
Тойдың соңы төбелеске ұласқан еді
«Алдыңа қарап жасарасың, артыңа қарап қартаясың» деген сөздің мағынасын енді түсініп жатырмыз. Оқуға түсіп, үлкен қалаға жаңа келіп жатқан талапкерлерді көргенде өзімнің студенттік шағым есіме түсіп, еріксіз езу тартамын. Қадірін білгендерге бұл бір ғажап кезең. Ең таза көңілдердің танысып, табысатын уақыты.
Ерболат САУРЫҚОВ, Халықаралық Тараз инновациялық институтының Президенті
Менің студенттік кезеңім 1989- 1994 жылдap apaлығындa өтті. Осы жерде нақтылап кететін бір жайт бар. Туған өлкем Мойынқұмда жүргенде «Физика», «Химия» пәндеріне таңдауым түсті. Бұл пәндер бойынша жоғары сыныптарда қаншама рет облыстық, республикалық олимпиадаға қатысып, жүлдегер атандым. Мұны балалық қателігім деуге келер ме екен, әлде сол кезде үлкендер жағынан дұрыс бағыт-бағдардың болмағандығы ма, әйтеуір мектепті тәмамдаған соң ауылдағы бір топ қыз-жігіттермен қосылып, Тараздағы Жaмбыл пeдaгoгикaлық инститyтына «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түстім. Математикалық бағыт пен филология саласының айырмашылығы жер мен көктей. Екеуі екі түрлі ғылым. Әрине маған алғашқы жылдары үйренісіп кету қиынға соқты. Дегенмен өзім жасаған таңдау болғаннан кейін кері шегінуге жол жоқ. Осы оқуға түскен соң мамандықтың қыр-сырын меңгеруім керек. Сөйтіп ынта-жігерім мен талпынысымның, Темірбай Мұқашев секілді білікті ұстаздарымның дәрісінің арқасында бес жылда қазақ тілі мен әдебиетінің нағыз маманы атандым. Оның ішінде «Түркітану» саласы бойынша аталмыш оқу орнын қызыл дипломмен аяқтадым. Төртінші, бесінші курста сол мамандық бойынша бірнеше мақалалар жазып, ғылымға кіріп, өзімнің жетекшімді пединституттан емес, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен таңдап алған болатынмын. Осылай атүсті таңдаған мамандықта оқығаныма еш уақытта өкінген емеспін. Студенттік кезде қанша айтсаң да жалықтырмайтын, күлкіге қарқ қылатын небір қызық оқиғаларды бастан өткересің ғой. Соның тек біреуіне ғана тоқталып өтейін. 1990 жылы 14 маусымда Зайсан өңірінде жер сілкінісі болды. Табиғи апаттың салдары жүрек ауыртарлық. Бұл тек Зайсанға ғана емес, Тарбағатай ауданына да үлкен соққы болып тиді. Көптеген ғимараттар, ауылдар қирап, қарапайым тұрғындар зардап шекті. Сол уақытта біздің Жамбыл облысынан 600-ге жуық баланы қайта құру жұмыстарына жіберді. Бізді деканымыз пойызға отырғызып, вокзалдан шығарып салды. Сенесіз бе, пойыздың ішінде не жастық, не көрпе жоқ. Есесіне қатты матрастар үйіліп жатыр. Амалсыз бір матрасты астымызға төсеп, біреуін жамылып, енді бірін екі бүктеп жастық қылып жаттық. Өзімізді құдды бір майданға аттанып бара жатқан жауынгерлердей сезінгенімізді қайтерсіз. Осылай қолайсыз жағдайда үш күн жол жүріп, межелі жерге жеттік. Бізді Өскемен қаласына 150 шақырым жетпей, Жалғызтөбе деген ауылдан тастап кетті. Ары қарай автобуспен алып кетті. Тарбағатай ауданындағы Ақжар деген ауылға келгенде 600 баланы әр бағытқа бөле бастады. Он екі бала Ақжарға қарасты Жалаңаш деген ауылға түстік.

Келесі мақала