Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРУ – МІНДЕТІМІЗ»

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРУ – МІНДЕТІМІЗ»
ашық дереккөз
«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРУ – МІНДЕТІМІЗ»
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күнінде мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, қазақ сыныптарына дәріс беретін ұстазбен танысудың сәті түсті. Облыс әкімінің «Тіл жанашыры» жүлдесінің «Тіл шебері» аталымымен марапатталған Тимур Семенов мемлекеттік тілде жатық сөйлеп, сауатты жаза білетін орыс этносының өкілі. Түркістан облысының Кентау қаласында туған ол 2013 жылдан бері облысымызда еңбек етіп келеді. Бүгінде Талас ауданы әкімдігі білім бөлімінің №1 мектеп-лицейі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген Тимур Юрьевич мемлекеттік тілді жетік білуімен қатар, төлқұж атына ұлтын «Қа зақ» деп жаздырған Отанына адал перзенттің бірі. Кейіпкеріміздің жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеудегі қызметі, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқан еңбегі бағаланып, көптеген марапаттарға ие болған. Солардың ішінде «Талас ауданына сіңірген еңбегі үш ін», «Қа зақстан мәслихаттарына – 25 жыл» медальдарын және Қазақстан Республикасы педагогтар Қоғамының шешімімен білім беру саласына қосқан елеулі үлесі үшін «Ұстаз» орденін иеленген жетістіктерін атап өтуге болады. Сондай-ақ математика пәні мұғалімдеріне арналған республикалық ПедСтарт қашықтық олимпиадасының жүлдегері, математика пәні бойынша I республикалық онлайн олимпиадасының жеңімпазы. Мұғалімдердің кәсіби шеберлігін, жан-жақтылығын арттыруды көздейтін республикалық байқаудан «Үздік педагог» та атанған. Сонымен қатар, «Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, оның қолданыс аясын кеңейту бағытындағы белсенділігі үшін» алған марапаты да бар.  Сегіз қырлы, бір сырлы жігітпен мемлекеттік тіл төңірегіндегі, бала тәрбиесіндегі білгенін көпшілікпен бөліспек ниетте сұхбаттасқан едік. – Мемлекеттік тілді қанша жасыңызда меңгердіңіз? – Түркістан облысының Кентау қаласында туып-өскеніммен Жамбыл облысының Талас ауданы, Қаратау қаласындағы лицей-мектепті бітірдім. Яғни көршілес жатқан қос облысқа теңдей тән болған перзентпін. Білесіздер, еліміздің оңтүстік өңірлерінде қазақылық өте жақсы сақталған. Ауылдастарым да, бала күннен бірге өскен достарым да қазақ тілді. Бәрі қазақша сөйлейді. Тіл үйренбеу мүмкін емес. Міне, осылай бала кезден ауызекі сөйлеуде қазақшаға тіл сындырдым. Тіл қатынас құралы болғандықтан да адамзатқа ең қажетті және үнемі қолданылатын, елеулі қазынасы деп білемін. Екіншіден, мен Қазақстанда өмір сүретін барлық адам ұлтына қарамай, Отанының тілін білуі керек деп ойлаймын. Әрине, көп тіл білу өзіңнің сапалы өмір сүруің үшін де қажет. Ал, тұрақты мекендейтін, өз Отаным деп білетін еліңнің тілін білмеу – үлкен қателік болар. Және қазір қазақ тілі – Қазақстанның мемлекеттік тілі. Егер осы елде өмір сүріп, өсіп-өркендеймін десеңіз, мемлекеттік тілін меңгеруіңіз керек дер едім барша отандастарыма. – Қазақ тілін үйрену қаншалықты қиын деп ойлайсыз? – Негізі қай тілді де үйрену оңай емес. Бастапқыда қиындықтарға кезігесің. Сөздердің атауларын жаттау да оңайға соқпайды. Бәрі де теориядан гөрі тәжірибе жүзінде жеңілірек ысылтады. Менің бірден тіл сындыруыма өскен өлкемнің халқы, достарымның көбі қазақтар болғаны үлкен септігін тигізді. Дегенмен, қазақ тілі көркем сөзге бай болғандықтан, әр сөздің синонимінің көптігі сөздікті түгел үйренуге қиындық туғызады екен. Тағы бір қазақ тілін үйренуде өзіме күрделірек болғаны – сөз соңындағы жалғау, жұрнақтардың жалғану реттілігі. Бір сөздің қолданысына қарай, сөйлемде өзге сөздермен байланысуына, дыбыс ықпалдастығына қарай өзгеріп отыратын жалғаулардан көп шатастым. Міне осы жақтары болмаса, қазақ тілін меңгеру шын ниеттенсең аса қиын емес. – Отбасыңызда ата-ана, бауырларыңыз, балаларыңыз мемлекеттік тілді қаншалықты біледі? – Үйде анам, әйелім, балам қазақ тілінде сөйлейді. Бір жағынан өзіміз кішкентай баламыз қазірден қазақша сөйлеп машықтана берсін деп үйде мемлекеттік тілде сөйлесеміз. Жұбайым Зарина Виталиевна мектепте ағылшын тілі пәнінен мұғалім болып еңбек етеді. Ол үшін үш тілдің де ешқандай ауыртпашылығы жоқ. Бір ұлымыз бар, есімі Дамир. Оны қазақы салтпен тәрбиелеп отырмыз. Себебі, оның болашағын біз осы елдің келешегімен баянды деп ойлаймыз. Сондықтан өзі өмір сүретін елдің тек тілін ғана емес, барлық салт-дәстүрін де біліп өскенін қалаймыз. Ұлымыз бір жасқа толғанда қазақы салтпен тұсаукесер рәсімін жасап, қадамына үлкендер бата беріп, тәттілермен шашу шашқан еді. Тұсауын сол кездегі Талас ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Күлшат Қожатаеваға ырымдап кестірдік. Халықтың ұғымында бүлдіршін алғаш қадам басарында тұсауын өсіп-өнген, ісімен ел-жұртының құрметіне бөленген адамға кестіру арқылы балаға сол кісінің жақсылығы дариды деген түсінік бар. Біз де осы дәстүрді жасадық. Шүкір, баламның болашақта жақсы азамат болатынына сенемін, қазірден-ақ айтқанды тез ұғатын зеректігін, іске пысықтығын байқаймын. Мұндай салт-дәстүрлердің, әдеп-ғұрыптардың астарында бата-тілекпен өрілген ізгі ниет жатыр. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген бар халық нанымында. Көп адамның тілегін алу – Жаратушыдан келер жақсылық деп білеміз. Ал, әкем Германияда. Ол кісі қазақша сөйлейді деп айта алмаймын. Тіл үйренудің өзі күнделікті қолданылатын тәжірибемен келетін дүние ғой. Жалпы адам баласына мейлінше бірнеше тілді меңгерген дұрыс. Ол өзіңе жарқын жол ашады. Кез келген ортада, елде жатсынбай емін-еркін жүріп, қалаған жұмысыңды жасауға да көп септігін тигізеді. Қадір Мырза Әлидің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген өлеңі дөп айтылған. – Төлқұжатыңызға ұлтыңызды «Қазақ» деп жаздыруға не себеп болды? – Төлқұжатына ұлтын «Қазақ» деп жаздырған өзге ұлт өкілі жалғыз мен емеспін деп ойлаймын. Себебі, қазақтың дархан даласы отбасыма, басыма пана болса, осында бақытты балалығым алаңсыз өтіп, қазір өзім де ұрпағымды осында өсіріп, нағыз достықты сезініп, Қазақстаннан бақыт тапсам, қалайша қазақпын демейін?! Асылы Османова апамыздың «Қазақтың нанын жеген тілін де үйренсін!» деген сөзі бар. Ал мен «Қазақтың даласынан пана, бақыт, адал достық тауып, ұрпағыңды сонда өрбітсең қалай қазақ болмайсың?» деп айтар едім. Мен осы түсініктемін. Сондықтан төлқұжатыма ұлтымды «Қазақ» деп жазғыздым. – Білім күнінде Президентіміз Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұдан сіз не ой түйдіңіз? – Бәріңізге белгілі, соңғы жылдары еліміз біраз сынаққа түсті. Түрлі оқиғалар орын алды. Халқымыздың бір басшыға сенім артып, бірлігін сақтай білгенінің арқасында шым-шытырық жағдайлардан аман өттік. Сынақтар – біз үшін сабақ. Соған қарай келер күнге нық басуға ой қорытамыз. Ал Президент Жолдауын жыл сайын халық ізгі іске түрткі болар тың бастамамен, жақсы жаңалықтарымен күтеді. Мен де осы елдің азаматы ретінде және мұғалім ретінде көп үміт күттім. Және сол күткендерім келді де. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолғы Жолдауын: «Біз «Азамат – бизнес– мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет ең алдымен бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады. Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады» деп бастап, мемлекеттің басты байлығы халқы, оның сапалы өмірі екенін нақты көрсетті. Реформалардың айқын бағыттарына тоқтала келіп, үшінші бағдарда «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» деп атап, халықтың денсаулығын жақсарту, балаларды сапалы біліммен, тәлімі терең тәрбиемен қамтудың ұтымды жолдарын айтты. Өзім орта білім беретін білім мекемесінде еңбек ететіндіктен білім саласына қатысты жаңа бастамаларды асыға күткен едім. Президентіміз «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады» деді. Барлық бала заман талабына сай білім алуға толық құқылы. Алайда, бізде ауылдағыға қарағанда қалалық балалардың бірнеше тіл үйреніп, жан-жақты өнерге бейімделіп, озық технологиямен білім алуға мүмкіндігі мол екені рас. Осы алшақтық жойылса, нұр үстіне нұр болар еді. Менің күткенім де осы болатын. – Бүгінде жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеумен айналысасыз, қазіргі балалардың тәртібі туралы не айтар едіңіз? – Әр бала өз үйінің тұңғышы немесе кенжесі, әйтеуір бір-бір үйдің еркесі болады. Әр отбасыда тәрбие әрқалай беріледі. Ұстаным, ұғымдары бөлек. Ал, баланың тәртібі отбасындағы өзіндік салтына, жағдайына, үлкендерінің іс-әрекетіне байланысты қалыптасады. Қазір жасыратыны жоқ, жас ата-аналар баланы қатты еркелетіп өсіреді. Кей кісілер тіпті «Баланы ұрмау керек» деп жатады. Әрине, төпелеп күнде ұрмайды ғой ешкім де кіп-кішкентай баласын. Дегенмен, шектен шығып бара жатса, өз ата-анасының бір шапалақ бергені ештеңе етпейді. Тіпті, әкенің қатты қабағымен, ананың мейірімімен тәрбиеленген балалар болашақта үлкен адам болып жатқанын көріп жүрміз ғой. Әке мен ана сөзін өтімді ете алуы үшін өзі аузынан шыққан сөзін жүйелеп, айтқан сөзін іс жүзінде орындай алатын, салмақты сөзімен, ұнамды ісімен өзін қадірлете білуі керек. Сонда бала да ұрғызатындай жағдайға жеткізбей, әке мен анадан, мектепте ұстаздан именетін болады. Сол арқылы жалпы жасы үлкен адамдарды иіліп сыйлай білетін жақсы қасиетке ие болады. Сондықтан, қазіргі бала тәрбиесіне біздің кезіміздегідей кішкене қаталдық керек деп ойлаймын. Өмір болған соң кейде қынжылтатын жайттар кездеседі. Оның салдарын үлкендердің қателігі дей беруге де болмас. Кім өз баласының жаман болғанын қалайды дейсіз. Күрделі жағдайларда баланың да ойын тыңдаған жөн. Үлкендер тек «мен білеміндікке» баса бермей, баламен де санасып отырса, жан-жақты келісім болған жерде ештеңе ушықпайды. – Бүгінгі қоғамның бет-бейнесі жөнінде азаматтық пікіріңіз қандай? –  Қазіргі уақыт бәсекенің қызған шағы секілді көрінеді маған. Қай салада болса да адамдар істің жаңа тәсілін, тиімді тұсын табуға тырысады. Көпшілікті жаңа дүниемен қызықтыруға барын салуда. Және қазір барлық істе талап та күшейген. Әрине, бұл жақсы. Бәсеке бар жерде сапа да болады. Алайда, ол адамдарды жұмысбастылыққа салып, үйдегі балалардың тәрбиесі тыс қалып жатқандай. Адамдарға тек қызметкер деп қарамай, бір шаңырақтың отағасы, отанасы деп те көңіл бөлген жөн деп ойлаймын. Себебі, азаннан кешке дейін әке мен ана жұмыста. Баланың аты бала ғой, үлкендердің қадағасы болмаса, ойына келгенін жасайды. Оған қоса, қазір интернет кеңістігінің әбден дамыған кезі. Ал, ол ғаламторыңызда неше түрлі ақпарат толып жатыр. Жақсысы да, жаманы да бар. Бала көргеніне еліктейтін аңғал ғой. Ненің керек, ненің керек еместігін біле бермейді, ондайдың парқына бармайды. Жылтырағанға қызығады. Соның салдарынан жағдай жаға ұстатып, шошытарлықтай жиі көрініс беріп жатыр. Оның соңында қоғамда қаталдық, адамдардың бір-біріне сенуден қалуы белең алып барады. Адамдар арасындағы сенім жоғалды дегенше, мейірім кетті дей беріңіз. Ал мейірім болмаса, тұрмыстың тұралағаны. Өйткені, өмірдің тұтқасы жан жылуында, мейірім-шапағатта. Адамдар арасындағы сенімнің азаюы адами құндылықтарды, ар мен ұятты да селдіретіп жіберді. Бұрынғы үлкендердің «Қой, ұят болады. Обал болар. Олай етсең, жаман болады» деген тыйымдық тәсілдері тиімділігін көрсетті ғой. Біздің қазіргі қоғамға да осындай тыйым керек. Обал-сауапты, ар-ұятты ұғынған жан жамандыққа бармайды. Қазақта ұят өлгеннен де ауыр екенін жеткізетін «Өлімнен ұят күшті» деген жақсы нақыл бар. Осыны баланың санасына бүлдіршін кезінен әбден сіңірсек, ол ойланбай әрекет етпейді. Ұятқа қалдыратын іске бармайды. – Әңгімеңізге рақмет!

Қамар Қарасаева

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар