Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Спорт жас таңдамайды

Спорт жас таңдамайды
Автор
Жеңіс күніне орай Тараз қаласының ардагерлері арасында «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты қалалық спартакиада өтті.

Байрақты бәсекенің мақсаты – ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, тәлім-тәрбие беру.

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен және қала әкімдігінің қолдауымен өткен спартакиаданың ашылу салтанатында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев еліміздің өсіп-өркендеуі, бейбіт өмір кешуі ардақты да аяулы қарттарымыздың өлшеусіз еңбегінің жемісі екендігіне баса назар аударды. Ал Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова ардагерлердің өнегелі іс-әрекеттері, қоғам өміріндегі белсенділігі жастарға үлгі болатынына тоқталып, спортшы ардагерлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова да ізгі тілегін білдіріп, жарысқа қатысушыларға қолдау білдірді.

Мұнан кейін спортшыларға және жанкүйерлерге арнап ардагерлерден құралған «Әулие ата әуендері», «Асыл аналар», «Калинка», «Марычка» ансамбльдері әннен шашу шашты.

Жалпы бұған дейін спартакиаданың іріктеу кезеңі өткен болатын. Ал ақтық кезеңде ардагерлер спорттың 8 түрінен сынға түсіп, үздіктер анықталды. Атап өтер болсақ, шахматтан ерлер арасында Телібай Садықов үздік шықты. Ал әйелдер арасында Елена Деревянко жеңімпаз атанды. Тоғызқұмалақтан Тұлғабай Ниязымбеков пен Зәуре Жұмабаеваға тең келер қарсылас табылмады. Дойбыдан Виктор Устинов пен Ұлбала Оразбаева жеңіске жетті. Бильярдтан Ермек Алжанов, асық атудан Аралбай Сәрсенов бірінші орынды еншіледі. Үстел теннисінен Шоқтыбай Байғанов пен Гүлжамила Әділова өздерінің мықтылықтарын дәлелдеді. Сондай-ақ дартстан Дәулет Жәмішов пен Лина Абдырахимова және волейболдан «Тараз – 1» командасы (капитаны – Сейдахмет Тоғанбаев) бірінші орынды иеленді.

Аты аталған жеңімпаздар ардагерлердің облыстық спартакиадасына жолдама алды.

Алдаберді МАҚАШЕВ,

Тараз қалалық ардагерлер

кеңесінің мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар