Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тойды түзеу мүмкін бе?

Тойды түзеу мүмкін бе?
Автор
«Той - халықтың қазынасы». Бұл түсінік исі қазақтың бәріне таныс. Бірақ бүгінгі той екі рулы елдің арасын жақындататын дәстүрлі жолынан жаңылып, өзара бәсеке алаңына айналғандай. Олай дейтініміз, қуаныш иелері салт-дәстүрдің сара жолын сақтаудың орнына «Жұртты қалай таңғалдырсам, қалай ел аузында қалатындай той өткізсем?» деген оймен шашылатын сыңайлы. Оған бүгінгі тойдың сипаты анық дәлел болып отыр.

Дана халқымызда «Көрпеңе қарай көсіл» деген сөз бар. Яғни, бұл қолыңдағы барыңмен қам жаса деген ақыл. Алайда өкініштісі сол, бүгінгі қуаныштың басым бөлігін той иелері несие рәсімдеп, қарызданып жасайды. Ондағы бар мақсат – «Жұрттан ұят болмасын» деген ой. Сонымен қатар шамасына қарамай қонақты көптеп шақырудың да артында біреу «тойға шақырмадың деп ренжіп қалар» деген ниетпен қатар, «Мен жұрттың тойына бардым, енді олар да менің тойыма келсін, өткенімді қайтарсын» деген ұстаным тұратыны шындық. Әр орынға төленетін ақы кейде өзін-өзі ақтамай, көптеген адамдар қарыздың құрсауында күн көруге мәжбүр. Міне, осыдан кейін «Мұндай той бізге қаншалықты қажет?» деген заңды сауал туындайды.

Осы орайда Тараз қаласының тұрғыны Базарбай Дүйсенбаев бүгінгінің тойы қуаныш иесін де, тойға баратын ағайынды да әбігерге түсіретінін айтады.

– Қазақ тойды бұрын қуанышын көппен бөлісу үшін жасаса, қазіргілер бақай есебін түгендеумақсатында ұйымдастыратындай. Әрине, көпке топырақ шашпаймын, десе де той тартуына қанағаттанбай азсынып, тіпті, қалыс қалғанын қаралап жататындарын қайтерсің? Сосын бұрынғы тойларда  ақын-жыраулар халықтың  рухын көтерсе, қазіргі қызықшылықтарда үлкен-кішіден именбейтін әншілер асабалар елдің ұятын ашатын болды. Көңілге дүние кірген соң, тойдан береке кетті, ағайын арасындағы бірлікке сызат түсті.  қалмай тұрады.  Көшірмесі бірдей, ерекшелігі жоқ тойдан жұрт жалықты. Бұрын тойды адамдардың деңгейіне қарай орта жастан асқан, елдің құрметіне бөленіп үлгерген азаматтар басқаратын. Қазір сөзді жаттап, кәсіпке айналдырған жастар басқарып жүр. Жалпы тілде прагматика деген құбылыс бар. Сөйлеуші, той басқарушы көптің деңгейіне, дәрежесіне көтеріліп немесе төмен түсіп сөйлейді. Қазіргі той жүргізушілері мұндай ұлттық қасиетке мән бермей, тойдың құнын кетіріп жүр, – деді ол.

Халқымыздың терең тарихына көз жүгіртер болсақ, тойдың негізгі мәні екі елдің арасын жақындату болған. Филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақтың айтуынша, тойдың тілге де тигізген өз септігі бар. Өз сөзінде ғалым тойдың тарихи мәніне тоқталып, заманға бейімделе білудің маңызын да қозғады.

– Той – халықтың қазынасы, бағзы замандардан бастау алатын терең дәстүріміздің өзегі. Көшпелі дәуірде бұл жиын тек мереке емес, шартараптағы ағайынның басын біріктіретін, елдік мәселелер шешіліп, өнер мен спорттың, мәселен, айтыс, бәйге, балуан күрес сынды дәстүр мен салттың салтанаты асатын ұлы мәслихат ретінде көрініс тапқан. Той мәдениетінің ең үлкен жетістігі – ұлан-ғайыр даладағы қазақтың тілдік тұтастығын сақтауында. Алтай мен Атырау арасындағы қыз алысып, құда түсу үрдісі халықтардың өзара етене араласуына ықпал етті. Көптеген ұлттарда ауыл арасы алыстаған сайын түсінісу қиындап, диалектілер көбейсе, ал қазақ даласында той осы айырмашылықты жойып, тілдік бірегейлікті қалыптастырды. Бұл – тойдың тарихи-мәдени тұрғыдан атқарған ең ұлы қызметі десек те болады. Бүгінгі таңда көл-көсір дастархан жайып, салт-дәстүрді сақтау үрдісі жалғасып келе жатқанымен, заман талабы өзгеше. Қазіргі қоғамда ысырапшылдықтың орнына ықшамдылық пен жинақылық қағидасы өзекті болып отыр. «Тойдан бұрын ой ойла» деген тәмсіл – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан тойды жақын адамдар арасында, мәдениетті әрі мазмұнды өткізуге көшуіміз қажет. Әсіресе, бұл істе асабалардың зиялылығы мен біліктілігі шешуші рөл атқарады. Той тектілік пен тағылымның ұйытқысы болуы тиіс, – деді С. Құлбарақ.

Бүгінде той тізгінін ұстайтын асабаларға хабарласып, ақысына келісе алмауыңыз мүмкін. Себебі олар өздерін асаба емес, шоумен ретінде таныстырады. Әлеуметтік желіден асаба іздесеңіз де шоумендерді кездестіресіз. Тойдың тұрқы да соған бейімделіп, дәстүрлі той емес, танымал әншінің кеші секілді өтетін болған. Орынсыз қылықтар, жаға ұстатар ойындар желіде желдей есіп жүр. Қазақтың көп думанының шырайын қашырған, той тізгінін ұстадым деп бейәдеп сөздерді жиі айтатын азаматтар да кездеседі. Осы бір кері кетудің алдын алып, той мәдениетін қалыптастыру мақсатында еліміз бойынша алғаш рет «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігі облысымызда құрылды. Бастамашылардың сөзінше, бұл идеяға облыс әкімдігі де қолдау білдірген. Біз де аталмыш бірлестіктің төрағасы Ринат Нұрақбаевпен хабарласып, сауалдарымызға жауап алғанды жөн көрдік. Өнер иесінің айтуынша, ұйымның басты мақсаты дәстүрлі тойды қайтарып, қоғам санасына сіңіру екен.

– 2025 жылы «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігі құрылып, бүгінде облыс бойынша алпысқа жуық кәсіби маманның басын біріктіріп отыр. Қазіргі таңда әр мүше өз бағытында, нақты тапсырыстармен жұмыс істеуде. Бірлестіктің алдына қойған негізгі миссиясы – той мәдениетін жаңа белеске көтеру, ұлттық дәстүрлерді кеңінен насихаттау және тойдың байырғы қазақы мазмұнын сақтау. Біздің басты мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, мағыналы, тағылымы мол той өткізу жобаларын жүзеге асыру. Ал асабаның «шоуменге» айналуы мен тойдың «шоуға» ұласуы – заманның еріксіз талабына айналды. Қазір кез келген асаба той жүргізу барысында бұл үрдістен аттап кете алмайды. Өйткені шоу тек асабаның іс-әрекетінен ғана тұрмайды. Музыкалық сүйемелдеу, түрлі-түсті жарық эффектілері, арнайы шақырылған әншілер мен бишілердің жылтырақ киімдері мен қиқулаған әуендерінің бәрі жиылып келіп, үлкен шоуды құрайды. Осындай шулы ортада асабаның дәстүрлі тойды толыққанды өткізуге мүмкіндігі шектеулі болып қалатыны рас. Дауыс пен жарық шоулары, әртістердің бағдарламасы асабаны да сол ортақ ағысқа қосып жібереді. Мұндай жағдайда асаба өзінің аталы сөзімен, баталы тілегімен салт-дәстүрді сақтай отырып, ағайын арасындағы туыстық қарым-қатынастарды дөп басып тануы тиіс. Той иесінің әулеттік ерекшелігін, қонақтардың деңгейін ескеріп, ортаға шыққан әр адамның туыстық мәртебесін елеп-екшеп, тойды жоғары талғаммен жүргізуі қажет. «Асабалар алаңы» бірлестігі әлеуметтік желілер арқылы той мәдениетін насихаттау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Тіпті, тойханаларға той өткізу әдебіне қатысты арнайы ережелер де таратылды. Онда тойды жүргізу тәртібі, мейрамхана залдарына жан-жануарларды кіргізбеу, сондай-ақ тойдағы қонақтардың биін немесе сәтсіз шыққан ойындарын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде бірін-бірі мазақ қылуға шектеу қою секілді мәселелер қамтылған. Бұл ескертпелер мейрамханалардың LED экрандарында той басталғанға дейін көрсетіліп тұратын болды. Сонымен бірге біз арнайы ортақ чатымызда маңызды тақырыптарды үнемі талқылап отырамыз. Мәселен, тұсаукесер рәсімінде ұл бала мен қыз баланың тұсауын кесуде қандай айырмашылықтар бар деген секілді салт-дәстүр иірімдерін ортаға тастаймыз. Әркім өз білгенін, көнеден жеткен дәйектерін айтады. Осылайша, ортақ тоқтамға келіп, нақты әрі дәлелді ақпаратпен тойды сауатты жүргізуге тырысамыз. «Асабалар алаңы» бірлестігінің төрағасы ретінде алдағы жоспарым – жас өнерпаздарды шешендік өнер мен асабалық шеберлікке баулу. Осы арқылы той саласына жаңа леп әкеліп, қоғамның санасына әсер ету арқылы тойларымызды дәстүрлі арнаға бұрғым келеді, – деді Р. Нұрақбаев.

«Қыстың қамын жаз ойла» деген қазақ не нәрсеге де күні бұрын қам жасаған. Шаңырағында кестетігері барлар жасау жиып, тізгін ұстары барлар малдың басын құраған. Қалың мал төлеу, қыз ұзату, құдалық сынды ғұрыптарға ертеден кіріскен. Халқымыз ислам дінін ұстанатыны белгілі. Ал соңғы жылдары әлеуметтік желіде жастар арасында кең талқыға түсіп жүрген тақырыптың бірі – қыз балаға ер баланың қалың малдан бөлек мәһір төлеуі, яғни сый жасауы. Оны жас келіннің өзі неке қияр сәтте мәлім етеді. Ал күйеу сол қалауды өтеуге міндеттеледі. Осы жайдың анығын білмекке маманға жүгіндік.

«Һибаттулла Тарази» мешітінің ұстазы Әбдіқадыр Сейтқалидің айтуынша, бұл мәселеде барлығы қыздың разылығына байланысты екен.

– Мәһір – неке қию барысында күйеу жігіттің қалыңдыққа тарту ететін жеке сыйы. Бұл – некенің басты шарттарының бірі. Шариғат тұрғысынан оның нақты жоғарғы шегі белгіленбеген, ол ер азаматтың материалдық мүмкіндігіне тікелей байланысты. Мәһірдің ең жоғарғы өлшеміне ешқандай шектеу қойылмаған. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 20-аятында: «Олардың біріне мол мәһір берген болсаңдар, одан ештеңе де қайтарып алмаңдар», – дейді. Ал мәһірдің ең аз мөлшері – Ханафи мәзһабы бойынша он дирхам. Сахабалар өмір сүрген заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесінде мәһірдің ең аз мөлшері 4,25 грамм алтынмен есептелетіні жайлы пәтуа қабылданды. Мәһірдің құны аталмыш мөлшерден төмен белгіленген жағдайда, оны сол мөлшерге толтыру керек. Ең төменгі мөлшері шамамен 120 мың теңге көлемінде. Дегенмен, дәстүрлі қалың мал мен мәһірдің аражігін ажырата білу маңызды. Егер қалыңдық ризашылық танытса, әке-шешесіне берілген қалың малды мәһір ретінде есептеуге болады. Алайда, қыз бала қалың малдан бөлек өзіне жеке сый талап етуге де құқылы. Мұндай жағдайда күйеу жігіт оның қалауын орындауы тиіс. Десе де бұл мәселеде екі жақтың түсіністігі мен қыз баланың болашақ жарының жағдайымен санасқаны – отбасылық баяндылықтың алғашқы қадамы болмақ. Ислам – жеңіл дін. Алла Тағала мұсылмандардан оның жеңілдігін пайдалануды қалайды. Сондықтан мәһірдің мөлшерін ер азаматтың материалдық мүмкіндігіне қарап, отбасының әлеуметтік жағдайын ескере отырып айтқан жөн. Өйткені мәһір күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін қалдыратындай аз болмауы керек. Мәһірді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала (мәһір муғажжәл) беріп, қалғанын кейін (мәһір муәжжәл) бере алады. Ибн Хиббан келтірген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Әйелдердің ең жақсысы – мәһрі аз болғаны» деген, – деді Әбдіқадыр Сейтқали.

Дейтұрғанмен бүгінде той жасаудан бас тартып, шығын шығарудың орнына сол қаражатты үй алуға жұмсауды жөн көретін жастар да бар. Ал енді бірі өміріндегі айтулы сәтті барынша жарқын естелікке айналдыруды көксеп, қомақты ақша жаратудан жасқанбайды.

Біз бұл мақаламыз арқылы өткен мен бүгінді салыстыра отырып, той мәдениетіне тағы бір көз жіберіп, ой тастауға тырыстық. Той екі әулеттің басын қосатын, табыстыратын үлкен салтанат болғандықтан оның мазмұны мәнді болғаны жөн деп білеміз. Ата-баба жолынан айнымай жүрер болсақ, салтымыз сақталып, ғұрпымызбен замана арасында теңгерім орнаса той мәдениетінің сақталғаны шығар. Тек бірер күндік қуаныш үшін, болашаққа балта шабуға да болмайтынын ескерсек екен.

Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар