Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ерінің абыройын аласартқан әйелдер көбеюде

Ерінің абыройын аласартқан әйелдер көбеюде
Автор
2023 жылғы 9 қарашада Астанада болған қайғылы оқиға бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев отбасылық жанжал кезінде жұбайы Салтанат Нүкенованың өліміне себепкер болды. Қоғамдық резонанс тудырған бұл іс зорлық зомбылық мәселесіне қатысты көзқарасты қайта қарауға мәжбүр еткені белгілі.

Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы халық арасында «Салтанат заңы» деген атауға ие болды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздеді. Осылайша, бұл құжат талай үнсіз қалған тағдырлардың қорғансыз қалмауына жол ашты.

Алайда таяқтың да екі ұшы болатыны секілді, содан бері кейбір сылқымдар өз тағдырын заң шеңберінде ғана қарастыруды қолға алған сыңайлы. Жасырып қайтейік, бүгінде «шыбық тимей шаңқ етерлер» көбейіп, күйеулерін жиі-жиі сотқа сүйрейтін жағдайға жетті.

Жалпы бұрын отбасындағы жанжал сыртқа шықпайтын. Себебі қандай дау болсын «ұят боладыға» келіп тірелетін. Сөйтіп үлкендер жағы дауды ың-шыңсыз басып тастайтын. Ал қазір ішкі сырдың бәрін ашық түрде ортаға жайып салып, тіпті түймедейді түйедей ететіндер қатары күн санап артып келеді. Сүйіп қосылған жастардың ұрыс-керісі әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, миллиондаған қаралым жинайтын болды. Қорғану мақсатында ғана емес, айтқаны бола қоймаса да полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінетін нәзікжандылар аз емес. Мәселен Марат Абусәлімовтің соңғы екі жылда басынан кешкендерін естігенде сенер-сенбесімізді білмедік.

– Жұбайым тым қызғаншақ адам. Әрі қызғаншақтық дерті жас ұлғайған сайын, тіпті қиындай түсетініне көзім жетті. Мәселен әйелім екеуміздің шаңырақ көтеріп, отбасы болғанымызға 20 жылдан асты. Шынын айтсақ, жас кезде бағынбадық. Достармен бірде карта ойнауға шығып кетсек, енді бірде күнұзақ моншаға түсіп, қыдырып жүріп алатынбыз. Оның үстіне үйде әке-шешем болғандықтан, әйелім мінезін көрсете алмай, тістеніп, үнсіз өкпелеп қана қоятын. Енді міне жасымыз ұлғайып, өмірдің алтын ортасына келген сәтте ұятқа қалып жүрміз. Әке-шешем өмірден озды. Балалар есейді. Дәл осы кезеңде әйел күшіне мінеді екен. Адуыны қатты, ашуы айқын, өкпесінің қайтуы қиын. Одан бөлек, әйелдердің абыройын асқақтатып, ерлі-зайыптылардың өзара қарым-қатынас мәселесін ашық көтеріп жүрген коучтар мен психологтардың «Әйел сенің малайың емес» немесе «Әйел үнсіз қалмау керек» деген сынды қағидалары үйімнің берекесін қашырды. Бірдеңеге қарсы шыға қалсам болды, тәртіп сақшылары келіп тұрады. Достарыммен кездесіп, аз-маз көңіл көтеріп келсем де полиция қызметкерлерін шақыра қояды. Осы күні сөйлеуден де қалдық. «А» десем болды «мә» деп қамата салудың шеберіне айналды, – дейді Марат Мұртазаұлы ашынып.

Келесі кейіпкеріміз Дариға апай болса жолдасының үстінен жиі-жиі арыз-шағым түсіретінін жасырмайды. Себебі, күйеуі ащы су ұрттап алса әбден берекесін алатын көрінеді.

– Негізі күйеуім қойдай жуас адам. Қалада 3 дүкеніміз бар. Ішімдік ішпесе маңдай терімізбен ашқан дүкендеріміздің керек-жарағына қарайласып, зыр жүгіріп жүреді. Тек анда-санда достарына қосылып, ащы суға сылқия тойып келгенде көзі қарайып кетеді. Айтқан сөзіңді құлағына ілмейді. Содан кейін амал жоқ полиция қызметкерлерін шақырамын. 20 күнге қамап қояды. Кейін өзім артынан тамақ апарып тұрамын. Ол маған әрине қол көтерген емес. Тек жұмыс істей алмай, ойым бөлінеді, мазам қашады. Қалай десек те қауіпсіздігім бірінші орында тұрады. Жолдасымның іс-әрекеті кәсібіме кедергі келтіретіндіктен, заң шеңберінде әрекет етемін. Соңында бәрі реттелген соң қарым-қатынасымызды қайта қалпына келтіремін, – дейді Дариға апай қарқ-қарқ күліп.

Әжелеріміз бұрын ерінің абыройын өзінен биік қойып, қандай жағдай болмасын отағасын құрмет тұтқан. Себебі «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деп білген. Ал бүгінгінің әйелдері заңды алға тартып еркектердің намысын таптап жатқан жоқ па? Бағзыда заң тұрмақ, ағайынның өзі «ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі» деп түсінген. Күйеуін күстәналай беретін отбасында сыйластық қалай сақталады? Осы тектес сауалдарды психолог Айжамал Қажетоваға қойған едік.

– Қазіргі таңда отбасындағы қатынастар едәуір өзгерді. Бұл көбіне қорқыныш пен күйзелістен туындайды. Әр әйел өз қауіпсіздігін бірінші орынға қойғандықтан, ер адамның намысы еленбейді. Бұрынғы дәстүрлі көзқарас әйелдерді сақтыққа шақырған. Ер адамның абыройын бірінші орынға қою, қателіктерін кешіру сол заманның мәдениеті болып қалыптасқан еді. Қазір біз басқа әлеуметтік контексте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әйелдер өз құқықтарын қорғай алады. Бірақ бұл кейде расында шектен шығып кетуі мүмкін. Менің тәжірибемде кейде әйелдердің шағымдары тек қорғаныс үшін емес, эмоциялық реакциядан туындап тұрғанын түсінемін. Олар өздерін әділетсіздікке бой алдырғандай сезінеді, сондықтан біз секілді мамандардың көмегіне жүгінеді. Бұл заң тұрғысынан дұрыс, бірақ қарым-қатынастың психологиялық жағын да ұмытуға болмайды. Отбасында сыйластықты сақтау үшін ашық диалог болмаса бәрі бекер. Егер әйел әрбір әрекетті заңға сүйеніп шешуге тырысса, сенім азаяды. Ер адам өз қателігін түсініп, түзелуге мүмкіндік алғаны дұрыс. Қазіргі қоғамда теңдік маңызды, бірақ ол ер адам мен әйелдің арасындағы құрметті азайтпауы керек. Әйелдің қауіпсіздігі басты орында болғанымен, ер адамның намысын таптауға негіз болмауы тиіс. Әйелдің заңды оңды-солды бей-берекет қолдануы кейде қарым-қатынасқа қысым тудырады. Әйел мен ер адам арасындағы қарым-қатынас сенім мен түсіністікке негізделуі қажет. Ең бастысы қазіргі заманда әйелдер қарым-қатынас мәдениетін сақтауды ұмытпағаны жөн. Әйелдің әрекеті заң тұрғысынан дұрыс болғанымен, эмоционалды ақылға сай шешімдер қабылдауы маңызды. Осылайша, отбасында сыйластық пен әділеттілік қатар жүрер еді, – дейді Айжамал Нұржанқызы.

Маманмен пікірлесе отырып ұққанымыз, әйел мен ер адам бір-бірінің сезімін ескеріп, өзара жауапкершілікті дамытуы тиіс. Осылайша, құқық пен сезімнің нәзік шекарасында әйел мен ер адамның тағдыры бірге өріліп, отбасындағы жылу мен сыйластық сақталады. Әр әрекетке жүректің үнімен қараған сайын, үйдегі тыныштық пен бейбітшілік өз жолын табатынын ұмытпайық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар