Жиын барысында жастар ресурстық орталығының психологі Нұрай Үсенқызы және «ZHANUYA medical center» емханасының акушер гинеколог маманы Мұраткүл Қасымова мен психологі Елена Цой түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мамандар жыныстық жетілу кезеңінде қыздардың ағзасында орын алатын өзгерістер туралы түсіндіріп, ерте жүктіліктің алдын алу жолдары туралы айтты.
Мазмұнды басқосуда қатысушылар өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын ашық қойып, мамандардан нақты жауап алды. Әрбір айтылған пікір мен кеңес жас қыздардың болашақ өміріне бағыт-бағдар боларлық маңызды ойларға жетеледі.
Кездесуде ұлттық тәрбиенің рөлі де назардан тыс қалмады. Үлкендердің ақылы мен отбасылық құндылықтардың жас ұрпақ санасында берік орнығуы аса маңызды екені сөз болды. Қатысушыларға сенімді қарым-қатынас орнату, дұрыс таңдау жасау мәдениеті жайында да пайдалы мәліметтер ұсынылды.
Пікір алмасу барысында қыздардың белсенділігі мен жауапкершілігі ерекше байқалды. Көпшілігі өз денсаулығынабейжай қарамаудың маңызын терең түсінгендерін жеткізді.
– Ерте жүктілік көбінесе қыз баланың психологиялық дайындығы толық қалыптаспаған кезеңде орын алады. Мұндай жағдайда ол оқуын тоқтатуға немесе кейінге қалдыруға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл оның армандары мен өмірлік жоспарларына үлкен кедергі келтіреді.
Кейде жастар жеткілікті білімнің жоқтығынан қате шешім қабылдап жатады. Ашық әңгіме мен түсіндіру жұмыстары мұндай жағдайлардың алдын алатындықтан осындай жиындарды көптеп ұйымдастырып тұрған абзал. Бұл тақырып жай ақпарат емес, өмірлік сабақ сияқты әсер қалдырды, – деді Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің 2-курс студенті Айару Байжігіт.
Жиында әсіресе ерте жүктіліктің алдын алу жөніндегі нақты кеңестер қыздардың қызығушылығын оятты. Олар алған мәліметтерін өмірде қолдануға ниетті екендерін білдірді. Кездесу жастардың таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, олардың өз өзіне деген сенімін нығайтты.
Құралай Сейсенбекқызы



