Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы оңалмай тұр

Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы оңалмай тұр
Abai.kz
Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Серік Жақсылықұлы алдымен комиссияның өткен жылы атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталды. Айтуынша, есепті кезеңде комиссияның 4 отырысы өтіп, онда 12 өзекті мәселе қаралған. Осы жиындардың қорытындысы бойынша жауапты тұлғалар мен мекемелерге 50 түрлі тапсырма беріліпті. Оның төртеуі ұзақмерзімді, 30-ы қысқамерзімді болса, тағы төртеуі тұрақты негізде орындалуы тиіс болған. Хаттамалардың орындалу барысына жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде бірқатар олқылық анықталыпты. Мәселен, облыстық полиция департаментіне штаттық бірліктермен қамту және тиісті ақпараттарды ұсыну бойынша жүктелген міндеттер әлі де орындалуды қажет етеді. Сондай-ақ кинотеатрлар мен әлеуметтік желілерде арнайы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты бейнероликтер орналастыру, рейдтер жүргізу туралы тапсырмалар облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мен жергілікті әкімдіктер тарапынан тиісті деңгейде орындалмай отыр екен. Бұдан бөлек облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы мен жергілікті әкімдіктерге агрессорлармен медициналық мекемелер деңгейінде жұмыс істеу тапсырылғанына қарамастан бұл бағыттағы жұмыстардың сапасы төмен болып қалуда. Сол секілді облыс әкімдігі білім басқармасы тарапынан ата-аналар комитеттеріне нормативтік құқықтық ақпараттарды тарату және түсіндіру жұмыстары да ақсап тұр. Сонымен қатар аталған екі басқармаға колледждер мен орта білім беру ұйымдарында ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында семинарлар мен кездесулер өткізу тапсырылыпты. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар да толыққанды жүзеге аспаған.

Серік Жақсылықұлы бұл тапсырмалардың жеке адамның емес, комиссия мүшелері мен қоғам өкілдерінің ортақ шешімі екенін қадап айтты. Ол аталған іс-шаралардың бірреттік науқан емес, тұрақты бақылауда болатын жүйелі жұмыс екенін ескертіп, жауапты мекемелерді бекітілген саяси бағдарлама мен жоспар аясында міндеттерін мінсіз атқаруға шақырды. Кемшіліктерді жоюға бір ай уақыт берілді.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Диляфруз Кенжеханова баяндама жасады. Спикер отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар мен құқықбұзушылықтардың қазіргі ахуалын саралады.

– Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55,2 пайызға төмендеп, 67-ден 30 дерекке дейін азайды. Есепті кезеңде полиция органдарына отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 1 166 арыз-өтініш түсіп, олардың басым бөлігі бойынша тиісті шаралар қабылданды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабымен 1 066 құқыққа қарсы әрекет қаралып, нәтижесінде 919 қорғау нұсқамасы шығарылды және құқық бұзушылардың мінез-құлқына 130 ерекше талап белгіленді. Сондай-ақ қорғау нұсқамасын бұзу деректерінің азаюы байқалып, барлығы 58 жағдай тіркелді. Облыста жұмыс істеп тұрған дағдарыс орталықтарына 24 әйел мен 67 бала орналастырылып, оларға жан-жақты көмек көрсетілді. Сонымен қатар өмірлік қиын жағдайға тап болған 59 отбасы анықталып, олармен кешенді жұмыстар жүргізу үшін тиісті мекемелерге жолданды. Алдын алу жұмыстары аясында полиция департаменті мен мүдделі органдар бірлесіп 653 іс-шара өткізді, – деді Д.Кенжеханова.

Баяндамашының есебінен кейін бірқатар аудандағы отбасын қолдау орталықтарының жұмысына қатысты түйткілді мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, Жуалы, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас және Шу аудандары тарапынан орталықтардың жұмысы туралы нақты ақпараттың ұсынылмауы және полиция бөлімдерімен бірлескен профилактикалық іс-шаралардың мүлдем жүргізілмеуі сынға алынды. Серік Сәлемов осы мәселелерге назар аударып, орталықтардың қағаз жүзінде ашылғанымен, ғимарат пен қаржыландыру мәселелеріне байланысты жұмыс істемей тұрғанын, сондай-ақ полиция қызметкерлерімен арадағы кері байланыстың жоқтығын қатаң ескертті. Мамандардың сигналдық хабарламалармен жұмыс істеуді әлі де толық меңгермеуі мен ведомствоаралық байланыстың әлсіздігі жұмыс сапасын тежеп отырғаны айтылды. Осыған байланысты Серік Жақсылықұлы бір аптада барлық аудандағы отбасын қолдау орталықтары мен жергілікті полиция қызметкерлерінің басын қосып, ортақ жұмыс алгоритмін түзу қажеттігі жөнінде тапсырма берді.

Жиында сол секілді мүгедектігі бар балалар мен жастарды қоғамға бейімдеу, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды қолдау тетіктері қаралды. Бұл ретте облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Төрегелдиев атқарылып жатқан шаралар мен әлеуметтік көмек көрсету жүйесі туралы есеп берсе, білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков инклюзивті орта қалыптастыру мен білім беру саласындағы жаңашылдықтарға тоқталды.

Жиын соңында облыстық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Шолпан Кариева әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығын құру жоспарын таныстырды.

А.БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар