Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жасыл ел» жасақтары жаңа маусымды бастады

«Жасыл ел» жасақтары жаңа маусымды бастады
Ю.Ким
Кеше облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ХХII маусымы салтанатты түрде ашылды. Қарахан кесенесінің алдында өткен ашылу рәсіміне өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған жасақ сарбаздары қатысты.

Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, ізгі тілегін білдірді.

– Қадірлі жастар, құрметті волонтерлер, сіздерді «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жаңа маусымының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бүгінде облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Наурыз айынан бері облысымызда 20 мыңнан аса тал дарақ егіліп, 2 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды, сондай-ақ жүздеген шақырым арық жүйелері тазартылды. Жақында ғана өткен «Мөлдір бұлақ» акциясының қаншалықты нәтижелі болғанына бәріміз куә болдық. Еліміздің игілігі үшін атқарылып жатқан осы жұмыстардың бел ортасында, әрине, сіздер – белсенді жастар жүрсіздер. Қоғам мен мемлекет үшін маңызды кез келген іс-шарада жастардың алдыңғы сапта тұруы – заңдылық. Атқарып жатқан жұмыстарыңызға береке, алдағы бастамаларыңызға толағай табыс тілеймін! – деді Серік Жақсылықұлы.

Мұнан соң облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз алып, жастарға сәттілік тіледі.

Осы күні Қарахан, Айша бибі кесенелері мен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жастар Талас өзенінің жағалауы мен «Мамыр» саябағын қоқыстан тазарту арқылы табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты.

– Биылғы еңбек маусымында өңір бойынша 2 000 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Аталған жоба жастар үшін демалысты пайдалы өткізудің әрі туған өлкеге қызмет етудің таптырмас мүмкіндігіне айналды Жобаға 16 мен 35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Олар күніне 6 сағат жұмыс істеп, айына 85 000 теңге көлемінде еңбекақы алады. Маусым аясында облыс көлемінде ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Нақты айтқанда, 6 000-ға жуық көшет отырғызу, арық жүйелерін тазалау, балалар алаңқайларын сырлау және қоғамдық орындарды ретке келтіру көзделіп отыр, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев.

Тазалық шараларының жұмыс кестесі жастардың оқу процесіне кедергі келтірмейтіндей ыңғайлы жоспарланған, жастар күніне алты сағаттан сабақтан бос уақытында еңбек етеді.

Жыл соңына дейін жалғасатын науқанда ерекше белсенділік танытқан жастар іріктеліп, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін салтанатты жиындарға жолдама алады. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының республикалық деңгейдегі ашылу салтанаты мамыр айының соңында Алматы қаласында өтеді деп жоспарлануда.

Ерекше атап өтерлігі, биылғы «Жасыл ел» еңбек маусымының ресми ашылу салтанаты киелі Әулиеата өңірінде бастау алды. Облысымыздың жастары бұл бастамаға ерекше қолдау көрсетіп, ел игілігі жолында аянбай еңбек етуге дайын екендіктерін байқатты.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар