Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Мирас» кеңесінің алғашқы отырысы өтті

«Мирас» кеңесінің алғашқы отырысы өтті
Автор
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Мирас» аймақтық кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Асқар Абдуалы жүргізді. Басқосуға партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы, сондай-ақ «ZOOM» арқылы аудан әкімдерінің орынбасарлары мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары қатысты.

Күн тәртібінде 2026 жылы өңірде аталып өтетін облыстық және республикалық деңгейдегі мерекелер мен атаулы күндерге дайындық жұмыстары және облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жерге орналастыру мемлекеттік актілерін дайындау мәселелері қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы баяндама жасады.

– 2026 жылы өңірде жоспарланған тарихи және мәдени маңызы бар атаулы және мерейтойлық күндердің тізбесі қалыптастырылды. Әрбір мерейтой бойынша жеке жұмыс жоспары бекітіліп, іс-шаралар жоспарлы түрде, белгіленген мерзімде ұйымдастырылуда. Айтап айтсақ, «ХХ ғасырдың Гомері», жырау, халық поэзиясының атасы, ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойы аясында оның өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік іс-шаралар өтті. Оның ішінде «Ұлы дала жыршысы Жамбыл Жабаевтың әдеби-рухани мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты ақындар айтысы, «Жыр алыбы – Жамбыл» атты жас ақындар мүшайрасы және тағы басқа білім беру, мәдениет, клуб, кітапхана ұйымдарында түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай ауқымды мәдени-танымдық шаралар, атап айтқанда, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында «Қош, махаббат» драмасы қойылды. Облыстық Мұқағали Мақатаев оқулары өтіп, ақынның 100 өлеңін жатқа білетін мектеп оқушылары сынға түсті. Алдағы уақытта Кәрім Баялиевтің 100 жылдығы, сатирик Темірбек Қожакеевтің 100 жылдығын, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығын, композитор, педагог, Қазақстанның халық әртісі Латиф Хамидидің 120 жылдығын, ағартушы, педагог, жазушы, этнограф Ыбырай Алтынсаринның 185 жылдығын республикалық деңгейде кеңінен атап өту жоспарлануда. Сонымен қатар облыс көлемінде Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақановның 90 жылдығы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ақын Күләш Ахметованың 80 жылдығы, спортшы, Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің 75 жылдығы және өзге де мәдениет, өнер, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мерейтойлары жоспарланып, уақытылы өткізілуі қамтамасыз етіледі. Жалпы облыстық және республикалық деңгейдегі мерекелер мен атаулы күндерді жоғары деңгейде өткізу бағытында тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде, – деді Ж.Нұрмолдаұлы.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Сауран Қалиев өңірдегі тарихи-мәдени мұра нысандарына жүргізіліп жатқан мониторинг, оларды тіркеу және жерге орналастыру құжаттарын әзірлеу жұмыстары туралы баяндады.

Жиын қорытындысында кеңес мүшелеріне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді уақытылы әрі сапалы шешу міндеті жүктелді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар