Олимпиада 4-7 сәуір аралығында өтті. Дарынды балаларды анықтап, оларды қолдауды мақсат тұтқан сайыстың қорытынды кезеңіне 270 оқушы қатысты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 91 оқушы, орыс мектептерінде оқытылатын қазақ тілі мен әдебиетінен 86 шәкірт бақ сынаса, Қазақстан тарихы бойынша 93 білімгер қатысып, 121 жүлдені сарапқа салды.
Марапаттау салтанатында сөз алған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков шәкірттерге ақ тілегін арнап, сәттілік тіледі.
– Құрметті оқушылар, сіздер, еліміздің ертеңі, ұлтымыздың үмітісіздер. Бүгінгі бағындырған биіктеріңіз бен қол жеткізген жетістіктеріңіз болашақтағы үлкен жеңістердің бастауы деп білемін. Білімге деген құштарлықтарыңыз бен ізденіске толы қадамдарыңыз ешқашан толастамасын. Республикалық деңгейдегі додаға қатысып, осынау белесті бағындырудың өзі – үлкен жеңіс. Әрқайсысыңыздың талпыныстарыңыз бен жетістіктеріңіз – тәуелсіз еліміздің жарқын болашағының көрінісі. Егемен еліміздің көк байрағын биікте желбірететін білімді де білікті азамат болып өсе беріңіздер. Әрдайым биік белестерді бағындырып, асулардан мүдірмей өтулеріңізге тілектеспіз! – деді басқарма басшысы.
Білім бәйгесінде бағын сынаған жамбылдық оқушылар арасында Тараз қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияның 11-сынып оқушысы Саматбек Қошқарбаев та бар. Ол қазақ тілі пәнінен үздік нәтиже көрсетіп, өзге дарынды өрендер арасынан озық шықты.
– Мен сегізінші сыныпта оқып жүрген кезімнен бастап қазақ тілі пәні бойынша түрлі білім бәйгелеріне қатысып келемін. Биылғы республикалық дода мен үшін бағымды сынап, білімімді саралайтын үлкен мүмкіндік болды. Олимпиада барысында қазақ тілі пәнінің төрт дағдысы, атап айтқанда, оқылым, жазылым, тыңдалым және айтылым бойынша күрделі тапсырмаларды орындадық. Әрине, бұл деңгейге жету оңай болған жоқ. Алдымен қалалық және облыстық кезеңдерден мүдірмей өтіп, жолдама алдым. Жарысқа дейін тыңғылықты дайындалып, көп іздендім, білімімді шыңдадым. Шыны керек, бұл сайыс мен үшін үлкен өмірлік тәжірибе болды. Төккен тер мен қажырлы еңбектің өтеуі ретінде бүгін алтын медаль иегері атандым. Бұл жеңісімді ұстаздарым мен ата-анамның үмітін ақтау жолындағы алғашқы белесім деп білемін, – деді ол.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Оқу ағарту министрлігінің І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Атап айтқанда, 24 оқушы І орын, 38 оқушы ІІ орын, 59 оқушы ІІІ орын иегері атанды.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ




