Акцияның негізгі мақсаты – комитет тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін халыққа кеңінен таныстыру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Жиын барысында департамент мамандары соттылықтың бар-жоғы туралы анықтама алу, архивтік құжаттардың көшірмелерін алу секілді өзекті мәселелер бойынша кеңес берді.
Айта кетерлігі, комитет пен оның аумақтық органдары «Архивтік анықтамалар және архивтік құжаттардың көшірмелерін беру» қызметін көрсетеді. Бұл анықтамалар әсіресе саяси қуғын-сүргін құрбандарына мемлекеттік жәрдемақы тағайындау, шетелге тұрақты тұруға орналасу немесе оңалту үрдістері үшін қажет.
Департаменттің қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің прокуроры Гүлдана Дәуқараеваның айтуынша, мұндай «Ашық есік» күндері мемлекет пен қоғам арасындағы кері байланысты нығайтудың тиімді жолы.
– Іс-шара аясында тұрғындар тарапынан соттылық туралы анықтама алу мәселесіне қатысты сауалдар көп қойылды. Бұл түсінікті де, себебі азаматтар жұмысқа орналасу барысында құқықтық кедергілердің болмағанын қалайды. Біз өз тарапымыздан бұл анықтаманы алудың жолдары мен құқықтық негіздері бойынша толыққанды нұсқаулық бердік. Мақсатымыз – әрбір азаматтың мемлекеттік қызметті кедергісіз, ашық әрі заң аясында алуына жағдай жасау, – деді Г.Дәуқараева.
Мамандардың мәліметінше, жауапты органға жылына 10 мыңға жуық азамат түрлі мәселелер бойынша жүгінеді екен. Сондықтан халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕК




