Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дәстүріміз дәріптелген дода

Дәстүріміз дәріптелген дода
Автор
Сөз – бүкіл адамзат тарихындағы құдіретті күш. Өзінің адал жаны, бүкіл рухы, өткен тарихы сөзге тығыз байланысты қазақ халқы ақ батаның ізгі сөздеріне сүттей ұйып, оның құдіретті күшіне шексіз сенеді.

Осы ретте Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы Наурыз мерекесінің онкүндігі аясында «Шаңырақ» күніне орай Тараз қаласындағы мектеп оқушылары арасында «Батаменен ел көгерер» атты бата оқу байқауын ұйымдастырды.

Сайысқа барлығы 26 оқушы қатысып, әрқайсысы қазақ халқының рухани мұрасы саналатын батаның түрлі үлгілерін мәнерлеп, жатқа орындады. Қатысушылар батаны оқу тәртібін, сөз саптау мәдениетін, ұлттық болмысқа сай орындау ерекшеліктерін көрсетіп, өзара бақ сынады. Бұл – жас ұрпақтың салт-дәстүрге деген құрметін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды іс-шара болды.

Байқауға қазылық еткендер қатарында облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев, Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылының тумасы Орынбай Рысбаев және Жамбыл жеріне қонақ болып келген этнограф, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Гүлжахан Тәжитова болды. Қазылар алқасы қатысушылардың орындау шеберлігіне, батаның мазмұнын жеткізуіне, дауыс мәнеріне және сахна мәдениетіне ерекше назар аударды.

«Батаменен ер көгерер, жауынменен жер көгерер» деген халқымыздың даналығы – ақ батаның қадір-қасиетін айқын көрсетеді. Ақ бата – адал ниет пен ізгі тілектің көрінісі ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани құндылық. Халық ақ батадан күш-қуат алып, жақсылыққа жол ашылады деп сенген.

Байқау басталар алдында өткен жылғы ақсақалдар арасындағы байқаудың жеңімпазы ортаға шақырылып, қатысушыларға ақ батасын берді. Бұл сәт жас буынға ерекше рух беріп, байқаудың мәнін тереңдете түсті.

Байқау қорытындысы бойынша қатысушылар екі жас ерекшелігі бойынша бағаланып, жүлделі орын иегерлері анықталды. Олардың ішінде үлкен топта Әли Байғазы, Әбунасыр Байларбек, Мейірлан Әлжан, Ержігіт Ораз болса, кіші топта Нұржалғас Пернебай, Нұрәли Данияр, Мағжан Ералы, Муслим Несіпбек, Әмір Нұржанов бар.

Осындай тағылымы мол іс-шаралар ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына ізгілік пен рухани байлықты сіңіруге үлкен үлес қосары сөзсіз.

Назым ҚОЖАМАР,

Шерхан Мұртаза

атындағы руханият және тарихтану орталығы

«Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар