Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бекзат өнерді серік еткен Бекзат

Бекзат өнерді серік еткен Бекзат
Автор
Қазақ халқының қолөнері – ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Киіз басу, жүн иіру, сырмақ сыру, ою ойып, құрақ құрау – тек тұрмыстық қажеттілік қана емес, халқымыздың дүниетанымы мен талғамын танытатын өнер түрлері. Әрбір өрнектің өзіндік мәні, әрбір бұйымның өзіндік тарихы бар. Осындай ұлттық өнердің нәзік қыр-сырын бойына сіңіріп, бекзат өнерді серік еткен жандардың бірі – Бекзат Өмірбекова.

Бекзат Өмірбекованың балалығы анасы Боранкүлдің жүн иіріп, киіз басып, сырмақ тіккен сәттерінің бел ортасында өтті. Бала Бекзат та тұлымшағы желбіреп жүріп, қуыршақтарына қамзол, қос етек көйлек тігіп, ою ойып, құрақ құрап өсті. Сөйтіп анасының қасында жүріп, ине мен жіпті қалай ұстауды үйренді. Киіздің иісін, жүннің жұмсақтығын сезіне жүріп, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі арта түсті.

Анасының әрбір қимылы, әрбір ісі оған үлкен өнеге болды. «Шеше көрген тон пішер» демекші, анасының бүкіл еңбегі Бекзаттың жадында мәңгі сақталып қалған еді.

Уақыт өте келе Бекзат бұл өнерді тек қызығушылық емес, өмірінің бір бөлігіне айналдырды. Ол өзі қалаған үлгіде киім тігіп ала қоятын болды. Әрбір жасаған бұйымына жанын салып, ұқыптылықпен орындауға тырысты. Ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді үйлестіріп, ерекше дүниелер жасағанды жақсы көрді.

Бүгінде саусағынан бал тамған өнерлі келіншек жұмсақ жиһаздарды қаптап, қыз жасауын жасап, ұлттық киімдерді дайындап, сырмақ тігіп, жүннен түрлі бұйымдарды әзірлейді.

Бекзат Үсенқызының маңдай терімен әзірленген бұйымдардан қазақи рухтың жұпары аңқып тұрады. Әсіресе сырмақ сынды жүннен жасалатын қолөнер бұйымдарының жасалуы ұзақ уақытты алады.

– Алдымен жүн өңделеді. Сосын оны жуып, кептіріп, сабап, бояйды. Одан кейін түтеміз. Арнайы жүнді шиге салып, ыстық су бүркіп, басамыз. 2 сағат иленеді. Білектейміз, қарпимыз, ойдағы қалыңдықққа жеткенде барып кептіреміз. Киізден сырмақ тігіп, оюын ойып, беттестіре отырып дайындаймыз. Боялған жүннен жіп иіріп, оны сырмаққа әрлейміз. Бір сырмақтың жүнін дайындау үшін 15 күнге жуық уақыт кетеді. Дайын жүндерден бас киім, көкірекше, аяқкиім жасалады. Одан бөлек кесте де тігемін. Ұлттық киімдер мен құрақ көрпешелер дайындаймын. Мен жасаған бұйымдар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да оң бағасын алып, төбем көкке жеткен сәттің де куәсі болдым. Оюлардың үйлесімі арқылы қазақтың бай мәдениетін көрсеткім келеді. Ұлттық өнерді жаңғырту әрбір қолөнершінің басты мақсаты. Осы өнердің маңызын түсіндіруге де үлес қосып, төрт жылдың көлемінде қыз-келіншектерге өз білгенімді үйретіп жүрмін. Шәкірт тәрбиелеп, өз білгенімді өзгелермен бөліскенді ұнатамын. Анадан дарыған өнерді жалғастыруды парызым деп білемін, – дейді Бекзат.

Бүгінде «Заңғар» атты шеберханасын ашып, өз арманын жүзеге асырған кейіпкеріміз алдағы уақытта да ұлттық өнерімізді дәріптеу беруге ниетті.

– Басты мақсатым – дәстүрді ұмыттырмау. Еңбегім арқылы мәдени мұраны жаңғыртып жүргенім жүрегіме қуаныш ұялатады. Әрқашан ізденісте болып, жаңа идеялармен жұмыс істеуге ұмтыламын. Шеберлігім арқылы елге пайдамды тигізгім келеді. Әрбір жасаған бұйымым арқылы рухани құндылықтарды насихаттаймын. Алдағы уақытта да осы жолдан таймай, еңбектене беруге ниеттімін. Бізге тапсырыс берушілерге үйінің бір бөлмесін қазақы нақышта әрлеуге кеңес беріп келемін. Көбіне тапсырысқа құрақ көрпешелер мен сырмақ жасаушылар бұл сөзіме құлақ асып, үйінің бір бөлмесін ұлттық нақышта безендіріп жүр, – дейді Б. Үсенқызы.

Расында Бекзаттың еңбегі көпшілікке үлгі боларлықтай. Осындай жандардың арқасында қазақтың қолөнері мәңгі жасай береді. Нәзікжанды шебердің табандылығы мен еңбекқорлығы өзгелерге жігер береді. Оның жетістіктері – ұзақ жылғы еңбектерінің нәтижесі.

Ұлттық өнерді дамыту жолында талмай еңбек етіп келе жатқан осындай жандар қоғам үшін аса қымбат әрі ұлт үшін қажет. Олар өткен мен бүгіннің арасын жалғап тұрған алтын көпір іспетті. Жеткіншектерге бағыт-бағдар беріп, рухани құндылықтарды дәріптеу барысында Бекзаттың еңбегі әлі талай биіктерді бағындырады деп сенеміз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар