Сан ғасырлар бойы халқымыздың рухани жолында қызмет еткен айтыс өнерінің құдірет күштілігі бізге Сүйінбай, Кемпірбай, Шөже, Жамбыл, Біржан, Сара, Ұлбике секілді басқа да хас таланттардың сөз қағыстыруы арқылы жақсы таныс. Өз өңірімізден шыққан республикаға танымал Шорабек Айдаров, Әзімбек Жанқұлиев, Алтынкүл Қасымбекова, Мұхаметжан Тазабек, Ахметжан Өзбеков, Айнұр Тұрсынбаева секілді тағы да басқа ақындардың сөзі уақытында ел аузында жүрді. Тәуелсіз елімізбен бірге айтыс өнері қарыштап дамып, көрерменнің де талғамы өзгерді. Соның арқасында қазір көп алдына жады мықты, тапқыр, сөзі мірдің оғындай, кесек ойлы, суырыпсалма, әртістік, әншілік секілді бірнеше қабілетке ие дарындар суырылып шығуда. Бірақ солардың кейбірі жұрт алдында жаттанды сөз жырлайды, тіпті бір-бірімен келісіп алып айтысады дегенге сенесіз бе? Рас, айтыс ақынының қарсыласына іштей дайындығы болмаса, «Мен осы сөзді айтқанда, ол былай деп жауап қайтарса, мен сол кезде мына сөзді айтамын» деп жоспар құрмаса, қарсыласының жетегіне ілесіп кетсе, ол ақын сөз жоқ жеңіледі. Өйткені жазушы Мұхтар Әуезов «Айтысқа дайындықсыз шығу – теңізге ескексіз түскен қайықпен тең» деген екен. Қарсыласқа іштей дайындалу заңдылық, ал келісіп алып айтысу өнерге жасалған қиянат секілді көрінеді. Бұл жайында бізге ақын, Тараз қаласының тұрғыны Асқарбек Айдаров айтып берді. Өз сөзінде ол айтыс өнеріне тән талаптар ақиқаттан алшақтап бара жатқанына және ағасы, белгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаровтың 70 жасы елеусіз қалғанына қынжылды.
– Айтыстың бүгінгі жағдайына, ұйымдастырылу, өту барысына қарасаң, көңілде күмән көбейеді. Бұрын айтысты жұрт халықтың сөзін сөйлейтін бегзада өнер деп бағалаған. Шаппа-шап айтыстың қандай болатынын бұрынғының суырыпсалма ақындары өнерімен дәлелдеп тастаған. Ол кезде де ақындар қарсыласына іштей дайындалғанымен, қазіргідей бір-бірімен өзара келісіп, қулық-сұмдыққа бармаған, көрермендерге қиянат жасамаған. Ақындардың алдын ала келісіп алуын, айтыстың сценарий бойынша өтетінін халық сезіп отырады. Алдын ала жұптасқан ақындар «WhatsApp» мессенджері арқылы екеуара дайындалады, бір-біріне өлеңмен сұрақ-жауап жазады, сосын сахнада оны сценарий бойынша орындап шығады. Бүгінде айтыстың табиғи талабы, шынайылығы өзгеріп кетті. Қазіргі айтыс спектакль секілді. Одан қалса қарсыласының жеке басына тиісу көбейді. Сахнадағы сөздің салмағынан гөрі, бір-бірін мінеп-шенеп, елдің назарын соған аудару алдыңғы орынға шыққандай. Біле білсек, Шорабек Айдаров та айтыстан қарсыластың жеке басқа тиісуі себебінен кетті. Абай облысында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған айтыс ақындарының дүбірлі додасы өтті. Айтысты Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Әлтаев жүргізді. Дүйім жұртты желіктірген айтулы іс-шарада жұрт айтыстың әділ, тартысты өтетінінен дәмелі болды. Бірақ айтыс көріп айызы қанады деген елдің көңілінде көп сұрақ қалды. Мәселен, сол айтысқа облыстан бірде-бір айтыс ақыны қатыстырылмады. Бұл қалай болғаны сонда? Оның үстіне, сол айтыстағы қазылар алқасының құрамында да бірде-бір жамбылдық ақын болмады. Біздің өңірде айтысқа шығып жүрген жас, адуынды ақындар жоқ емес. Мысалы, Асхат Қылышбек, Қанат Мырзахан сияқты жігіттер бар. Сахнаға шықса, сөзден тосылмайтын, айтары бар жастар олар. Бірақ солардың неге бұл айтысқа қатыспағаны түсініксіз. Сол айтысқа төрелік еткен бес қазының үшеуі Қарағандыдан екен. Айтысты жүргізген Аманжол Әлтаев та сол жақтың азаматы. Соңында бас жүлдені де қарағандылық Мақсат Ақанов алды. Әрине, жүлдені кім лайықты болса, сол алсын. Оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ айтыс тізгінін ұстаған адамның, қазылар құрамының басым бөлігі, бас жүлде иегерлерінің жерлес болуы секілді бір-бірімен астасып жатқан жайттар жұрттың көкейінде күмән тудырды. Тағы бір айта кетер жайт, мысалы, біздің өңірде қандай да бір айтыс өтсе, аталған одаққа мүше ақындарды облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы өз бетінше шақыра алмайды, кімнің қай айтысқа қатысатынын одақ шешеді. Айтыс екі ақынның келісімен өткен соң ба, финал болмайды. Айтыс өнері дами ма десек, керісінше бір ғасыр артқа кетіп бара жатқандай. Оның үстіне, былтыр 70 жасқа толған Шорабек Айдаровтың мерейтойы да елеусіз қалғаны көңілге қаяу түсірді. Былтыр тойы облыстық деңгейде атап өтілетіндігі айтылғанымен, ел-жұртқа масқара болдық. Облыс әкімі рұқсат берген, бірақ ақша жоқ дегені сылтау болды. Халықаралық айтыс ақындары, жыршы-термешілер орталығы да үнсіз қалды, бір жапырақ мадақтама қағаз да берген жоқ. Тіпті облыста Ж.Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай жақында өткелі жатқан аламан айтыстың да қазылар құрамына енген жоқ. Бұл жерде мәселе Шөкеңнің шашбауын көтеруде емес, жылдар бойы жамбылдық бірталай дарынның жарыққа шығуына әсері тиген, халықтық өнердің дамуына өзіндік үлес қосқан, Әулиеата өңірінің қолынан келгенше намысын қорғаған адамға лайықты құрметтің көрсетілмеуі ойланарлық жайт. Біз қазір «Әділетті Қазақстан» деп жүрміз ғой. Әділеттілікті әркім өзінен, айналасынан бастауы керек. Айтыстың әділдігі мен ашықтығы қамтамасыз етілмей сөз өнері дамымайды. Егер бәрі алдын ала келісіліп, кімнің қай жерде қалай айтысатыны, жүлдені кім алатыны белгілі болса, онда айтыс шынайылығын жоғалтады. Айтыс – сахна қойылымы емес, ол халықтың көз алдында өтетін ұлы өнер, – дейді Асқарбек Бәтейұлы.
Ш.Айдаровқа лайықты құрмет көрсетілмей жатқаны туралы прокуратура саласының ардагері Әбиірбек Қонысбаев та жақында «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында арнайы жазба жариялаған болатын. Ол өз жазбасында аймақтың мәдениетіне өзіндік үлесін қосқан талантты ақын Шорабек Айдаровтың мұраларын насихаттауда жауапты тұлғалардың бейжайлық танытып отырғанын, 70 жасқа толған мерейтойының өтпеуі осы сөзінің дәлелі екенін айтып, шәкірттерінің де үндемей қалғанын сынға алды.
Шорабек Айдаровтың шәкірттерінің бірі – ақын, Назарбаев зияткерлік мектебінің мүғалімі Райхан Мәселбекова. Ол кісі маған жерлес болғаннан кейін бұл істе неге үн қатпай отырғанын білмекке үйіне бардым.
– Әбиірбек Қонысбаевтің пікірімен толық келісемін. Егер мен сөзі жүріп тұрған билік адамы болсам, қолымнан келгенінше күресер едім. Бірақ абыз ақынымыздың көзі тірісінде осындай теперіш көріп жүргені ел тұтқасын ұстап жүрген азаматтарға, оның ішінде Жамбыл өңірінің мәдениет саласына жауапты тұлғаларға үлкен сын. Келісіп айтысу деген өрені де, өнерді де өсірмейді. Бұдан айтыс дамымайды, ақынның өресі де, өлеңі де өшеді. Егер келісіп алып айтыса беруге болатын болса, мен де қазірге дейін өнерге емес, дүниеге құнығып, атақ қуып, сахнада жүре берер едім. Біз ақын болып топқа түскенде ұстазымыз Шөкең «Келісіп айтыспа, Келісіп айтысамын деп ауызың кебістей болмасын» деп отыратын. Сол кезде бұған онша мән бермеген едік. Сөйтсек, келісіп алып айтысқысы келетіндер біздің кезімізде де болған сияқты. Бұрынғы заманда ақындар жердің шалғайлығынан, бір-бірімен кездесуге мүмкіндігі болмаған соң, хат арқылы сөз қағыстырып, шамаларын байқаған. Қазір әлеуметтік желіде спортшылар бір-біріне қоқаңдап, «мықты болсаң жекпе- жекке кел» деп жатады ғой, бұл да сол сияқты әлеуеттерін сынау. Сол секілді газет арқылы жазба айтыс та ұйымдастырылатын. Газеттегі айтыс сөз жарыстырудың форматы ғана. Ол жерде ешқандай да келісу болмайды. Мысалы, Алик Бекмұсаевпен газет арқылы айтысқаным бар. Арамызда келісіп айтысу деген болған жоқ. Сосын келісіп айтысудың тағы бір жаман жері бар. Мысалы, келіскен қарсыласың бақай есебін түгендеп, сөзінен тайқып, уағдаласқаннан бөлек өз ойын да қосып айтуы мүмкін. Мұндай тосын шабуылды күтпеген ақын сөзсіз ұтылады. Себебі ол дайын сценарийге өзін бағдарлап қойған соң тығырыққа тіреледі, – деді Райхан Алмасбекқызы.
Ауылдан сол күні Р.Мәселбекованың үйіне әкесі келген екен. Ол кісі айтысты сүйіп тыңдайтын, өнерге жанашыр көрерменнің қатарында. Орайы келгенде қарияны да сөзге тартып, пікірін білдік.
– Қазіргі ақындардың көбісінің мақамы бір-бірінен айнымайды. Мысалы, өздерің сөз етіп отырған Шорабек Айдаров, Айтақын Бұлғақов, Әселхан Қалыбекова, Бабаш Кәкенов, Мұхаметжан Тазабек, Оразалы Досбосынов, Әбілхайыр Сыздықов, Айнұр Тұрсынбаева, Шырынбек Қойлыбаев сынды көптеген ақынның өз мақамы, өз стилі болды. Жұрт кімнің айтысып жатқанын даусы тұрмақ, домбыра қағысынан-ақ бірден танитын. Қазіргі ақындардың өз мақамының болмауын, стилін таппауын соларға еліктеп жүргеннен бе деп те ойлаймын. Мүмкін сөз саптауына сол мақамдар жеңіл келетін шығар. Келісіп алып айтысатын ақындардың бар екенін кейінгі кезде ести бастадық қой. Бұған үзілді-кесілді қарсымын, табан астында суырып айтып, оқиғаны сол жерде өрбітпегеннен кейін оның құны да, құнары да болмайды. Кейде ақындар арасында бірлі-жарымы бір-бірімен жауаптасқанда сөздің үтір-нүктесіне дейін кідірмей, талай шумақты тақылдаған таңдайынан төге салады. Ол мүмкін емес қой, әрине оның келісілген, жаттанды дүние екенін ішің сезіп отырады. Келіспей, талантына табан астында жүгінетін ақындар меніңше сырттағы қазақтар. Мысалы, Қытайдағы қандастарымыздың айтыс барысындағы сөзінде көркемдік кемшін түсуі мүмкін, бірақ олардың шынайы айтысатынын жауап қайтарудағы іс-әрекеті арқылы сезіп отырасың, жауап қайтарғанша жаның бірге қиналады. Міне, шынайы айтыстың ауыртпалығы, жауапкершілігі, адамды өз иіріміне тартып әкетіп, солармен бірге өмір кешіп жатқандай күйге түсуіңнің, сезімге берілуіңнің сыры осында жатыр. Кезінде біздің облыстағы айтыс ақындарының жанған жұлдызы көптеген жыл бойы жарқырап тұрды. Қазір еліміздің шығысындағы ақындар қамшы салдырмай отыр. Мәдениет саласының мамандарын «Әулиеаталық ақындардың бағы қазір неге жанбай жүр?» деген сұрақ мазалауы керек. Шорабек Таразда жүргенде оның маңайына кіл мықтылар жиналды, соның заманында айтыс сайын облыстың абыройы асқақтады. Ол сыртқа кеткелі өңір айтысының да басынан бағы ұшқандай, бабы келмей жатқандай көрінеді. Сөйткен Шорабекті қоғамның елемегенін көрген жас айтыс ақыны, шынт талант иесі, «айтыстың бергені осы болса, онда бағытым басқа» деп қолын бір сілтеуі мүмкін. Содан кейін амал жоқ, күніміз келісіп алып айтысатын «халтурчиктерге» қарап қалуы ғажап емес», – деді қария.
Осы орайда біз облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының басшысы Ахметжан Өзбековке жолығып, мәселенің мәнісіне үңіліп көрдік. Жоғарыда сөз болған уәж негізінде бірқатар сұраққа жауап алуға тырыстық.
– Өте орынды сұрақ қойып отырсың. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, бұл айтыс ақындары, жалпы әр қазақ сұрауға қақылы мәселе. Аллаға шүкір, қазір айтыс жер-жерде көптеп ұйымдастырылып жатыр. Біздің ақындар сыртқа шығып, өз өнерімен жұртты тәнті етуде. Мысалы, жақында Қызылордада өткен айтысқа Алтынкүл Қасымбекова, Нұрлыбек Құрманов қатысып, бар өнерін салды. Өзім де республикалық айтыстарға орайы келгенде қазылық етіп жүрмін. Мәселен, жуырда қазылар алқасының мүшесі ретінде Өскеменге барып-келдім. Бір айта кетер жайт, қай өңірде болсын айтысты ұйымдастырушылар ақынды халықтың сұранысымен шақырады. Мысалы, халық «Осы айтысқа Жансая Мусина немесе Мақсат Аханов қатысса екен» деуі мүмкін. Бұрын аламан айтыстарға 30-40 ақын шақырылатын, уақыт шектелмейтін, екі күн бойы жыр дүлдүлдері сөз жарыстырып, шын жүйрік осылай анықталатын. Қазір бір-екі жыл болды, уақыт шектеулі. Айтыс бір күнде өтеді, уақыт та көп берілмейді. Ары кетсе 12-14 ақыннан шақырылады. Облыстың жыр сүлейлері Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған айтысқа бармаса, басқасына қатысып жүр. Елімізде халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы жұмыс істейді. Оған мүше ақындар жетерлік. Оның ішінде кейбірі айтысқа қазылық етсе, енді бірі айтысқа қатысып, аламанның көрігін қыздыруы мүмкін. Абайдың құрметіне өткен айтыста да солай болды деп ойлаймын. Осы айтыста қарағандылықтар тізгін ұстап, солар қазылық етіп, жергілікті жердегі ақынның абыройы асқақ болды дейтін мәселеге келсек, әркім әртүрлі ойлайды, әртүрлі айта береді ғой. Мысалы, бұрын Жамбыл облысының ақындары дүрілдеп тұрған кезде Мұхамеджан Тазабек, Айнұр Тұрсынбаева, Шырынбек Қойлыбаевтар бір айтысқа қатысып, жүлде біткенді солар алып кететін. Сол кезде де жұрт арасында «Жүлдені тек Жамбыл облысы ала бере ме?» деген сөз айтылған. Сондай да кездер болады. Өз басым Айнұр Тұрсынбаеваны облысқа сан мәрте шақырдым. Жандарбек Бұлғақовты да 3-4 мәрте шақырып, айтысқа қатыстыра алмадым. Жақында Жүрсін Ерманның тойында өзімен кездесудің сәті түсті. Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың құрметіне өтетін осы айтысқа қатысуға қолқа салдым, бірақ ыңғай танытпады. Балғынбекпен де кезінде арада осыған ұқсас жағдай болған. Басқа өңірде қандай екенін білмеймін, біздің аймаққа қатысты мен білетін жайт осы, – деді ол.
Ахметжан Өзбеков келісіп айтысу үрдісінің бар екенін жасырмады. Ол барлық мәселе сұранысқа қарай туындайтынын айтады. Баяғыда Кемпірбай, Әсет секілді ақындар хат алмасу арқылы да айтысқанын, жазба айтыс газет беттерінде де ұйымдастырылғанын сөзіне мысал етті. Пайымымызша, келісіп айтысу да заман талабынан туындаған.
– Қазір айтысты сағаттап тыңдап отыратын көрермен жоқ, өйткені уақыт тапшы. Бұрын екі ақын сөз қағыстырып 40 минут, бір сағат айтысып отыра беретін. Бұрынғы айтыстар той-томалақ, ас-жиындарда далалық сахнада өтетін. Қойшылардың слетінде де талай айтыс ұйымдастырылып, оларды жұрт тапжылмай отырып тыңдайтын. Қазір ондай айтыс жасап көрерменді ұстай алмайсың, өйткені елдің уақыты жоқ. Негізінде келіспей айтысқаннан, келісіп айтысқан қиын. Сценарий жазу, драмалық туынды жасау, не айтып, не қоятыныңды, неден бастайтының жөнінде халықтың көңілінен шығатын дүние шығару оңай емес. «Мен мынаны айтсам, сен мынаны айтасың» деген келісім арқылы екеуі жарты сағат айтысса, 50-80 шумақтан айтылады. Бұл шындап келгенде драмалық көрініс секілді. Осындай сахналық өнер арқылы халықтың көңілінен шығу, оны жүзеге асыру қияметтің қияметі. Ақындар сондай айтыс жасағаны үшін қол шапалақтауға болады. Дегенмен келісіп айтысатын ақындардың да суырып салуға тура келетін кезі болады. Қазіргі уақытта айтысты ұйымдастыруда оңай емес. Айтыстың алғашқы жұбына кім шығатыны да ойластырылады. Бұл мәселеде алдымен елді өз сөзіне ұйыта алатын жұп таңдалады, осылайша мықты ақындар сахна төріне бірінші болып көтеріледі. Егер алғашқы жұптың айтысы тартысты өтпесе, халықтың да айтыс көруге деген ынтасы төмендеп, сылбыр басталған сол дода соңына дейін қызықсыз өтеді. Көрерменнің айтысқа көңілі толмаса біртіндеп залдан шығып кетеді. Мысалы, үйіңе қонақ шақырсаң, бір-бірімен тіл табыса алмайтындарды қатар отырғызбайсың ғой. Қандай да бір отырыста «қап, пәленше мен түгенше де арамызда болғанда ішіміз пыспайтын еді» деп біреуді біреу іздеп, соның көп ортасында болғанын қалап жатады. Айтыс та сол сияқты. Бір-бірін ашатын, бірінің қалжыңын бірі іліп әкететін ақындарды жұптауға көңіл бөлінеді. Ал енді финалдың өтпеуі, біреуге жүлденің бұра тартылғандай көрінуін сөз етсек, қазылар ақынның өнерімен қатар өзінің айтысты түсіну деңгейіне, өзінің әділеттілігіне баға береді. Жазба ақындардың мүшайрасына қатысқан ақындардың әлеуетін анықтағанда қазылар шайырдың 10 шумақ, ары кетсе 20-30 шумақ өлеңін 4-5 адам бір күн бойы талдайды. Ал айтыста бір мезетте көптеген шумақ айтылады. Соның ішінде біреудің өлеңінің қуаттылығына баға берілуі мүмкін, тағы біреуі ғажайып ой айтылған бір шумақпен бас бәйгені алып кетуі ғажап емес. Негізі қай ақынның қандай деңгейде айтысып жатқанын финалсыз да аңғаруға болады. Жалпы айтысқа төрелік жасау қазыға да, ақынға да, көрерменге де ауыр, – деді Ахметжан Орынбасарұлы.
Сондай-ақ А.Өзбеков облыстың кезінде Шорабек Айдаровтың 60 жас тойын дүркіретіп өткізгенін, астына ат мінгізіп, иығына зерлі шапан жапқанын сөз ете келе, биылғы мерейтойын демеушілер тарапынан жасап беруді ойластырғанын, бірақ мерейтой иесі оны құп алмағанын жеткізді.
– Мұндайда бәріміз ақындардың маршалы М.Мақатаевқа жүгінеміз ғой. Оның «Болашаққа арыз жазып кетейін» атты өлеңі:
Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай,
Мына адамдар неге жатыр тойламай?
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай,– деген шумақпен басталады. Бірақ бұл елдің бәрі сондай болсын деген ниетпен айтылып отырған жоқ. Шорабек Айдаровтың 60 жасын Талас ауданы, Қаратау қаласында дүркіретіп тойлағанбыз. Ол мерейтойды облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы өткізді. Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабек, Балғынбек Имашев, Мұхтар Ниязов келіп қатысқан. Ақындардың барлығына сый-сияпат жасалған, Шөкең астына ат мінген. Сол жолғы той керемет деңгейде ұйымдастырылды. Менің ойымша мемлекет ақынның 50, 60, 70 жасын үздіксіз жасап беріп отыруы керек деген қағида жоқ шығар. Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының облыстық филиалының төрағасы болғаннан кейін былтыр Асқарбек Айдаровпен сөйлескенбіз. Шөкеңнің мерейтойын одақтың ұйытқы болуымен атап өту жөнінде ой ұсындым. А.Тоқпанов атындағы облыстық академиялық драма театрды немесе «Баласағұн» орталық концерт залын тегін сұрап алып, сахналық көрініс, айтыс ұйымдастыру, өнерпаздарға ақын өлеңін жатқа оқыту секілді шығармашылық тұрғыдағы міндеттемелерді мойныма алатынымды айттым. Астына көлік мінгізіп, иығына шапан жабудан басқасының бәрін өзім атқаратынымды жеткіздім. Бірақ ол кісі сырттан келетін қонақтарды күту, оларға сый-сияпат жасау, Шөкеңнің өзіне құрмет көрсету секілді мәселелерде қаржы қажеттілігі туындайтынын айтып, бұл ұсыныстан бас тартты. Ал ол шаруа менің қолымнан келмейді. Жақында ақынның «Жарық сәуе» атты кітабы шықты ғой, оны да жарыққа шығару бойынша бізге өтініш жасалған. Біз кейінірек шығарып беруді ұсындық. Өйткені біздің мекеменің ақындардың кітабын шығару жөнінде функцияналдық міндеті жоқ. Десе де бұл істе демеушілер көмегіне жүгінуді ойлағанбыз. Өткенде А.Айдаров хабарласып, «Шөкеңнің кітабы шықты, кітапханаларға өткізіп бер» деп қолқа салды. Мен оны қалай сатып аламын, қай кітапхананың «кітап ал» деп есігін қағамын? Қазір нарықтың заманы. Кез келген ел іздеп жүріп оқитын кітап өзі-ақ сатылып кетеді.
Шөкең барлық жағынан құрметті ағамыз, егер облыста бұдан кейін де қандайда бір айтыс өтетін болса, оған төрелік ететін қазылар алқасына мүше болуға шақырудан қашпаймыз,– деді ол.
Біздің мақсатымыз – редакцияның есігін қағып, мәселе көтерген Асқарбек Айдаровтың уәжін ескерусіз қалдырмау. Осы ой жетегімен екі тарапты да тыңдадық, айтар ойын бүкпесіз, боямасыз беруге тырыстық. Ақынға лайықты құрмет көрсетілмей жатқаны да, қолдан келер қайырдың осы болғаны да шындық шығар. Бір анығы, мәселе тиісті деңгейде қолдау тауып, жауапты орындар шындап назар аударғанда, ақынның мерейтойы да лайықты аталып өтіп, жарық көрген кітабы да ел арасына кеңірек тарар ма еді? Мұндай жағдайда бұл мәселе де сөз болмай, осы мақала да жазылмас еді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




