бағытпен апарады, өз уақытыңды өзің жоспарлауға мүмкіндік береді. Әсіресе балалармен жүргенде, ауыр зат көтергенде немесе ауа райы қолайсыз болғанда таксидің пайдасы одан сайын сезіледі.

Сонымен қатар қазіргі жүйенің тағы бір ыңғайлылығы – ашықтық. Қандай көлік келе жатыр, жүргізуші кім, қанша уақытта жетеді, барлығы көз алдыңда тұрады. Бұл, бір жағынан, қауіпсіздік пен сенімді арттырады. Адам өз уақытын жоспарлап, қай кезде көлік келіп, қай кезде діттеген орнында болатынын нақты біледі.

Алайда осының барлығына қарамастан салада әлі де шешімін таппаған мәселелер жоқ емес. Өкінішке қарай, бүгінде такси қызметінде жұмыс істейтін кейбір жүргізушілердің клиентпен қарым-қатынасы көңіл көншітпейді. Кейде өзіңе дөрекі сөйлеп, «дікеңдеп» жауап беру, тіпті орынсыз талап қойып, қысым көрсету жағдайлары кездесіп жатады. Мұндай әрекеттер жалпы қызметтің деңгейіне көлеңке түсіреді.

Өкініштісі, бұл жағдайлар жиілеп бара жатқандай әсер қалдырады. Адам такси шақырғанда жай ғана бір жерге жетуді ойлайды, ал кейде жол бойы жүйкеңе тиетін жағдайларға тап боласың. Әрине, бұл қызмет сапасына деген сенімді азайтып қана қоймай, әйел адамдардың өз өмірін шамадан тыс уайымдауына әкеледі.

Такси қызметі қаншалықты дамыса да, ең бастысы, адам факторын ұмытпау керек. Жүргізуші тек көлік айдаушы емес, қызмет көрсетуші маман. Сондықтан қарапайым сыпайылық, мәдениетті қарым-қатынас, тұтынушыға деген құрмет әрқашан бірінші орында болуы тиіс. Сонда ғана бұл қызмет, расында, қолайлы әрі сенімді бола алады.

Осындай такси жүргізушілерінің тарапынан болатын дөрекі әрекеттерге ұқсас жағдай танысым Айсәуле Бейсеннің де басынан өткен еді. Ол бұл жағдайды жылы жауып қоя салғанымен, көңілінде жағымсыз әсер алып қалғанын жасырмады.

– Таксиді көбіне қатты асығыс болған кезде шақырамын. Бірде қала орталығындағы балалар ойын алаңында жүріп такси шақырдым. Қасымда екі балам бар, бірін қолыма көтеріп алғанмын, екіншісін жетектеп тұрмын. Үйім қаланың шетінде орналасқандықтан көлік табу оңай емес, табылғанның өзінде 10-15 минут күтіп қаласың. Бағыма орай, сол күні такси тез табылды. Қарасам, күту уақыты – 8 минут. Ішімнен «Жарайды, осы көлікті күтейін, әйтпесе келесісін одан да ұзақ тосармын» деп шештім. Шілденің кезі еді. Балаларым мазасызданып, жылай бастады. Сол сәтте бар ойым тезірек көлікке отырып, үйге жету болды. Бір кезде телефоным шыр ете қалды. Қарасам, жүргізуші хабарласып тұр. Қуанып, бірдеңе нақтылап сұрайтын шығар деген оймен телефонды көтердім. Бірақ ар жағынан естілген дауыс мүлде күтпегендей дөрекі болды. «Көліктен бас тарту» батырмасын бас!» деп, еш түсіндірместен айқайлай жөнелді. Не болғанын түсінбей қалдым. Мен де батырманы басуға мүмкіндік болмағандықтан «Өзіңіз баса салыңыз» деп қысқа қайырып, телефонды өшіріп тастадым. Бірақ мұнымен бәрі бітпеді. Артынша жүргізушіден бірінен соң бірі үздіксіз қоңыраулар келе бастады. Телефонды кезекті рет қоңырау шалғанда көтердім. «Неге бас тартпайсың? Мен ерігіп жүрмін бе? Саған айттым ғой!» деген сияқты сөздермен шектелмей, тіпті «Мұндай әділетсіздікті тек қазақтардан ғана күтесің» дегенге дейін барды. Мен де қолымда бала барын, үйдің алыс екенін, ондай бағытқа көлік табу оңай еместігін түсіндіруге тырыстым. Бірақ оның жауабы тіпті орынсыз болды. «Онда қаланың ішінен үй ал да, таксиді сол жерден шақыр» деді. Осы тұста әңгіме мүлде басқа арнаға бұрылып, жағдай ушыға түсті. Сол жерде әңгімені тоқтатуға тура келді. Өйткені бұл диалогтың әрі қарай жалғасуының еш мәні жоқ еді. Бірақ осы жағдай мені бір ойға қалдырды, такси қызметінде жұмыс істейтін адамдар, ең алдымен, өздерін маман ретінде ұстауы керек. Клиентпен сөйлесу мәдениеті, қарапайым әдеп – бұл қызметтің ең маңызды бөлігі. Қазіргі таңда күнделікті өмірді такси қызметінсіз елестету мүмкін емес. Оны өте қажет болған жағдайда шақырамыз. Сол кезде жүргізушінің бірауыз жылы сөзі де адамның көңіл күйіне әсер етеді. Ал керісінше, дөрекілік пен түсінбеушілік жағдайды одан сайын ушықтырмаса, жақсартпайды. Сондықтан такси жүргізушілері де, жалпы қызмет көрсету саласында жүрген жандар да клиентпен қарым-қатынаста сабыр мен сыйластыққа жіті көңіл бөлсе екен деймін, – деді А. Бейсен.

Осы ретте біз онлайн платформа арқылы қызмет көрсетіп жүрген такси жүргізушілерінің жолаушылар жайлы ойын білуге тырыстық. Біз пікірлескен такси жүргізушісі Атажан Беков өз сөзінде мәселеге біржақты қарауға болмайтынын жеткізді.

– Көлік жүргізіп, отбасымды асырап жүргеніме биыл жеті жыл болды. Осы уақыт ішінде талай жағдайды бастан өткердім. Бір күні табысым жақсы болып, көңілім көтеріліп қайтсам, енді бір күні тапқаным мардымсыз болып, шаршап-шалдығып үйге оралатын сәттер де аз емес. Дегенмен қанша тапсам, соның бәрін балаларымның несібесі деп қабылдаймын. Жұмыс барысында түрлі мінездегі адамдармен жолығасың. Кейде жол ақысына үстемелеп төлеп, алғыс айтып кететін жомарт жолаушылар кездеседі. Ондай сәттерде бір күндік шаршағаның ұмытылып, істеп жүрген еңбегіңнің бос кетпегенін сезесің. Ал кейде керісінше, еңбегіңді бағаламайтын жағдайлар да болады. Жол ақысын толық төлемейтіндер, тіпті мүлде бермей кететіндер бар. Онымен қоймай, себепсіз арнайы қосымшаға төмен баға қойып, сенің еңбегіңді жоққа шығаратын жолаушылар да кездеседі. Кейде жолда түрлі түсінбестік жағдайлар орын алады. Жолаушы кешігіп келіп, соны жүргізушіден көреді немесе мекенжайды дұрыс көрсетпей, кейін реніш білдіреді. Осындай сәттерде қанша сабыр сақтауға тырыссаң да ішкі шаршау мен күйзеліс жиналып қалады. Жылдар өте келе уақыт өзінікін алады. Бұрынғыдай күні бойы дамылсыз көлік жүргізу де оңай емес. Шаршау тез білінеді, денсаулық та сыр бере бастады. Бірақ соған қарамастан қолдан келгенше еңбектеніп, жұмысымды жалғастырып келемін. Кейде «Бәрін тастап, басқа жұмысқа кетсем бе?» деген ой келеді. Бірақ жеті жыл бойы үйренген ісіңнен бірден бас тарту оңай емес. Оның үстіне әр күнің әртүрлі өтетін бұл жұмыстың да өз ерекшелігі бар. Сондықтан қандай қиындық болса да мойымай, сабыр сақтап, алға қарай жүре беремін. Әр күннің өз несібесі бар деп сенемін. Уақыт өте бәрі орнына келеді, ал адал еңбек ешқашан зая кетпейді, – деді А. Ордабекұлы.

Такси қызметі – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ішінде үлкен еңбек пен сабырды талап ететін сала. Жолаушылардың бірі еңбегіңді бағалап, ризашылығын білдірсе, керісінше, кейбіреулері төлемей кетіп немесе орынсыз баға қойып, көңіліңді түсіреді. Осындай қарама-қайшы жағдайлар бұл жұмыстың оңай еместігін көрсетеді.

Дегенмен бұл жұмыс көптеген адам үшін күнкөрістің негізгі көзі. Уақыт өте келе шаршау білінсе де, бұрынғыдай ұзақ жұмыс істеу қиындаса да жауапкершілік бәрінен жоғары тұрады. Жолаушы да, жүргізуші де адам екенін ұмытпай, қарапайым сыйластық танытса, мұндай қызмет әлдеқайда сапалы әрі жайлы болар еді. Өйткені кез келген еңбектің артында адам тағдыры, отбасының жағдайы тұрғанын ескеру – қоғамдағы түсіністік пен мәдениеттің белгісі.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар