Құдалықта да, тойда да екі жастың арқасында табысқан, бірақ бірін-бірі жете танымайтын екі жақтың құшағы сәт сайын айқасып, екі жасқа деген бата, тілек тиегі толассыз ағытылып жатты. Біз жақтан әулеттің үлкені болып барған Темірбек көкемнен қайта-қайта бата сұралды. Ол кісінің берген әрбір батасы бір-бірін қайталамағаны мені тәнті етті. Темірбек көкем біз ес білгелі ауылдық округ әкімдігі аппаратында бас маман болып ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан, Сырғабайдан тарайтын әулеттің бас иесі. Ол кісінің бойында кісілігінің басым болуы, зиялылығы сүйегі асылдығынан шығар. Әйтпесе КСРО дәуірі, қызмет дегендер талай қазақты тік жүргізіп, тік тұрғызып, кейбірін тіпті бабалар салтынан мақұрым етіп, қазақылық тамырынан ажыратуға дейін жеткізгенін жасырып қайтеміз? Мұны сөз етіп отырғанымыз, бүгінде зейнет жасына жетіп, зиялы қауым қатарына қосылатындардың арасында бас мүжігені болмаса, бата бере алмайтындар да бар. Тарихтан аян, қажет болғанда арнайы батаны ақ кимешекті әжелер де берген. Біздің мақсат – ер азамат батаны қай жастан бастап беруге дағдылануы қажеттігін сөз ету. Алдымен біз бата беру дәстүрі қашан, қай кезде пайда болғанын, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақтан сұраған едік
– Бата –түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының салт-дәстүрінің жақсы бір көрінісі. Бата негізінде елдің ішіндегі жасы үлкен ақсақалдардың атынан айтылады, көпшілік бас қосқан дастарқан басында жасы үлкендерден бата сұралады. Батаның мазмұны аты айтып тұрғандай жақсы тілек-ниетке құрылады. Халық ауыз әдебиетінде батаның қалыптасқан неше түрлі үлгілері бар. Сондықтан батаны бір жағынан халық ауыз әдебиетінің үлгісі есебінде де қарастыруға болады. Жалпы бата Х-ХІ ғасырлардың әдеби мұрасы саналатын «Китаб-ы Деде Коркут», яғни «Қорқыт ата кітабында» да көптеп кездеседі. Бұл енді қазақ халқының әлі мұсылмандықты толық қабылдамаған кезі. Сол кездің өзінде де Түркі халықтары, көшпенді халықтар, батырлық, ерлік үлгісін жасаған халықтарымыз осы батаға ерекше мән берген. Батаның көптеген керемет үлгілерін осы кітаптан тауып, оқуға мүмкіндік бар. Осының жақсы бір жалғасы ретінде де батаны біздің батырлар жырынан да кездестіруге болады. Мысалы, жауға аттанып бара жатқан батырлар елдің ақсақалынан, әкесінен міндетті түрде бата алуы қажет болған. Сондықтан бата біздің ықылым заманнан бері келе жатқан түркі халықтарының салт-дәстүрінің әдемі бір көрінісі. Мәселен, «Қорқыт ата кітабындағы» батаның бірінде «Қара тауларым құламасын, көлеңкелі ағашың кесілмесін. Ақсақалды бабаңның жатқан жері жұмақ болсын, ақ шашты анаңның жатқан жері пейіш болсын, ар-иманнан айырмасын» деген сөз бар. Міне, бұл бата жеке отбасындағы батадан гөрі әлеуметтік салмағы басым, халықтың мақсат-мұратына, ел мен жердің тұтастығына қатысты елдік бағыттағы бата болып саналады. Осы салт-дәстүр халқымызда күні бүгінге дейін жақсы жалғасын тауып келе жатыр. Бірақ, жасыратыны жоқ, кей жағдайда бата қысқа қайырылып жатса, ал енді бірде елді жалықтыратындай шұбалаңқы болып, созылып кетіп жатады. Сол үшін батаның өзіндік көлем-мөлшері сақталуы керек. Біз де бата берер қарияның жасындамыз. Дегенмен өз басым ұзақ бата жаттауға, жалпы жаттанды сөзді қолдануға жоқпын. Сондықтан, дастарқан басында ас қайыруға арналған, аз да болса қадау-қадау ой айтылатын сөздері бар батамен шектелемін. Негізінде батаның ұзағынан айтылуы, кейде оның мағыналық жағынан сол ортаға толық сәйкес келмеуі мүмкін. Сол үшін бата қазіргі заманға лайықталуы керек әрі сол ортаға қатысты бағытта айтылғаны дұрыс. Мәселен, «Бақ берсін, Қыдыр дарысын, Әлхамның берекесін берсін, екі дүниенің абыройын берсін, дастарқанның байлығын, деннің саулығын берсін» деп келетін баталар – көпшілікке ортақ баталар. Ал енді кейде басқосудың бір ерекшелігі болады. Мысалы, ол шілдехана немесе келін түсіру, қыз ұзату жағдайы болуы мүмкін. Осы жиынның қай-қайсысында болсын, берілетін бата мазмұндық тұрғыдан соған сай болуы қажет. Реті келсе, бата сөзі жаңарып, жаңа бір сөздермен толықтырылса да сөкеттігі жоқ, бұл ретте бата берушінің үйлесімді, жақсы сөздері маңызды орын алады. Жалпы айтқанда, ықылас батасы, оң бата, яғни ақ бата бар. Сонымен қатар теріс батаның да бар екені көпшілікке мәлім. Теріс батаның жолы өте ауыр. Негізінде батаның берілуі үлкеннен бата сұраған сол ортаның қажеттілігіне орай айтылады. Жасы 60-70-тегі қариялар сондай ортада батаның салмағын жұртшылыққа сездіріп отыруы тиіс, – деді С.Құлбарақ.
Өзі басқаратын түрлі жиын-тойларды ата-баба салтынан аттамай, ұлттық болмысымызға тән жөн-жоралғыға сай өтуіне күш салып жүрген белгілі асаба, батагөй Бегалы Ысқақовпен тілдестік. Бегалы Аралбекұлы Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылының тұрғыны, осы ауылдық округтегі билер алқасының төрағасы. Ол былтыр ауданда өткен батагөйлер байқауында бас жүлдені жеңіп алған, Қордай ауданында өткен сайыста екінші орын иеленген дарын иесі. Өткен күзде ауданда ұйымдастырылған қазыналы қарттар арасындағы сайыста да бас жүлдені қанжығалаған.
Жалпы батагөйлер сайысында аузы дуалы ақсақалдардың арасында батаны жаттап алып, мәнерлеп айта білетін адамдардың да жүретіні белгілі. Ал бұл кейіпкеріміз бір кісідей бойында ақындық қасиеті бар, қазақылығымызға тән құндылықтарды құнттай білетін, сөз саптауы бөлек, кезінде көпті көргендердің, жақсылардың жанында жүріп көңіліне түйгені, рухани тұрғыда жиған байлығы мол кісі. Кезінде оның жұмысында мамандығына қатысты басшылық тарап мұрсат бермей қоймағанда, бүгінде айтыскер ақын болуы да мүмкін еді. 1989-1991 жылдары айтысқа қатысып, тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүргенімен құрылыс саласындағы жұмысы дайындалуға, қайта-қайта айтысқа қатысуға ырық бермеген екен.
– Халқымызда «Бата – сөз басы», «Баталы ер арымас, батасыз ел жарымас» деген секілді батаның қастерлі ұғым екенін білдіретін аталы сөз көп. Көбіне бата алдымен «Әуелі Құдай оңдасын» деген сөзбен басталып, ары қарай жақсылықты Алладан сұрай отырып, әруақтың да желеп-жебеуін тілеу секілді ниетте көрініс табады. Осы арқылы ұлтымыздың рухани қазынасы саналатын батаның мән-мағынасы, қадір-қасиеті қандай екенін, оның ерекшелігін пайымдауға болады. Қазақ үйге келген құдайы қонақтан, абыз ақсақалдан бата сұраған. Батаның түр-түрі болады. Оны егінге, ас қайыру үшін дастарқанға берілетін, сәбиге, шаңырақ көтерген екі жасқа, жаңа қонысқа, жауға шабатын батырға берілетін бата деп тарқата беруге болады. Оның ішінде арнайы бата деген бар. Мысалы, қаз дауысты Қазыбек 10 жасқа толғанда әкесі оны қасына ілестіріп, жүздеген шақырым шалғайда жатқан қыпшақ Тоқсан бидің ауылына барып, баласына арнайы бата сұраған. Сол кезде Тоқсан би:
«Болмасты болғызам деме жасың кетеді,
Тоймасты тойғызамын деме асың кетеді.
Бас болсаң асыласың,
Аяқ болсаң басыласың.
Ортасы болып ойлап іс қыл,
Қатарға қосыласың», – деп болашақ биге бата берген екен.
Сол секілді жыр алыбы – Жамбыл Жабаев Сүйінбайдан бата алса, Қажымұқан да, батыр Бауыржан Момышұлы да аузы дуалы, сөзі уәлі әулие адамдардың батасын алған. Қазіргі уақытта арнайы бата сұрау үрдісі кемшін түсіп жатқаны жасырын емес. Осы үрдіс жалғасын тапса, дұрыс болар еді. Себебі бойында көрегенділік, көргенділік қасиеті бар, берген батасы қабыл болатын аузы дуалы ақсақалдардан бата алған баланың болашағы баянды болады. Сондықтан да мұндай батаны кез келген адам бермеген. Өйткені Алланың жолымен жүрген, бойында түрлі қасиет тұнған абыз ақсақалдардың берген батасы, тілек-ниеті қабыл болған, қате кетпеген.
Сонымен қатар салтымызда алдына бата сұрап барған адамға бата бермеген кездер де болған. Мысалы, батырлар жауға шабарда, жекпе-жекке шығарда әулие-әмбиелерден бата алатын болған. Мәселен Бұхар жыраудан бір батыр жауға қарсы жекпе-жекке шығарда бата сұраған екен. Сонда Бұқар жырау әлгі жігіттің атадан қалған жалғыз тұяқ екенін ескеріп, батасын бермеген көрінеді. Сол секілді теріс бата деген де болған. Бұл енді қарғыс, ақ бата емес, теріс бата алған адам түбі оңбайды. Сондықтан да халқымызда «қарғыс алма, алғыс ал» деген сөз бар.
Одан бөлек, күйеу, жиен бата бермейді. Сондай-ақ жасы кішінің үлкенге бата беруіне болмайды. Айталық, кейде жап-жас асабалар тойда бір ақсақалды дүйім жұрттың алдына шығарып, бата бергізіп, артынша қарияға қарап, «Ал ата, мен де сізге бата беріп жіберейін» деп алақанын жайдыртып, судырата ала жөнеледі. Оның арасында елді күлдіремін деп қисынсыз әзіл айтады. Бұл нағыз көргенсіздік. Өзім жиын-тойды көп басқаратындықтан қалтама бата жазылған брошюра салып жүремін. Себебі бата бере алмай іркіліп қалған жасы үлкендерді талай көргенмін. Сондай жағдайда әлгі бата жазылған қағазды қолына ұстатамын. Сонымен қатар бата бере алмаған қарияға намысына тимейтіндей, орайын келтіріп, адам жасы ұлғайғанда бата беруге тура келетінін, сол үшін оған әр ер азамат дайын болуы қажеттігін жеткіземін. Өзге де шағын ел бас қосқан дастарқан басында қырықтан асқан азаматтардың ас қайыра білу керектігін дәріптеймін.
Бата кейде жай сөбен, кейде ұйқасқа құралған өлең түрінде берілуі мүмкін. Бірақ бата мен тілекті шатастырмау керек. Өлеңдетіп берілетін батаның жай сөзбен айтылатын батаға қарағанда дәрежесі биік болады, – деді Б.Ысқақов.
Қашанда бата киелі, қасиетті. Сол үшін де жасы үлкендер мүмкіндігінше өзінен бата сұралғанда мүдірмейтіндей дәрежеде болуы тиіс. Себебі батаны бабын келтіріп айта алмаған бата сұрағандардың бағын байлауы мүмкін.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




