Бірақ көктем қанша көрікті болғанымен, байқамасақ, қауіпті жақтары да бар. Себебі көктемді сұлу әрі нұрлы мезгіл деп қана қабылдап, ауа райының құбылмалы сәттерінде кейбіреулердің түрлі ауруларға ұшырап жататыны жасырын емес. Сондықтан да дана халқымыз «күздің желі мидан өтеді, көктемнің желі өкпеден өтеді» деп, көктемнің алғашқы айларында денсаулыққа көңіл бөлу керектігін ескерткен.
Осындайда бір данышпанның теңеумен айтқан сөзі еріксіз еске түседі. «Табиғат шешіне бастағанда адамдар киіне бастайды, ал табиғат киіне бастағанда адамдар шешіне бастайды» дейді. Дұрыс-ақ айтылған сөз. Көбіміз сезіп, байқай бермейтін бұл көрініс адамзат жаратылғалы бері солай болып келе жатыр. Солай бола да бермек.
Әрнәрсеге ойлы көзбен қарайтын әлгі данышпан бұл жерде жайнаған жасыл көктем мен салқыны басым сары күзді байланыстырып айтқаны белгілі, әрине.
Міне, осылайша «кәрі құда» қыс кетіп, кейде көктемнің алғашқы күндерінде бірден күн ысып кеткенде алақайлап, жеңіл киініп шыға келген балалар мен жастар түгіл, үлкендердің өздері де тұмау, суық тию, табаннан сыз өткеннен аяқтың қақсауы, баскиімсіз жүргеннен басқа суық тигізіп алу сынды тағы да басқа ауруларға шалдығып, дәріханалар мен емханаларды жағалап жүргендерін көріп жүрміз.
Сонымен қатар бұл мезгілде адамдардың тән ауруларынан бөлек, психологиялық аурулары да, жүйке аурулары да қоза бастайды. Арқасы бар адамдардың да бірден мінез-құлықтары өзгеріп, емші, тәуіп, молдаларға барғыштап, әулие-әмбиелерді аралап кететін кезі де көбіне осы мезгілде.
Ата-бабаларымыз көктемді жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін және адамдардың да, жан-жануарлардың да жан ауруларының қозатын кезі деп тұжырымдаған.
Осындайда медицина саласындағы тәжірибелі дәрігерлер: «Көктемде күн бірден жылынып, артынша лезде суып кететіндіктен елдің көбі ойламаған жерден сырқаттанып қалып жатады. Сондықтан қыстың ызғары толықтай кетіп, күн әбден жылып, бір қалыпқа түскенше жылы киініп жүрген абзал. Және бұл кезде адамдардың қан қысымы да ойнамалы болып тұрады. Қан қысымы жоғарылардыкі одан сайын көтеріліп кетіп, тіпті жедел жәрдемнің көмегіне жүгінгендер де бар. Керісінше, қан қысымы төмен адамдардыкі одан сайын түсіп кеткенде бастары айналып, әлсіздіктен құлап қала жаздайтын сәттер де аз емес. Ондайларға да, жалпы бәріне әсіресе көктем кезінде дұрыс тамақтанып, қосымша дәрумендер қабылдап, уақытылы ұйықтап жүргендері дұрыс. Өйткені иммунитеттің де түсіп кететін кезі көбінесе осы көктемде», – дейді.
Ал ауа райын болжаушылар: «Бұл мезгілде ауа райының алдамшы сәттері көп. Яғни жауын-шашын мен салқын жел басым болады. «Сәуір болмай, тәуір болмас» демекші, әсіресе наурыз айында ауа райы жиі құбылады. Сондықтан көктемнің көркіне сай сәнді киінуден бұрын денсаулыққа көбірек көңіл бөлгеніміз жөн», – деп кеңес береді.

Сол секілді төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері: «Қар мен мұздың еріп, жауын-шашынның көп болуына байланысты өзен-көлдер мен үлкенді-кішілі арықтардың сулары арналарынан тасып, кейбір елді мекендерге қауіп төндіреді. Одан қалса, екпіні қатты ағын су байлаулар мен ескірген көпірлерді де бұзып кетіп жатады. Ал қатты дауылдан қала ішіндегі және аудандар мен ауылдардағы бағаналар мен талдардың құлап, кейде адамдар мен көліктерді, тіпті жануарларды басып қалғанына да, сол дауылдан үйлер мен түрлі мекемелердің сапасыз жабылған шатырларының ұшып кеткеніне де талай куә болғанбыз. Бір сөзбен айтқанда, табиғаттың осындай тосынсыйлары мен мінезі де көктемде көбірек орын алып тұрады», – деп, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
Мінекей, айта берсек, мұндай оқиғалар мен деректер және ақыл-кеңестер көптеп кездеседі.
Сөзімді осы жерден тізгіндейтін болсам, көктем көрікті ғана емес, оның осындай қауіпті әрі жайсыз тұстары да бар екенін естен шығармайық.
Аз өмір сүрсе де көпті көрген әрі көп оқыған әкем марқұм «Әр нәрсенің жақсы жағы да, жаман жағы да бар» деп айтушы еді. Сол рас екен. Себебі оған өмірде талай көзім жетті.
Міне, осы аптада да ауа райы бірнеше рет құбылды. Ауа райы бұзылып, салқын жел соқты, жауын жауды, арты қарға ұласты. Бірақ біздің халық көктемгі жаңбыр мен қарды нұрға балаған ғой...
Дегенмен, бәріміздің сағына әрі асыға күтетін және жаңа өмір мен игі істердің бастауы саналатын көктем мезгілі тек жақсылығымен келе берсін, жеріміз де, еліміз де көктемдей көркейе берсін деп тілейік.
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
журналист



