Өзбекстан Президентінің айтуынша, референдум қорытындысы Қазақстан халқының Тоқаев жүргізіп жатқан ауқымды реформаларына жоғары сенім артатынын көрсетеді.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан тарапынан халықаралық ұйымдар құрамында байқаушылар миссиясын жіберіп, қолдау көрсеткені үшін Шавкат Мирзиёевке алғыс айтты. Сондай-ақ Тоқаев жаңа Конституцияның заман талаптарына сай екенін және елдің тұрақты әрі жан-жақты дамуына негіз болатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы алдағы жаңғырту реформаларын жүзеге асыру барысында халықаралық серіктестермен, әсіресе көршілес және одақтас елдермен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән берілетінін айтты.
Кездесу барысында президенттер қазақ-өзбек қарым-қатынасының стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар бұған дейін қол жеткізілген келісімдер мен Жоғары мемлекетаралық кеңес шешімдерінің орындалу барысына оң баға беріп, барлық деңгейдегі ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де талқылап, алдағы кездесулердің кестесін пысықтады.


