Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қайдасың, ойлы оқырман?

Қайдасың, ойлы оқырман?
Егемен Қазақстан
Қазақтың қазыналы көркем әдебиетін парақтап отырсаң, кейбір әңгіме барысында «қарайып қалдым» деген сөз кездеседі. Бұл тіркес адамның оқудан алыстап кеткенін білдіреді. яғни бұрын адамдар газет-журнал, кітап оқушы еді. Содан екінің бірі сөйлегенде мақалдап, мәтелдеп, астарлап сөйлейтін әрі ол жалпыға түсінікті болатын.

Қайдасың ОЙЛЫ ОҚЫРМАН?

Қазір де оқырман қауым бар. Бірақ бүгінгі тіл барынша қарапайым, барынша ұғынықты болуы керек. Әрі ә дегеннен қызықтыра алмасаң, еңбегің еш кетеді. Әрине, бұл – заман талабы. Қазіргі әдебиет те, БАҚ та барынша жаңа дәуірдің сұранысына бейімделіп-ақ келеді. Телеарналар, газет-журнал, сайттар барынша түсінікті тілмен ақпарат таратуға тырысады.

 Газет-журнал, кітапты қойғанда, елдің назары көгілдір экраннан да алыстағалы біраз жыл болды. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін телефонға телміріп, әлеуметтік желідегі «Instagram», «TikТok»-ты ақтарады да жатады. Тіпті 1 минуттық бейнежазбаны көріп болғанша көптің сабыры сарқылып бітеді.

Расында да бүгінде телеарна көріп, газет-журналға жазылатындардың саны азайды. Мәселен, қалалық, облыстық, республикалық газеттердің таралым саны 2-3 мыңнан басталса, мақтағаны 10-15 мыңнан әрі аспайды. Әрі кетсе кейбір газеттің таралымы 20 мыңға барар. Ал 20 миллион халқы бар еліміз үшін бұл – өте төмен көрсеткіш. Демек, оқу мәдениеті бізде жоқтың қасы. Ал блогер, тиктокерлердің парақшаларындағы оқырман санына таңдайыңды еріксіз қағасың. Мыңдаған, миллиондаған адамдар біреудің не істеп, не жеп жатқанынан, қайда жүріп, қашан қайда баратынынан хабардар болып отырады.

Осы ой жетегімен қолға қалам алу барысында біз балалық шағы технологиялық тамашасыз, кітап, газет-журнал арқылы мәнді өткен азаматпен тілдестік. Құрманбек Әбдіраймен пікірлескенімізде ол бізге балалық шағынан сыр шертіп, өз ойын бүкпесіз баяндады.

– Менің кітап оқуға деген құштарлығым мектеп қабырғасында қалыптасты. Ең алғаш оқыған туындым – Бауыржан Момышұлының «Адам қайраты» атты кітабы. Әрине, мектеп табалдырығын аттағанға дейін-ақ ата-әжеміздің аузынан талай ертегі мен аңыз-әпсаналарды тыңдап өстім. Ол кездің өзіндік бір тамаша дәстүрі бар болатын. 23 ақпан – Кеңес одағы әскері мен теңіз флоты күнінде қыздар қауымы бізге міндетті түрде кітап сыйлайтын. Оған дейін батырлар жырын, «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» дастандарын күйтабақтан тыңдап ержеттік.

Жүніс есімді атам өте еңбекқор жан еді. Бақшада жүргенде бір жүйектің шөбін тазалап болғанша Абай атамыздың сырлы өлеңдерінен бір шумақ жаттататын. Сол өлеңдер әлі күнге дейін жадымда. «Абайды жаттасаң, сен қалай қисық жүремін десең де, ол кісінің өлеңі алдыңнан шығып, жол нұсқап тұрады» деуші еді, жарықтық. Расында да өмір жолымда кездескен неше түрлі қиындықтарда сол 8-12 жасар бала кезімде атам жаттатқан жырлар зор көмегін тигізді.

Сол кездері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері әр демалысқа шыққанда оқитын кітаптардың тізімін беретін. Соның арқасында балалық және бозбалалық шағымызда қазақ әдебиетінің классиктері мен әлемдік тұлғалардың бірсыпыра туындыларын оқып үлгердік. Мектепті жақсы оқығаныммен, түрлі себептерге байланысты бірден оқуға түсе алмадым. Нақты айтқанда, жігіттік өміріміз 1990 жылдардағы тоқырау кезеңімен тұспа-тұс келіп, бар күш-жігеріміз отбасын асырауға арналды. Күндердің күнінде, 2000 жылдардың басында бүгінде балалар әдебиеті мен тұлғатану бағытында танымал болған ағартушы Санжар Керімбай мені және мен секілді ауылда қалып, оқуға түсе алмай жүрген жігіттердің басын қосты. Алматыдағы математика, тарих, әдебиет, география пәндерінің мұғалімі болып жүрген достарын ауылға алдыртып, «осы жігіттер болашақта халыққа риясыз қызмет ететін болады» деген сеніммен бізді «тестке» дайындады. Осылайша 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстік. Оқу орнын өте жақсы аяқтап, қазір әрқайсысымыз әр салада маман ретінде қызмет етіп жатырмыз. Шәкәрім атамыз айтқандай, «Адамдық борышың – халқыңа қызмет қылу» екенін өмірдің өзі дәлелдеп келеді, – деді ол.

Сондай-ақ ол балаларға бағыт-бағдар сілтеу, олардың жақсы азамат болып қалыптасуына ықпал ету аға буынның міндеті екенін еске салды.

– Өзіміз бастан өткерген дәстүрді жалғастыру мақсатында үш жыл бұрын «Өркениетті адам» кітап клубын аштық. Бұл клубтың ерекшелігі – әр екі апта сайын адамның рухын қайрауға, ар мен ұят алдындағы жауапкершілікті сезінуге, қоғамдағы келеңсіз оқиғалардың алдын алуға бағытталған құнды дүниелерді талқылаймыз. Ашылғалы бері тұлғатану бойынша 4 кітаптың тұсауын кесіп, мыңдаған адамның басын қосып, таныстырулар ұйымдастырдық. Меніңше, үлкен буын кішіні «кітап оқымайды» деп, ал кіші буын үлкенді «креативті ойланбайды» деп кінәлағанша, бірігіп ел болудың қамына кіріскен дұрыс. Осы ретте айтар ұсынысым, мектептің 8-11-сыныптары арасында Қаныш Сәтбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Жұмабек Тәшенов секілді тұлғалар мен Бейсен Құранбектің өмір өнегесі жазылған кітаптарды оқуды сайыс ретінде ұйымдастырсақ игі. Ал бастауыш сыныптарға жаңылтпаш, жұмбақ, санамақ пен экософиялық мәні бар кітаптарды осы бастан оқытып, қоршаған ортаға жанашырлығын арттырсақ, мектеп, колледж, тіпті әскери ортадағы әлімжеттік пен буллинг мәселесі өздігінен тыйылар еді. Қорыта айтқанда, кім қай салада болса да «Өнер алды – қызыл тіл» деген принциппен әр қазақ бір-бірімен адам ретінде мәдениетті қарым-қатынас орнатса деймін. Өзім инженер болсам да Жаратқан амандық берсе, елге риясыз қызмет етуді басты басымдық деп білемін. Біздің облыс бүкіл Қазақстанға әдеп пен инабаттың үлгісін көрсететін өңірге айналсын деп тілеймін, – деді Құрманбек Әбдірай.

Уақыт қанша алға жылжығанымен, кітап адамның адал досы, ақылшысы, ал кітапхана жанға тыныштық сыйлайтын мекен болып қала бермек. Бұл тұрғыда біз де өңірдегі ең ірі руханият ордасының жұмысына тоқталғанды жөн көрдік. Осылайша Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Әбдиновамен тілдескен едік. Ол өңірде ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты.

– Бүгінгі кітапхана заманауи ақпараттық технологиялар мен ұлттық құндылықтар тоғысқан үлкен мәдени-ағартушылық орталықтың рөлін атқарып отыр. Осы жылдың бірінші тоқсанында біздің ұжым оқырмандардың рухани сұранысын қанағаттандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді. Нақтырақ айтсам, кітапхананың негізгі байлығы – оның қоры. Қазіргі таңда мекемемізде 274 261 дана кітап сақталса, оның 96 мыңнан астамы мемлекеттік тілде. Сандарды сөйлетсек, биыл 67 іс-шара ұйымдастырылып, офлайн және онлайн форматта 66 мыңнан астам оқырманды қамтыдық. Әсіресе цифрландыру бағытындағы жұмыстарымыз жаңа белеске көтерілді. 2025 жылдан бастап іске қосылған «Aulieata library» мобильді қосымшасы бүгінде 127 автордың 328 электронды кітабын халыққа қолжетімді етіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жасанды интеллект – заман талабы. Біз осы технологияны әдеби мұраларымызды насихаттауға жұмылдырдық. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолы», Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» секілді шығармаларын ЖИ мүмкіндіктерімен көркем бейнелеп, жас оқырманға жаңаша ұсындық.

Сонымен қатар «Қасиетін жоймаған құнды басылымдар» және «Шоқан асулары» жобалары аясында сирек кездесетін 363 басылымды цифрлық форматқа өткіздік. Өлкелік баспасөз мұраларын сақтау мақсатында 22 мыңнан астам газеттің электронды нұсқасын жинақтадық. Бұдан бөлек «Ел болып оқимыз» жобасы аясында өңірімізде 112 іс-шара өтіп, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мұрасы жан жақты дәріптелді. Сондай-ақ «Бір ел – бір кітап» акциясымен Қабдеш Жұмаділов шығармашылығын, жергілікті қаламгерлер Олжас Отар мен Сақыпжан Аймаханқызының туындыларын насихаттауға баса назар аудардық. Біздің мақсатымыз – кітапхана қорындағы бай мұраны цифрландыру арқылы болашаққа аманаттау және өңір тұрғындарының кітап оқуға деген ынтасын заманауи тәсілдермен арттыру, – деді Эльмира Елеусізқызы.

Кітап демекші, кітап оқитын жастардың қатары біртіндеп болса да артып келеді. Әлеуметтік желіде қазақ әдебиетінің түрлі туындылары талқыға түсіп жатқанын көргенде марқайып қаласың. Білімқұмар жастардың қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті Әділет Медерқұлов та бар. Оның жақсы әдетті жанына серік етуінің сырын өзінен сұрап білген едік.

– Менің түсінігімде, кітап оқу – тек жеке тұлғалық даму емес, ол – ұлттық рухты оятатын басты құрал. Өзім М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша дәріс аламын. Болашақ ұстаз болғандықтан бала санасына білім нәрін сеуіп қана қоймай, Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыруға үлес қоссам деген асыл арманым бар.

Кітапқа деген алғашқы махаббатым мектеп қабырғасында, 7-сыныпта басталды. Әдебиет пәнінен сабақ берген ұстазымның талапшылдығы мен сөзге деген ұсталығы қатты әсер етті. Ең алғашқы оқыған әрі қайталап оқудан жалықпайтын туындым – Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы. Бұл шығармадағы туған жерге деген сүйіспеншілік пен замана ағысындағы әділетсіздікке қарсы тұрған рух менің де жүрегімде кітапқа деген ерекше құштарлықты оятты.

 Бүгінде мен бір мезетте бірнеше жанрды қатар оқығанды ұнатамын. Тарихи танымды кеңейту үшін Алаш қайраткерлері мен батырлардың өмірін зерттесем, рухани кемелдену үшін діни әдебиеттер мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянына үңілемін. Сонымен қатар Махамбет Өтемісұлы, Мағжан Жұмабаев сынды отты ақындардың жырлары мен Дулат Исабековтің «Гауһартас» секілді классикалық прозаларын жаныма серік етемін. Кітап оқудың пайдасы шексіз. Мен бұрынғы және қазіргі кезімді салыстыра отырып, ішкі әлемімнің айтарлықтай өзгергенін сезінемін. Тіпті өмірде кездесетін түрлі түйткілдерді шешуде кітаптағы даналық ойлар мен кейіпкерлердің тағдыры үлкен сабақ болады. Күндіз сабақта, ал түнде жұмыста болсам да кітап оқуға уақыт табамын. Тіпті, айына кітап сатып алуға 15-20 мың теңге көлемінде қаражат жұмсаймын.

Қазіргі жастарға, замандастарыма айтарым, өмірден өз орныңды табу үшін, ең алдымен, білімге жүгіну керек. Кітап оқуды күніне небәрі 10 минут уақыт бөлуден бастаған жөн. Дәл осы аз ғана «тәртіп» уақыт өте келе адамның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Болашақта өзім де жастарды тура жолға бастайтын, тәрбиелік мәні терең прозалық туындылар жазып, ел игілігіне қызмет етсем деймін, – деді Әділет.

Бүгінде кітап дүкендерінің дәурені жүріп тұр десек, жаңылмаспыз. Жеке кітапхана жасақтау әдісі әлі де үзілген жоқ. Осы орайда атақты «Кітап ал» дүкендер желісінің Тараз қаласындағы дүкенінде еңбек ететін сатушы Тоқжан Мәжитоваға хабарласқан едік. Оның айтуынша, кітап оқымайды деген сөз жаңсақ көрінеді.

– Бүгінгі таңда «кітап оқымайды» деген жаңсақ пікірдің тас-талқаны шығып жатыр. Күнделікті жұмыс барысында біз мүлдем бөлек көріністі көреміз. Бірі баласын қолынан жетектеп, рухани азық іздесе, бірі классиканы сағынып келеді. Біздің тұрақты оқырмандарымыздың 60-70 пайызы 30 жастан асқан буын. Бұл – қалыптасқан, саналы түрде кітап таңдайтын оқырман шоғыры. Әсіресе ата-аналардың балаларына кітап таңдатып, олардың талғамын қалыптастыруға тырысқаны көңіл қуантады. «Қандай кітап оқығың келеді?» деп баласына бағыт-бағдар беріп жүрген әке-шешелерді көргенде болашаққа деген сеніміміз нығая түседі. Ал студент жастар бұл жаққа аз келеді. Бәлкім, бұл шәкіртақының жетіспеуі немесе уақыттың тығыздығынан болар. Бірақ біз бұл мәселенің де шешімін таптық. Біздің дүкенде кез келген кітапты тегін оқып отыруға болады. Білімге ұмтылған жастың жолында қаржылық кедергі болмауы тиіс деген ұстанымдамыз.

Соңғы уақытта жастар арасында қазақтың классикалық әдебиетіне деген қызығушылық күрт артты. Әсіресе Дулат Исабековтің шығармалары – нағыз «хит». «Қарғын», «Гауһартас», «Сүйекші» сынды туындылары дүкен сөресіне түскен бойда, бір айға жетпей таусылып қалады. Бұл – жастардың шынайы сезім мен терең прозаны іздейтінінің айқын дәлелі. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі мен тұлғасын тануға арналған еңбектер үнемі жоғары сұраныста. Өзін-өзі дамыту бағытындағы «Атомные привычки» секілді әлемдік бестселлерлердің орыс тіліндегі нұсқасын іздеп келетіндер көп. «TikTok», «Instagram» әлеуметтік желілерінде тренд болған махаббат хикаялары мен жеңіл жанрларға жас буынның аңсары ауып тұрады. Біздің ардақты аға-апаларымыз бен зиялы қауым өкілдері көбіне тарихи-танымдық дүниелерді таңдайды. Сайын Мұратбеков пен Мұхтар Мағауин – олардың сүйікті авторлары. Сондай-ақ Өзбекәлі Жәнібеков, Қаныш Сәтбаев туралы еңбектер мен «Ұлы дала тарихына» қатысты зерттеулер үлкен буынның үстел үсті кітабына айналған. Біздің дүкеннің есігі әрбір оқырман үшін ашық. Біз тек кітап сатып қана қоймаймыз, оқырман мен автордың, өткен мен болашақтың арасындағы алтын көпір болғымыз келеді. Кітап оқитын қауымның бары – біздің ең үлкен жетістігіміз, – деді ол.

Өткен жылы өңірде «Ой шебері» зияткерлік ойыны бастау алған болатын. Білім ордаларындағы жастарды кітап оқуға баулуға бағытталған жоба биыл да өз жалғасын табуда. Осы игі бастамаға мұрындық болғандардың бірі – қоғам белсендісі Исламбек Дастанмен сөйлескен едік. Оның айтуынша, байыпты бастаманы қолға алу барысында ауқымды жұмыстар атқарылған екен. Алдағы уақытта да жобаның аясы кеңеюі мүмкін.

– Бүгінге дейін екі маусымның қорытындысы бойынша жобамызға 20 мыңнан астам адам қатысып, 250-ден астам туынды оқылды. Ерекше атап өтерлігі, оқылған дүниелердің 90 пайызы – өз өлкеміздің мақтаныштары, жергілікті ақын-жазушыларымыздың қаламынан туған еңбектер. Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртаза сынды алыптардан бастап, Әкім Тарази, Күләш Ахметова, Елен Әлімжан, Көсемәлі Сәттібайұлы, Шырын Мамасерікова, Қуандық Шолақ және Хамит Есаман секілді қаламгерлеріміздің шығармалары жас буынның рухани азығына айналды.

Бұл бастама аймақтағы оқу мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосады деп сенемін. Егер өскелең ұрпақ кітап оқуды күнделікті әдетке айналдырып, ондағы тағылымды өмірлік бағдарына алса, мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз. Өйткені «кітап оқыған бала ешқашан жерде қалмайды». Шығарма кейіпкерлерінің тағдыры мен тағылымы жастарға сын сағаттарда дұрыс шешім қабылдауға үлкен септігін тигізеді.

Бүгінде біздің зияткерлік сайысымыз ауқымды үш бағытты қамтып отыр. Нақтырақ айтқанда, жалпы білім беретін мектеп оқушылары, дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім ордалары және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары жобаның басты қозғаушы күшіне айналды. Алдағы уақытта оқырмандар қатарына ұстаздар қауымын, ересектерді және жалпы жастарды қосуға ниеттіміз, – деді Исламбек Дастан.

Оқу инемен құдық қазғандай десек те, кітап оқу – адамның рухани байлығының кепілі. Дегенмен заманымыздағы қалталы азаматтар мен жетістікке жеткен жанкештілердің баршасының ортақ әдеті – оқу мен ізденістен қол үзбеу. Асыл дініміздің мәйегі – қасиетті Құран аяттарының алғаш түскен «Алақ» сүресінде «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен!» деп өрнектелуінің өзі ғибрат аларлық жайт болса керек.

Мамандардың айтуынша, күніне 100 бет оқу міндет емес, шама-шарқыңызша 5-10 минут кітап оқуды бастаңыз. Соны әдетке айналдырып, игілігін көруге болады. Еліміз дамысын десек, әуелі өзіміз кітап оқып, жақсы әдеттерді бойымызда қалыптастыруымыз керек!

 Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар