Бүгінгі таңда ата-бабадан мұра болған ұлы өнерімізді ұлықтап жүргендер де жоқ емес. Солардың бірі – садақ атудан жаттықтырушы Ерболат Меңлібаев. Ол алғашында бұл спортқа бір туған әпкесі Индира Меңлібаеваның ықпалымен келген. Индира 2023 «Sugir mergen» дәстүрлі садақ ату академиясын ашып, Ерболат қасында қолғабыс етіп жүреді. Кейін кейіпкеріміз жаттықтырушы деңгейіне жетіп, бүгінде шәкірт тәрбиелеп, толағай табыстарға кенелуде.
– Басында садақ атуға аса қызығушылығым болмағаны рас. Алайда уақыт өте келе сол ортада дайындалып, жарыстарға қатысып, бұл спортқа деген құштарлығым күн санап арта түсті. Маған ерекше әсер еткені – жарыстардағы мергендердің қазақы нақышта киінуі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі, жалпы жоғары мәдениеті. Дәстүрлі садақ ату – өте таза, адал спорт екеніне көзім жетті. Облыс мергендері бүгінде жанұямның бір бөлшегіне айналды. Жаттықтырушым әпкеме алғысым шексіз. Қазіргі таңда өзім де шәкірт тәрбиелеп жүрмін, – дейді Ерболат Жәнібекұлы.
Индира Меңлібаева басшылық ететін «Sugir mergen» дәстүрлі садақ ату клубы 2023 жылдың 16 тамызында ашылғанымен, жұмысын 1 қазанда бастаған.
Республикалық федерацияның күнтізбелік жоспарына сәйкес, 2024 жылы Семей қаласында өткен Қазақстан Республикасының кубогінде ересектер мен жастар арасында алғаш рет облыс құрамасы жасақталып, ресми жарыстарға қатыса бастады.
2024 жылдан бері Өскемен, Петропавл, Алматы және Абай облыстарында өткен ел чемпионаттары мен кубок жолындағы бәсекелерде Аяла Ізтелеу, Адина Ізтелеу, Жадыра Икрамқұл мен Нұралы Қиялов сынды спортшылар топ жарып, алтын мен күмісті қанжығаларына байлады. Соңғы екі жылдың ішінде клубтан 5 мерген ұлттық құрама сапына қабылданып, 2 спорт шебері мен 7 спорт шеберіне үміткер даярланды.
Халықаралық деңгейде де спортшылар жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Жадыра Икрамқұл Азия кубогінде қола жүлдегер атанса, биылғы жылдың ақпан айында өткен Оңтүстік садақшылар лигасының кезекті бәсекесінде командалық есепте екінші орынға табан тіреді.
Жүйелі дайындықтың нәтижесінде республикалық федерация «Sugir mergen» ұжымын «Ең үздік клуб» деп таныса, Адина Ізтелеу жасөспірімдер арасында жылдың үздік спортшысы атанды. Клуб мергендері тек республикалық додаларда ғана емес, «Қызғалдақ Мұра» фестивалі мен өңірлік лигаларда да жүлделі орындардан көрініп, дәстүрлі садақ ату өнерінің деңгейін жаңа сатыға көтеріп келеді.
Бүгінде «Sugir mergen» дәстүрлі садақ ату клубы ұлттық спортты дамытуға, жас ұрпақты ата-баба мұрасымен тәрбиелеуге және Қазақстанда дәстүрлі садақ ату мәдениетін кеңінен насихаттауға үлкен үлес қосып келеді.
Қазақ халқы үшін садақ ату – ата-бабадан келе жатқан әскери өнер мен ұлттық мұраның маңызды бөлігі. Ежелгі түркі және қазақ жауынгерлері садақты соғыста, аңшылықта және ел қорғауда шебер қолданған. Батырлар мен мергендердің ерлігі халық жадында сақталып, бүгінгі күнге дейін дәстүрлі садақ ату ұлттық рухты көтеретін өнер ретінде дамып келеді.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ


