Жасанды жасанды интеллект білім беру интеллект білім беру ісінде көмекші ме?
- author AR-AY
- Бүгін, 14:05
- 15
Нейрожелі пайда болғанда мұғалімдер балалар үй тапсырмасын орындағанда жасанды интеллектінің жазып бергенін көшіріп алады деп қорыққан болатын. Солай десек те қазір бұл технология оқу процесінің ажырамас бөлігіне айналды. Осылайша бұрыннан келе жатқан оқу жүйесі заман талабына сай түбегейлі өзгеріп жатыр. Мәселен, елімізде білім беру саласына жасанды интеллект құралдарын енгізу мақсатында ұлттық жоба іске қосылды. Бұл бастама «OpenAI» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.
«ChatGPT Edu» – білім беру мекемелеріне арналып арнайы әзірленген «ChatGPT» нұсқасы. Бұл жүйе оқу орындарына жасанды интеллектінің озық функцияларын пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ деректер қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етеді. Педагогтар бұл құралды сабақ жоспарын құру, тапсырмалар мен тест сұрақтарын дайындау, оқу материалдарын әр оқушының деңгейіне бейімдеу үшін пайдалана алады. Жоба нәтижесінде педагогтардың сабаққа дайындалуға, тапсырмаларды тексеруге және есеп беруге кететін уақыты қысқарады.
Тағы бір жағымды жаңалық – Тараз қаласында халықаралық жасанды интеллект зертханаларын ашу жоспарланып отыр. Жуық арада аймақтың жетекші оқу орындарында инновациялық алаңдар іске қосылмақ. Мәселен, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Tomorrow School» зертханасы мен «AI Innovation Academy» орталығын ашу көзделген.
Облыстық техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының директоры Айбар Сапарғали бұл бастаманың басты мақсаты өңір экономикасының нақты секторына жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу екенін атап өтті. Аталған зертханалар студенттер үшін заманауи білім мен тәжірибені ұштастыратын ортаға айналмақ. Мұнда жастар нейрожелілерді өндірістік үдерістерді оңтайландыруда, агроөнеркәсіп кешенінде және қалалық шаруашылықта тиімді қолдануды меңгереді.
Жалпы бұл жоба колледждердің материалдық техникалық базасын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстың заңды жалғасы болмақ. Өткен жылы өңірдегі оқу орындарын дамытуға 384 миллион теңге бөлініп, бұл іске «KNAUF» пен «Smart Light Group» секілді компаниялар да атсалысыпты.
Биылғы басымдық ақылы технологияларға берілмек. Жаңа зертханалармен қатар педагогтардың шетелде біліктілігін арттыру мүмкіндіктері кеңейтіліп, жасанды интеллект бағдарламалары қолданыстағы салалық хабтарға кезең-кезеңімен енгізіледі.
Осылайша білім беру жүйесі айтарлықтай трансформациялық кезеңді бастан кешіп отыр. Бір қарағанда технологияның қарыштап дамуы оқу үдерісін жеңілдеткендей көрінгенімен, мәселенің екінші терең талдауды қажет ететін жағы да бар. Педагогтар қауымы ақпаратты іздеу мен жүйелеуді технологияның еншісіне толықтай тапсыру білім алушылардың сыни ойлау қабілетін тұралатып, дербес ізденіс дағдыларын жойып алуы мүмкін деп қауіптенеді. Бұған қоса академиялық адалдықты сақтау мәселесінде плагиатты анықтаудың дәстүрлі әдістері қауқарсыздық танытып, жиі даулы жағдайларға негіз болуда. Десе де заман ағымын саралаған мамандар ертеңгі күнге үлкен үмітпен қарайды.
Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Мирлан Жусамбаев қазіргі таңда ұстаздардың жасанды интеллектпен тікелей бәсекеге түсіп жатқанын тілге тиек етті. Бүгінгі ұрпақтың қолындағы интернет – кез келген сәтте сұраққа жауап беретін шексіз мүмкіндіктер әлемі. Ал мұғалім шәкіртінің қасында тек белгілі бір уақытта ғана болады. Сондықтан педагог үшін ең басты міндет – оқушы санасына нейрожелінің есептерді әрдайым мінсіз шеше бермейтінін, кейде тіпті жалған мәліметтер ұсынатынын сіңіру.
– Жасанды интеллектінің өзі жауаптың дәлдігіне кепілдік бермейтінін ескерткенімен, өрендер нейрожелі жазып берген жұмыстың сапасына күмән келтірмейді. Алайда тәжірибелі ұстаз үшін оқушының төл туындысы мен ЖИ-дің өнімін ажырату қиын емес. Кәсіби шеберлік кез келген цифрлық мәтіннің сырын аша алады. Айталық, нейрожеліге тән бірсарынды қайталаулар, оқушы табиғатына жат стильдік шұбалаңқылықтар мен тыныс белгілерінің ерекше қойылуы жасанды интеллект арқылы жазылғанын білдіртіп тұрады, – дейді М.Жусамбаев.
Алгоритмдердің өзіндік қолтаңбасы әсіресе күрделі есептерді шешу барысында айқын аңғарылады. Мәселен, мұғалім нақты нәтижеге тезірек қол жеткізу үшін бір ғана тиімді формуланы қолдануды үйретсе, жасанды интеллект, керісінше, барынша ұзақ әрі қиын жолды таңдайды. Ол тапсырманы бірнеше жеке кезеңге жіктеп, шешім жолдарын егжей-тегжейлі талдап барып қана жауабын ұсынады. Соның салдарынан мектеп оқушысының есепті өз бетінше шығаруында қиындықтар туындайды.
Ал Тараз қаласындағы №24 гимназияның қазақ тілі пәнінің мұғалімі Фируза Сапарбектің пайымдауынша, орыстілді ортада мұндай айла-шарғылар кейде тіпті ақылға сыйымсыз, күлкілі жағдайларға әкеп соғады.
– Мен бастауыш сыныптарға дәріс беремін. Кіші сыныптағы оқушылар, шынын айтқанда, ана тіліміздегі күнделікті ең қарапайым тіркестердің өзін біле бермейді. Алайда соңғы уақытта үй тапсырмаларын тексергенде өзіміз сирек қолданатын көне немесе тым күрделі сөздерді жиі кездестіріп жүрмін.
Оқушылар мектепте аптасына төрт рет қазақ тілін оқығанымен, берілетін білім терең меңгеру үшін жеткіліксіз. Егер бала үйінде немесе достарымен қазақша сөйлеспесе, оқу аздық етеді. Тілдік орта болмағандықтан ойлау деңгейі де шектеулі болып қалады. Соның кесірінен балалар жасанды интеллектіні пайдалы құрал ретінде дұрыс жағынан қолдана алмайды. Олар бар болғаны тапсырманы суретке түсіріп, дайын жауапты алады да, оның мәніне түсінбестен дәптеріне көшіре салады, – дейді ұстаз.
Жасанды интеллектінің (ЖИ) мүмкіндіктері кейде күлкілі жағдайларға да себеп болып жатады. Нейрожелінің сауалға жауап бергеннен кейін тақырыпты әрі қарай өрбітуді немесе мәтінді толықтыруды ұсынып отыратынын бәріміз білеміз.
Ұстаз Фируза Сапарбектің айтуынша, көмекші құралдың не жазғанына мән берместен, мәтінді тегіс көшіре салатын оқушылар көп екен. – Бірде бір оқушының тақтаға шығып, берілген шығарманың мазмұнын байыппен баяндап болған соң сөзін «Мәтінді қызықты деректермен толықтырғыңыз келе ме?» – деп аяқтағаны еріксіз ойға қалдырды.
Негізінде өзім сабақ беретін бастауыш сынып оқушылары ата-анасының бақылауында болғандықтан ба, жасанды интеллектке аса иек арта бермейді. Алайда төртінші сыныптан бастап балалардың түрлі айла-тәсілге көшетіні байқалады.
Дегенмен жасанды интеллект әзірге мінсіз аудармашы деңгейіне жете қойған жоқ. Әсіресе қазақтың көркем әдеби тіліне келгенде дәрменсіздік танытады. Рас, базардағы екі адамның қарапайым диалогындай жеңіл тапсырмаларды орындай алады. Бірақ тіл күрделенгенде мәселе ушыға түседі. Көп жағдайда сөйлемнің мағынасы бұрмаланып, орынсыз ауыр тіркестер қолданылып жатады. Соның салдарынан баланың қойған сұрағы бір басқа да, алынған жауап мүлде басқа болып шығады, – деп түйіндеді мұғалім.
Мирлан Жусамбаев бұл мәселеде әріптесінің пікірін қолдайды. Физиктің пайымынша, жасанды интеллект есеп қисапта қателесетінімен қоймай, баланы түбегейлі жаңсақ түсінікке жетелеуі де мүмкін. Ал педагог соңғы шешім әрдайым адам тарапынан қабылдануы тиіс деген ұстанымды алға тартады.
– Оқушының белгілі бір тақырыпты түсінуі үшін жасанды интеллектіге жүгінуіне болады. Бірақ оның қандай ақпаратты ақиқат ретінде қабылдайтынын біз бақылауда ұстауымыз қажет. Мен өзім де нейрожелілердің көмегіне жиі жүгінемін. Алайда білікті, тәжірибелі маман қателікті бірден аңғарып, одан сақтана алады. Ал балалар үшін жалған ақпарат пен нақты деректі ажырату кейде өте қиынға соғады, – дейді ұстаз.
Оқытушылардың п і к і р і н ш е , технологиялар дамыған заманда білімді тексеру тәсілін де өзгерту қажет. Егер үй тапсырмасын оқушының өзі орындады ма деген күмән туса, оны сыныпта тексеру ең тиімді жол саналады. М.Жусамбаевтың сөзіне сүйенсек, оқушыны тақтаға шығарып, ұқсас тапсырма берсе жеткілікті. Егер бала сабақта аса белсенді болмаса, бірақ үй жұмыстары өте жақсы орындалып келсе, мұндай жағдайда бәрі бірден аңғарылады.
Тіл үйретуде де басты назар бетпе-бет диалог құруға аударылады. Мұғалімдер оқушының жазбаша емес, ауызша ойын жеткізе алуына мән береді. Сол үшін балалардан мәтінді мазмұндап беруін немесе сұраққа жауап ретінде бірнеше сөйлем құрауын сұрайды. Бала қателессе де өз ойын айтуға тырысқаны маңызды деп есептеледі. Өйткені тіл үйренудің ең тиімді жолы – еркін сөйлеуге дағдылану.
Сонымен қатар мұғалімдер оқушыларға қатал жаза қолданудан гөрі, түсіндіру жолын дұрыс көреді. Егер бала тапсырманы жасанды интеллект көмегімен орындаса, бірден төмен баға қоюдан бұрын онымен сөйлесіп, оның пайдасы жоқ екенін ұғындырғаны абзал. Өйткені дайын жауапты көшіру білім беруге жатпайды, ең бастысы, мұндай оқу тәсілі емтихан кезінде көмектеспейді. Жасанды интеллектіні шамадан тыс қолдануды азайту үшін мұғалімдер тапсырмаларды да өзгертіп отыр. Мысалы, өлең жаттау немесе сөздік қорды дамытуға арналған жұмыстарға көбірек көңіл бөлінеді.
Соған қарамастан мұғалімдер жасанды интеллектіден түбегейлі бас тартпайды. Керісінше, оны дұрыс қолдана білсе, пайдалы құрал деп есептейді. Қазір мұғалімдерге арнайы сабақтар мен семинарлар өткізіліп, жаңа технологияларды тиімді пайдалану жолдары үйретілуде. Мысалы, Фируза Сапарбек жасанды интеллектінің көмегімен өмірден өтіп кеткен ақындардың бейнесін жасап, олардың шығармаларын оқып тұрғандай әсер беретін бейнероликтер дайындайды. Бұл оқушылардың қызығушылығын арттырып, сабақты тартымды етеді. Ал Мирлан Жусамбаев жасанды интеллектіні сабақ жоспарын құруға және жаңа идеялар табуға қолданады. Бірақ сабақ барысында балаларға өз қолымен жасап көруге мүмкіндік беруге тырысады, өйткені мұндай тәжірибені ешқандай технология толық алмастыра алмайды.
Жалпы мұғалімдер жасанды интеллектіні толықтай шектеу мүмкін емес екенін жақсы түсінеді. Мектептен тыс жерде балалар бәрібір оны қолдана алады. Сондықтан ең дұрыс жол – тыйым салу емес, бейімделу. Оқушыларға жасанды интеллектінің қателесуі мүмкін екенін көрсетіп, ақпаратты дұрыс бағалауды үйрету маңызды.
Ақтоты Жаңабай




