Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бейбіт елде өмір сүру бақыты бұйырыпты

Бейбіт елде өмір сүру бақыты бұйырыпты
Автор
Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында санамды «Менің маңдайыма осы бір ғажайып өлкеде, жер бетінің ең шуақты елінде ғұмыр кешу жазылыпты» деген ой тербейді. Бұл ойым – бұлжымас ақиқат. Иә, біз Еуропа мен Америка елдерінің жоғары экономикалық деңгейіне сүйсіне қараймыз. Бірақ сонымен бірге Африка жұртының тартқан тауқыметін, соғыс өрті шарпыған елдердегі халықтың жан түршігерлік тағдырын көргенде, тәубемізге келеміз.

Осындай сәтте ішімнен: «Шүкір, біз бейбіт елде ғұмыр кешіп келеміз», – деп шүкіршілік етіп отырамын. Тәуелсіздік алған күннен бастап мемлекетіміздің саясаты төзімділікке, өзара сыйластық пен татулыққа негізделді. Біз – бірлік пен ынтымақты басты құндылық еткен елде өмір сүріп жатырмыз.

Мұндай саясат ұстанған елде әскердің орны бөлек. Әскер – біздің айбынымыз, тыныштығымыздың берік қорғаны. Кезінде әскери қызметті таңдағанымды мақтан тұтамын. Міне, жиырма жылдан астам уақыт бойы Қарулы Күштер қатарында Отан үшін аянбай еңбек етіп келемін.

Менің өз тарихым – ұлы елімнің тарихымен тамырлас. Бойымда бірнеше ұлттың қаны бар. Славян тегі де, шығыс қаны да тоғысқан. Осы бір ерекше келбетім мені көпке жақын етеді. Қазаққа да, орысқа да, татар мен дүнгенге де, ұйғыр мен басқаларға да бауыр етіп тұрғандай. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ата-анам Ресейден Қазақстанға қоныс аударып, жанына жайлы оңтүстікті – Жамбыл облысын таңдапты. Дәл осы өлке менің туған жеріме айналды. Өскен қалам Жаңатастағы мектепте білім алған жылдарымдыеске алсам, көз алдыма сыныбымыз келеді. Қазақ, орыс, грек, неміс... Бізде «ұлт» деп бөліну деген болмайтын. Жай ғана дос, бірге өскен сыныптас едік.

Президентіміз әр сөзінде біздің көпұлтты ел екенімізді, татулық пен келісімде өмір сүруіміз керектігін үнемі айтып келеді. Мемлекеттің осы бір берік ұстанымы Қазақстанды мекен еткен әрбір жанның көңіліне жылу ұялатады.

Біздің бір-бірімізге сіңісіп кеткенімізді күнделікті тіршілігімізден де көруге болады. Ақтау мен Алматы арасындағы кез келген адамнан сұрасаңыз, сүйікті асы – бешбармақ, сыйлы қонағына ұсынары – бауырсақ, ал ең тәтті дәмі – шелпек.

Шет елдерге іссапармен барғанда «Мен Қазақстан азаматымын» деп мақтанышпен айтамын. Сонда сөйлескен адамдардың жанарынан құрмет пен таңданысты көремін. Жат жұрттықтар біздің ел туралы жақсы біледі. Олар Қазақстанды бейбітшілік мекені мен ұлттар татулығының ордасы деп таниды.

Әскер қатарында өзімді өте жайлы сезінемін. Осынша жылғы қызметімде ұлтаралық араздықтың нышанын да көрмеппін. Қызметтестерімнің арасында неміс те, ұйғыр да, татар мен кәріс те бар. Бізде түрлі ұлттың ұландары иық тіресе қызмет етеді. Әскери ұжымдардың жөні бөлек: оқу-жаттығулар, сапарлар, күн сайынғы таңғы сапқа тұру... Біз қатар тұрғанда ешқандай бөліну жоқ екенін анық сезінеміз. Біз – бір отбасы, бір халықпыз.

Әскердің басты міндеті – Отанды қорғау. Ал сол Отанның ішінде Қазақстан халқы бір болып ұйысқан. Осы бірлік көңілге қуаныш сыйлайды, өмірімізді мәнді етіп, балаларымыздың болашағына нық сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Өйткені болашақ – бірлігі бекем, айбынды әрі бейбіт елдің қолында.

Мереке құтты болсын, ағайын! Қазақстан халқының бірлігі күні берекелі болсын!

Дина Мухаринова,

ҚР Қорғаныс министрлігі Медиаконтент орталығы

Тараз гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, подполковник.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар