Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тотықұс өсіру табысты кәсіпке айналды

Тотықұс өсіру табысты кәсіпке айналды
Ашық дереккөз
Соңғы жылдары елімізде экзотикалық құстарды үй жағдайында асырау белең алып келеді. Әсіресе тропикалық тотықұстарға деген қызығушылық артып, оларды тек ермек үшін ғана емес, табыс көзі ретінде өсірушілер көбейген. Қала тұрғындарының табиғаттан алыстап бара жатқан өмір салты да осы үрдіске әсер етуде. Көпқабатты үйлерде тұратын адамдар үшін кішкентай тіршілік иесін асырау – бір жағынан, тыныштық пен эстетикалық ләззат сыйласа, екінші жағынан, балаларға тәрбие берудің тиімді жолы. Бұл кәсіптің ерекшелігі – экономикалық тиімділігімен қатар, эстетикалық, тәрбиелік және әлеуметтік мәнінің жоғары болуында.

Осы бағытта табысты еңбек етіп жүргендердің бірі – Тараз қаласының тұрғыны Нұржан Нұрмаханұлы. Ол ерекше кәсіпті небәрі бір жыл бұрын бастағанымен, бүгінде 200-ден аса тотықұсты баптап отыр. Кәсіпкер құстарға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы құсхана салыпты. Құсхана ішіне әр құстың түріне қарай жеке торлар орналастырылып, олардың жайлы тіршілігі үшін барлық жағдай жасалған.

 Нұржан бұл кәсіпті бастау үшін мемлекеттен 1,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, өз жобасын сәтті қорғап шыққан. Айтуынша, бұл қаражат бастапқы кезеңде үлкен көмек болған. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, құстардың алғашқы партиясы әкелінген.

– Бұл іске бала кезден қызығушылығым ерекше болды. Себебі әкем де құс өсірумен айналысқан адам еді. Кішкентай кезімнен бастап олардың қалай өмір сүретінін, қалай қоректенетінін, мінездерінің қаншалықты әртүрлі болатынын бақылап өстім. Сол кезде-ақ болашақта осы бағытта өз кәсібімді бастасам деген ой қалыптасты. Уақыт өте келе қызығушылығым нақты іске ұласып, алғашында небәрі 15 құспен бастасам, бүгінгі күні олардың саны 200-ден асты. Тіпті нақты санын айта алмаймын. Өйткені санап шығу мүмкін емес, – дейді кәсіпкер.

Қазіргі таңда оның құсханасында корелла, амадина, розелла, пенант секілді тропикалық құстардың 10-ға жуық түрі бар. Әр құстың күтімі мен өсіп жетілу ерекшелігі әртүрлі. Мәселен, ұсақ құстар жұмыртқадан 12 күнде шығып, 45 күн ішінде жетілсе, ірі түрлері баяу өседі екен. Бірақ өмір сүру ұзақтығында белгілі бір айырмашылық бар. Негізі тотықұстар 15-25 жыл өмір сүрсе, кейбір ірі түрлері 100 жылға дейін тіршілік ете алады.

– Жалпы бұл кәсіп сырттай қарағанда оңай көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Олардың тамақтануы, суының тазалығы, отырған орнының жайлылығы – бәрі-бәрі маңызды. Егер осы талаптардың бірі сақталмаса, құстардың денсаулығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан күнделікті таңертең және кешке құсхананы толық қарап шығып, әрқайсысының жағдайын бақылап отырамын. Жемдерін уақытында беріп, суын ауыстырып, тазалықты қатаң қадағалаймын. Кейде бір құстың мінезі өзгерсе де бірден байқап, себебін анықтауға тырысамын. Өйткені олар тілсіз болғанымен, өз жағдайын мінезі арқылы білдіреді, – дейді Нұржан.

Құстардың негізгі азығы – сұлы, бидай, жүгері және арнайы дәруменге бай жемдер. Сонымен қатар қызыл және сары тары, қара шемішке де рационға қосылады. Бір құсқа тәулігіне шамамен бір ас қасық жем жеткілікті.

 – Құстарды көбейту кезінде, ең бастысы, олардың денсаулығын сақтауды назарда ұстаған жөн. Кейбір адамдар мүмкіндігінше көп балапан алу үшін үш рет жұмыртқа басқызып жатады. Бірақ ондай тәсілді құптамаймын. Себебі құстарға ауыр тиеді. Сондықтан жылына екі рет қана жұмыртқа басқызамын. Әр балапан біз үшін маңызды, оларды асығыс емес, сапалы түрде өсірген дұрыс деп есептеймін. Кейде аз болса да сапалы, дені сау құстар өсірген әлдеқайда тиімді, – дейді ол.

Қазіргі таңда тотықұстарға деген сұраныс тек Тараз қаласында ғана емес, Шымкент пен Алматы қалаларында да жоғары екен. Әлеуметтік желілер арқылы да тапсырыс берушілер саны артып келеді. Бағасы құстың түріне байланысты әртүрлі. Қарапайым түрлері 4 мың теңгеден басталса, сирек кездесетіндері 60 мың теңгеге дейін жетеді.

– Көбінесе көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын ата-аналар хабарласып жатады. Олар балалары табиғатқа жақын болсын, тірі жанға қамқорлық жасауды үйренсін деп тотықұс сатып алады. Шынымен де бала құсқа жем беріп, суын ауыстырып, оның тазалығына көңіл бөліп жүріп жауапкершілікті сезіне бастайды. Сонымен қатар қазіргі заманда балалардың көбі телефонға тәуелді болып бара жатыр ғой. Ал үйде осындай кішкентай тіршілік иесі болса, бала соған көңіл бөліп, уақытын пайдалы өткізеді деп ойлаймын.

Өз тәжірибемде байқағаным, егер тотықұсты кішкентай кезінен бастап қолға үйретсең, ол адамнан қорықпайды, керісінше, иесіне бауыр басып кетеді. Тіпті кейбіреулері еркін ұшып барып, қайтадан иесінің иығына қонып жатады. Ол үшін құспен тұрақты түрде жұмыс істеу керек. Мысалы, мен көбіне жем бергенде бір киіммен кіруге тырысамын. Сонда құстар танып үйренеді. Ал әртүрлі киіммен кірсең, шошып, мазасызданып, ары-бері пырылдап ұшып жатады, – дейді Нұржан.

Тотықұстардың мінезі де әртүрлі. Мәселен, бұйра тотықұс шулы әрі белсенді болса, корелла сабырлы келеді. Құстарды жеке де, жұбымен де, шағын топпен де асырауға болады. Дегенмен ірі құстардың ұсақтарына зиян келтіруі мүмкін екенін ескерген жөн.

– Әр құстың өз мінезі бар, кейбіреулері өте белсенді, үнемі қозғалыста жүрсе, ал кейбіреуі тыныш, сабырлы келеді. Мысалы, корелла көбіне тыныш отырады, бұйра тотықұстар, керісінше, көп дыбыс шығарып, үнемі қозғалып жүреді.

 Амадиналар да ерекше сұранысқа ие. Олар – тропикалық аймақтарда мекендейтін, шағын әрі әдемі декоративті құстар. Амадиналар – кішкентай, бірақ өте әдемі әрі күтімге ыңғайлы құстардың бірі. Олардың түрлі-түсті қауырсындары мен нәзік дауысы көп адамның көңілінен шығады әрі олар тез үйренеді. Сондықтан үй жағдайында ұстауға өте қолайлы деп есептеймін. Әсіресе алғаш рет құс асырағысы келетіндерге осы түрін жиі ұсынамын, – дейді кәсіпкер.

 Кәсіпкердің айтуынша, ірі тотықұстардың ішінде ара мен какаду секілді түрлері өте ақылды әрі сезімтал келеді, алайда олардың бағасы жоғары болғандықтан әзірге мұндай құстарды өсіру жоспарында жоқ.

– Болашақта кәсібімді кеңейтіп, сирек кездесетін, ірі тотықұс түрлерін де әкелгім келеді. Бірақ оған белгілі бір тәжірибе мен қаржылық мүмкіндік қажет. Олардың күтімі де күрделі. Сондықтан қазіргі таңда бар құстарымды сапалы көбейтіп, осы бағытты толық меңгеріп алғанды жөн көріп отырмын. Тәжірибе жинақтап, кейін үлкен жобаларға көшемін деген жоспар бар, – дейді Нұржан.

Биылғы жылы кәсіпкер шамамен 50-60 тотықұсты саудалаған. Әзірге аса үлкен табыс болмаса да, бұл істен бір адамның жалақысына жететін тұрақты кіріс табуға болады. Сонымен қатар бұл кәсіп оған рухани ләззат сыйлайды.

– Шынымды айтсам, бұл мен үшін жай ғана табыс көзі емес, сүйікті ісім. Кейде шаршап келгеннің өзінде құстарды бақылап отырып демаламын, – дейді ол.

Тотықұс өсіру – тек табыс көзі ғана емес, табиғатпен үндесіп, эстетикалық ләззат сыйлайтын, сондай-ақ бала тәрбиесіне оң ықпал ететін ерекше кәсіп түрі. Мұндай бастамалар өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына да тың серпін беретіні сөзсіз. Сонымен қатар бұл бағыт адамдарды табиғатқа жақындатып, тірі жанға деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.

Айжан Өзбекова

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар