Кеше Тұрар Рысқұлов ауданында тағы бір «Gakku Qus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асылтұқымды құсшаруашылығы бағытындағы ірі жобасының құрылысы басталды. Ет бағытындағы құсшаруашылығын дамытуға арналған екінші санаттағы асылтұқымды репродуктор зауытының құрылысы Каменка ауылында жүргізіліп жатыр.
Фабриканың іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жұмысқа сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші екенін айрықша атап өткен болатын. Сондықтан біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше мән береміз. Облыста осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, 2029 жылға дейін жалпы құны 5,9 триллион теңгені құрайтын 116 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Өткен жылы 21 инвестициялық жоба іске асырылып, 550 жаңа жұмыс орны ашылды. Осы жылы құны 471 миллиард теңгені құрайтын 47 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның бірі ретінде бүгінгі күні құрылысы бастау алатын асылтұқымды құс өсіру репродукторын атап өтуге болады. Бұл жоба – аймақ экономикасының жаңа сапалық кезеңге өтуінің нақты көрінісі. Жалпы Әулиеата өңірі – ауылшаруашылығы саласында қалыптасқан дәстүрі бар, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келе жатқан өңір. Бүгінде біз өндіріс көлемін арттырумен шектелмей, саланың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге басымдық беріп отырмыз. Осы тұрғыда құсшаруашылығы – стратегиялық маңызы жоғары бағыттардың бірі.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аграрлық секторды дамыту, ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру және импортқа тәуелділікті төмендету негізгі басымдықтардың бірі болып айқындалған. Сондықтан асылтұқымды құс өсіру репродукторының іске қосылуы өңірді жоғары сапалы тұқымдық материалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, құсшаруашылығының өндірістік тізбегін толық қалыптастыруға жол ашады. Осы орайда аталған жобаны жүзеге асырып отырған «Gakku Qus» ұжымына ерекше алғысымды білдіремін. Компанияның тәжірибесі мен кәсіби құзыреті жобаның табысты жүзеге асуына негіз болады деп сенемін, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Мұнан соң ауқымды әрі әлеуметтік маңызы бар жобаның құрылтайшысы «Әулие-ата Феникс» ЖШС директоры Фарида Жүнісова сөз алып, фабриканың өңір экономикасына қосатын үлесіне тоқталды.
– Қазіргі таңда елімізде құсшаруашылығы агросектордың перспективалы әрі сұранысқа ие бағыты ретінде дербес дамып келеді. Соның дәлелі ретінде республика аумағында қарқынды жұмыс істеп тұрған жұмыртқа бағытындағы 32 және ет бағытындағы 32 құс фабрикасын атап өтуге болады. Отандық кәсіпорындар ішкі нарықтағы сұраныстың 79 пайызын жауып отыр. Сондықтан өңірдегі құсшаруашылығының әлеуетін одан әрі арттыру және шикізаттық базаны нығайту тұрғысынан бұл шараның маңызы зор.Соңғы 25 жылда елімізде құс етін өндіру көлемі 9 есе артып, 500 мың тоннаға жетті. Бұл орайда құс етін тұтыну көлемі өсіп, өнімге деген сұраныс та көбейді. Сондықтан да құс фабрикаларының өндірістік жүктемесін арттыруды жөн деп санаймыз. Қазіргі таңда еліміздегі құсшаруашылығы кәсіпорындары орта есеппен 80 пайыз жүктемемен жұмыс істеуде. Олардың өндірістік қуатын өсіру үшін шикізаттық базаны нығайту қажет. Бүгінде отандық репродукторлар қажеттіліктің тек 20 пайызын ғана өтеп отыр, ал қалған 80 пайызы импортқа тәуелділікті көрсетеді. Сондықтан құсшаруашылығындағы арнайы репродукторлардың ашылуы бұл саланы ілгерілетуге үлкен мүмкіндік береді. Инвестициялық жобаны қолдағаны үшін мемлекетке, сондай-ақ облыс әкімдігіне шынайы алғысымды білдіремін, – дейді Фарида Амансарықызы
Сондай-ақ Қарақыстақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алпысбай Оразбаев арнайы сөз алып, жаңа жобаның сәтті болуы үшін ақ батасын беріп, игі тілегін білдірді.
Аталмыш жоба облыстық «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,6 миллиард теңгеге және меншікті қаражаты есебінен 780 миллион теңгеге қаржыландырылыпты. Нәтижесінде жаңа 100 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазығы жаңадан қағылған кәсіпорынның жалпы қуаттылығы жылына 60 миллион инкубациялық жұмыртқа шығаруға есептелген. Құрылыстың бірінші кезеңінде Тұрар Рысқұлов ауданында жылына 10 миллион жұмыртқа өндіретін нысан іске қосылады.
Зауыттың жергілікті халық үшін маңызы зор. Мұнда жұмыс істейтін қызметкерлердің 70-80 пайызы осы ауылдың тұрғындары болады. Кәсіпорынға Нұрлан Базарбаев жетекшілік етеді. Жаңа кәсіпорынның құрылысы 150 гектар аумақты қамтып жатқан жер учаскесінде жүргізілмек. Нысан құрылысын аяқтап, іске қосу 2027 жылдың І тоқсанына жоспарланған.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
6 500-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды
Ұқсас жаңалықтар
Жырмен өрілген ғұмыр: Серік Томановқа арналған тағылымды әдеби кеш өтті
- авторAR-AY
- 24 сәуір, 2026



