Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жер алып бергіш «жәрдемшілер» көбейді

Жер алып бергіш «жәрдемшілер» көбейді
Автор
Қазақ – дарқан даласы, ұлан-ғайыр жері бар халық. Бұл сөз барлығымызға таныс әрі жиі естиміз. Еліміз жер көлемі бойынша әлемдегі іргелі елдердің қатарында. Сандарды сөйлетер болсақ, жалпы аумағы – 2 724 900 шаршы шақырым болатын Қазақстан жаһандық кестеде тоғызыншы орында тұр.

Қазақстанда халық саны 20 миллионнан асып жығылса, облысымызда 1 миллион 200 мыңнан асады. Ал мемлекетіміздің Ата заңына сәйкес, әрбір он сегіз жасқа толған азамат мемлекеттен тегін жер алуға құқылы. Бұл жөнінде Жер кодексінің 50-бабында атап көрсетілген. Тек жасыңыз 18 немесе одан жоғары болуы, бұрын бұл қызметке жүгінбеген болуыңыз шарт.

Бүгінде жер алуға өтінім беру ісі «eGov.kz» порталы арқылы онлайн түрде жүзеге асады. Дегенмен жер телімі бірден берілмейді. Себебі алдымен жол, су, жарық, газ секілді инженерлік инфрақұрылым дайындалып, елді мекеннің бас жоспарына сәйкес бос аумақ болуы тиіс. Сондықтан жер телімдері дайындық жұмыстары аяқталған соң ғана кезек тәртібімен беріледі. Заңнамаға сәйкес, жер телімдері жеке тұрғын үй құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық, бау-бақша немесе саяжай жүргізу мақсатында үлестіріледі. Алайда «eGov.kz» порталында көрсетілген жер теліміне тұрғындар өтініш білдіргенде ол жер учаскесінің түрлі себеппен берілмейтінін алға тартатын әкімдіктер де бар. Мысалы, осыған ұқсас жағдай Байзақ ауданының Қостөбе ауылдық округінде орын алуда. Ауылдық округ әкімі Мұхтар Мамышевқа хабарласқанымызда, ол елді мекендегі жағдайға тоқталып, соңғы кезде өтінімнің күрт көбейгенін, оған әлеуметтік желінің әсер еткенін айтты.

– Қостөбе ауылдық округінің бүгінгі аумағы 2955 гектарды құраса, оның ішінде 1060 гектары егістік, 773 гектары жайылымдық жерлер. Қазіргі таңда біздің ауылдық округтегі 406 аулада 2025 адам тұрып жатыр. Әрине, халық саны өскен сайын жер теліміне деген сұраныс та артатыны заңдылық. Бүгінде жер кезегінде 2015 азамат тіркелген. Біз тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін заң аясында шешіп келеміз. Мәселен, ауылдың «Бурыл» массивінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін 20 гектар жер бөлініп, ол аумаққа тас жол, электр желісі және газ құбыры толық жүргізілді. Тек ауызсу жүйесін тарту жұмыстары алдағы уақыттың еншісінде. Жалпы 2020 жылдан бастап жер учаскелерін беруді белсенді жүргізіп, осы күнге дейін 98 телімді толық таратып бердік. Оның 67-сінде құрылыс аяқталып, үйлер пайдалануға берілсе, қалған 31 учаскеде құрылыс жүріп жатыр. Біз іргетасы қаланған бұл нысандардың иелеріне жұмыстарын аяқтау үшін жалдау мерзімін ұзартып, тиісті көмегімізді көрсетіп отырмыз. Алайда соңғы кездері жер мәселесіне қатысты түсініспеушіліктер жиілеп кетті. Әсіресе «TikTok» секілді әлеуметтік желілерде «жер алып береміз» деген жарнамалардың кесірінен жеке қосалқы шаруашылық үшін жер сұраған өтініштер саны күрт артты. Мәселен, 2025-2026 жылдар аралығында бізге 63 өтініш түсіп, оның 60-ы бойынша бас тарту туралы шешім қабылданды. Оның басты себебі сұралған жерлер ауылдың бекітілген бас жоспарында қарастырылмаған және олар елді мекеннің ортақ жайылымына жатады. Жер кодексі мен «Жайылымдар туралы» заңға сәйкес, халықтың малын жаюға арналған мұндай жерлер жеке меншікке берілмейді. Сондықтан ауыл тұрғындарынан әлеуметтік желідегі жалған ақпараттарға сенбеуді сұраймын. Жер телімдері тек бос жердің қорына сәйкес және кезек ретімен ғана беріледі. Түйткілді сауалдар болса, ресми мемлекеттік органдарға немесе тікелей ауылдық округ әкімдігіне жүгіну қажет екенін тағы да еске саламын, – деді Мұхтар Сырлыбайұлы.

Әкімнің сөзінен соң мен де әлеуметтік желіні шарлап көруге бел будым. Сол кезде «TikTok» желісінде бір бейнежазбаға көзім түсті. Онда автор жерді тегін алу жолдары бойынша дайын сабақты саудалап жатыр. Қалай іздеу керек, қалай алу керек, өтінімді қалай толтыру керектігін де үйретеміз дейді. Оның айтуынша, курстың бағасы жеңілдікпен он мың теңгені құрайды. Тіпті байланысқа шығатын «WhatsApp» нөмірін қалдырыпты. Біз көрген осы сарындағы өзге курстар да жетерлік, олар да 15-20 мың теңге көлемінде саудалануда. Алайда су тегін көмек қолын созып жатқандар да аз емес. Бірнеше бейнежазба авторлары тегін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жер алудың жолын мысалмен көрсетіп те отыр. Санамызда туындаған сауалға жауап алмаққа біз заңгер іздедік. Осылайша, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Әлия Арзымбетоваға хабарласып, кеңес сұраған едік. Ол заңсыз жолмен ақша табатындарға қатаң жаза қарастырылғанын жеткізді.

– Өкінішке қарай, қазіргі уақытта телефон арқылы хабарласып немесе әлеуметтік желілер арқылы түрлі қызметтерді «тездетіп» ұсынатын алаяқтар көбейген. Олар «пәтер кезегіне тұрғызамын», «жер алып беремін» немесе «үй мәселесін шешемін» деп заңсыз уәде беріп, халықтан қомақты қаржы талап етуде. Тұрғындар жер телімін немесе пәтер алудың заңды бір ғана жолы бар екенін білсе деймін. Ол әрине, «eGov» порталы арқылы онлайн немесе жергілікті әкімдікке барып жазбаша түрде арыз жазу, сол арқылы ресми кезекке тұру. Бұдан басқа «келісімдер» мен «көмекшілердің» қызметі заңсыз болып табылады. Егер сіз осындай алдаудың құрбаны болсаңыз немесе күмәнді ұсыныстар алсаңыз, дереу полицияға жүгінуіңіз қажет. Мұндай іс-әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша жауапкершілікке тартылады. Өз құқығыңызды біліп, алаяқтардан сақ болғаныңыз абзал, – дейді ол.

Облыстық жер қатынастары басқармасының мамандары ұсынған деректерге сүйенсек, 2005-2025 жылдар аралығында 258 мыңнан астам азамат жер алуға өтінім қалдырған. Ал берілген жер телімі 37 мыңнан асады. Аталған мерзімде әлі де кезекте тұрғандардың саны 220 мыңның үстінде. Олардың қатарында түрлі әлеуметтік топтағы азаматтар да бар. Мәселен, біз Байзақ ауданы Құмжота ауылының тұрғыны Әйгерім Сарыпбековамен сөйлескен болатынбыз. Ол 10 жылдан бері жер телімін алу үшін кезекте тұрғанын тілге тиек етті.

– Мен Байзақ ауданы Құмжота ауылының тұрғынымын. Өзім – жалғызбасты анамын. 2016 жылы жергілікті әкімдік арқылы кезекке тұрған болатынмын. Жуырда өткен жиналыста әкімнен қашан жер алатынымызды сұрағанда, 2029 жылы деп жауап қатты. Енді үш жыл шыдасақ, жер алып, баспана тұрғызуға мүмкіндік туады, – дейді Ә.Сарыпбекова.

Дана халқымыз жерді Анаға балап, ықылым заманнан айрықша қастерлеген. Демек, мемлекетіміздің ең құнды байлығының бірі жер десек, жаңсақ айтпаспыз. Қандайда бір мұқтаждықпен жер телімін алуда заң аясында әрекет еткеніміз дұрыс. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, кез келген істі заң аясында атқаруға тырыссақ, болашағымыз жарқын болмақ.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар