Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен салт-дәстүрінің айқын көрінісі саналатын бұл тағам қазақ ұғымында молшылық пен берекенің, татулық пен бірліктің белгісі іспетті. Әдетте наурыз көже жеті түрлі дәмнен дайындалады. Бұл – жеті санының киелі мәнімен байланысты. Десе де Шерхан Мұртаза атындағы «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамар көженің құрамы бүгінгі күндегідей стандарттты емес, жағдайға байланысты әртүрлі болғанын айтады.
– Наурыз көже ырыс пен молшылықтың белгісі болған. Оның құрамы да соған сай таңдалған. Міндетті түрде жеті түрлі дәм қосылған. Бірақ ол бүгінгідей стандартты емес, әр өңірдің, әр шаңырақтың мүмкіндігіне қарай өзгеріп отырған. Негізінен оның құрамында су немесе сорпа, міндетті түрде қыстан сыбаға болып қалған сүр ет қосылды. Өйткені, көктемде қазақ малға кесір болмасын деп малды соймаған. Сондай-ақ тары, бидай, арпа, кейде жүгері пайдаланған. Сонымен қатар сүт немесе айран, тұз қосылады. Басқа қоспалар ас дайындаушы жақтың ерекшелігіне қарай түрленіп кете берді. Бұл жерде басты мән – жеті санында. Жеті саны – қазақ үшін киелі. Жеті ырыс, жеті қазына, жеті ата дегендей. Наурыз көжедегі жеті дәм тоқшылықтың нышаны. Ең бастысы химиялық қоспа, түрлі дәмдеуіш пайдаланбай, табиғи, қолда бар, маусымдық өнімдерді қолданған дұрыс, – дейді Н.Қожамар.
Наурыз көже дайындау дәстүрі көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Қыстан аман шыққан халық көктемде барын ортаға салып, бір-бірімен азық бөлісуді маңызды санаған. Әр шаңырақта дайындалған көжеден көрші-қолаң, жолаушы, қонақ дәм татып, «жыл бойы тоқшылық болсын» деген тілек айтқан. Бұл дәстүр бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Бірақ осы көженің құрамына кейбіреулер консервіленген жүгеріні пайдаланып жүр. Ол астың дәмін өзгертіп, құнарын құнсыздандырып та тұрғандай болады. Тіпті қызанақ пастасын қосатындар да бар.
– Қазір наурыз көже де заманға сай өзгерген. Көп жерде оның құрамы шартты түрде жасалып, оған күріш, макарон, кейде картоп, тіпті ноқат, фасоль қосылады. Ал кейбіреулердің қызанақ немесе томат қосқандарын да көрдік. Мұны наурыз көже деу қиын, әрине. Кейбір дастарқанда наурыз көже тәжірибе жасауға айналып кеткендей. Біреу тәтті қосады, біреу түрлі дәмдеуішпен байытады. Наурыз көженің өзгеруі жақсы емес деп кесіп айтуға болмайды. Бірақ құрамын өзгертеміз деп, түпкі мағынасын жоғалтып алмауымыз керек. Наурыз көже елдің басын қосып, ауызбіршілікті көрсететін, көпшіліктің ниеттестігін байқататын мерекелік ас. Ертеректе көктемгі таршылықтан аман шығудың амалы, келер жылға тоқшылыққа ниет қылу болса, бүгінде бұл елдіктің де символы, – дейді Н.Қожамар.
Қазіргі таңда да наурыз көже мерекелік дастарқанның басты тағамы ретінде өз маңызын жойған жоқ. Қалада да, ауылдық жерлерде де бұл тағам ұлттық бірегейліктің символы ретінде дәріптеледі. Мектептер мен мекемелерде, қоғамдық орындарда ұйымдастырылатын Наурыз мерекесінде көже тегін таратылып, көпшілікке ұсынылады.
Наурыз көже өткен мен бүгінді жалғайтын, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жеткен құндылық. Осы секілді кез келген наурыз нақышынан халқымыздың кеңпейілділігі мен дархандығын аңғаруға болады.
Фатима САЛИЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 4-курс студенті



