Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кепілдегі алтын кредитке кедергі болуы мүмкін

Кепілдегі алтын кредитке кедергі болуы мүмкін
Автор
Ақша жетпей қалған сәтте көбіміз ломбард қызметіне жүгінетініміз жасырын емес. Қысылтаяңда біреуден қарыз сұрағанша бағалы бұйымдарын кепілге қойып, қысқа мерзімге қаржы ала салуды әдетке айналдырғандар қаншама. Кейін біреулер қарызын өтеп, затын қайта сатып алса, енді біреулер түрлі себептермен бұйымын қайтарып ала алмай қалады. Мамандардың айтуынша, дәл осындай жағдайда көпшілік қателікке жол беруі мүмкін. Себебі мерзімінде өтелмеген немесе жабылмаған қарыз несие тарихына кері әсер етеді.

2020 жылдан бастап Қазақстандағы барлық ломбардтар микроқаржылық ұйым ретінде танылып, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауына алынған. Осы кезден бастап ломбардтар беретін қарыз микрокредит ретінде есептеледі. Заң талаптарына сәйкес, ломбардтар жеке тұлғаларға берілген қарыз және оны өтеу тәртібі туралы ақпаратты кредиттік бюроға міндетті түрде ұсынуы тиіс.

Бұл деректер азаматтың несие тарихының бір бөлігіне айналып, соңғы ақпарат енгізілген күннен бастап кемінде бес жыл бойы сақталады. Сондықтан ломбардтағы қарыз банктен несие немесе ипотека алу кезінде ескерілетін факторлардың бірі ретінде саналады.

Дегенмен ломбард алдындағы қарыз азаматтың ипотека немесе өзге де банктік несие алуына тікелей тыйым салмайды. Банк өтінімді қарау кезінде қарыз алушының қаржылық жағдайын жан-жақты бағалайды. Атап айтқанда, табысы мен шығысын, жалпы қарыздық жүктемесін, бұрынғы міндеттемелерін және төлем тәртібін назарға алады.

Егер ломбардтағы қарыз уақытылы өтеліп отырса және мерзімі өткен берешек болмаса, несие мақұлдану ықтималдығы сақталады. Ал кешіктірілген немесе өтелмеген қарыздар банктер үшін тәуекел факторы ретінде қарастырылады. Мұндай жағдайда қаржы ұйымы несие сомасын азайтуы немесе өтінімді мүлде қабылдамауы мүмкін.

Сонымен қатар мамандар ломбард қызметіне жиі жүгіну де кейде азаматтың қаржылық тұрақсыздығының жанама белгісі ретінде бағалануы мүмкін екенін айтады. Егер қарыз алушының табысына шаққандағы ай сайынғы төлемдері жоғары болса немесе бірнеше микрокредит қатар жүрсе, банк қосымша тәуекелдерді ескереді.

Ал ломбардтағы қарыз уақытылы өтелсе, ол керісінше несие тарихында оң ақпарат ретінде тіркеледі. Бұл қарыз алушының төлем тәртібін сақтайтынын көрсетеді. Яғни мұндай жағдайда банктер үшін айтарлықтай мәселе туындамауы мүмкін.

Егер қарызды өтеу мерзімі өтіп кетсе, заң бойынша ломбард кепілге қойылған мүлікті бірден сатпайды. Алдымен ол бұйымды кемінде 30 күн сақтауға міндетті. Осы мерзім өткеннен кейін ғана ломбард кепілдегі мүлікті сатуға құқылы болады.

Бұл мәселеге қатысты «Отбасы банктің» Quanysh-AI чат-ботынан сұрап көрдік. Чат-боттың мәліметінше, ломбардтан алынған қарыз уақытында өтелмеген жағдайда несие тарихына әсер етеді екен.

Отбасы банктің Quanysh-AI чат-боты жасанды интеллект жүйелерін пайдалана отырып жауап берді:

– Ломбардтан алынған қарыз несие тарихына әсер етеді, егер ол қарыз мерзімінде өтелмесе немесе өтеу мерзімі өткен болса. «Отбасы банкінде» несие тарихы оң болуы үшін мынадай шарттар орындалуы тиіс:

1. Ағымдағы қарыздардың болмауы: банк, екінші деңгейлі банктер (БВУ), қаржы ұйымдары немесе ломбардтар алдында міндеттемелердің болмауы,

2.Ең төменгі мерзімі өткен берешек: барлық міндеттемелер бойынша жалпы мерзімі өткен қарыз 1 000 теңгеден аспауы,

3.Шарт талаптарын сақтау (қолданыстағы және жабылған шарттар бойынша):

a) Соңғы 12 айда төлемдер бойынша ең жоғарғы мерзімі өткен қарыз 90 күннен аспауы (сомасына қарамастан) немесе

b) Мерзімі өткен берешек өтінім бергенге дейін кемінде 3 ай бұрын (айдың күні есепке алынбайды) өтелген болуы, мерзімі өткен берешек санына қарамастан, 1 000 теңгеге дейінгі берешектен басқа,

4.Жабылған міндеттемелер: барлық міндеттемелердің мәртебесі «қарыз кешірілді», «қарыз басқа тұлғаға аударылды», «қарыз шығынға есептен шығарылды» болып, кредиттік бюро есебінің «аяқталған шарттар» бөлімінде көрсетілуі.

Ипотекамен баспана алу кезінде несие тарихына әсер ететін жағдайлар мыналар. Ипотека ресімдеу кезінде төлем қабілеттілігін растау талап етіледі, жалдамалы қызметкерлер үшін табыс соңғы 6 айға, ал жеке кәсіпкерлер мен мұғалімдер үшін соңғы 12 айға қаралады. Клиент декреттік демалыста болған жағдайда жұмыс орнынан анықтама және 2 қоса-заемшы-кепілгерді тарту қажет. Тұрғын үй заемдары және жеке тұлғаның кепілдігімен 1 500 000 теңгеге дейін берілетін тұрғын үй заемдары, бұл жерде заем алушыға/клиентке табысты растаудың қажеті жоқ, – дейді чат бот.

Мамандардың айтуынша, болашақта ипотека алуды жоспарлаған азаматтарға барлық қарыздарын уақытында жауып, несие тарихын реттеп отырған жөн. Себебі кез келген қаржылық міндеттеме банк шешіміне әсер етуі мүмкін.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар