Мұның тағы бір себебі жүрек қалауын ұзақ іздеумен байланысты. Олар махаббатты кездейсоқтық емес, тағдырдың үлкен сыйы деп түсінеді. Сондықтан көңіліне қонбайтын қарым-қатынасқа асықпайды. Жүрегі шын жылитын жанды таппайынша, үйленуге тәуекел етпейді. Уақыт өтіп жатқанын сезсе де, сезімнің тазалығын бәрінен жоғары қояды.
Кейбірі дайын еместігін алға тартады. Себебі отбасын құру – тек қуаныш қана емес, үлкен міндет екенін жан-тәнімен түсінеді. Сондықтан шаңырақ көтермес бұрын жағдайын түзеп алуды ойлайды.
Кейбір жандардың тағдырын өзі емес, жағдай шешеді. Біреуі ата-анасына қарайлап жүріп қалса, енді бірі білім қуып, көп уақытын жоғалтады. Тағы бірі өмірдің түрлі сынақтарымен бетпе-бет келіп, түрлі келеңсіз кедергілерді басынан кешеді. Осылайша уақыт өте береді де, олар талай жылды артқа тастап, өздерінің қартаң тартқанын байқамай қалады. Ең ауыры да осы.
Дегенмен қыздардың кәрі қыз атанып, отырып қалуы, жігіттің сүрбойдаққа айналып жүріп қалуы өмірдің тоқырауы емес. Бұл әр адамның өз жолы, өз уақыты бар екенін еске салатын құбылыс. Кейбіреулер сөйтіп жүріп кеш болса да өз бақытына жолығып, сәби сүйіп үлгереді. Кейде тағдыр адамды ұзақ айналдырып барып, дәл керек жеріне алып келеді. Сондықтан оң босағада отырып қалған арулар мен сүрбойдақтардың өмірі де үмітсіз емес. Өйткені жүрек тірі тұрғанда, жаңа шаңырақтың оты жалындап жануы әбден мүмкін.
Осы орайда жасы қырықтың қырқасынан асса да түрлі себептермен жалғыз жүрген жандармен тілдесіп көрген едік. Өмірінің алтын ортасына келсе де, не отау құрмаған, не сәби сүймегендердің кейбірінің жан-жарасы тым тереңде екенін ұқтық. Ал енді бірі жауапсыз махаббаттың салдарынан отбасы құруға құлқы жоқ екенін алға тартты. Неше адам болса, сонша тағдыр. Сондықтан сан сұраққа, сан алуан жауап алдық.
– Ел-жұрттың қаңқу сөзіне бірінші ілігіп: «Неге үйленбей жүрсің?» немесе «Неге тұрмысқа шықпайсың?» деген сұрақтарды күнде естіп, мезі болдық. Біз бір үйдің егіз ұл-қызы болып дүние есігін аштық. Алланың берген сынағы сол болып, ұрпақ сүйе алмайтын дертімнің бар екенін 20 жасымда дәрігерлерден естіп білгелі бар ғұмырымды аурухана есігін торып, емге арнадым. Ал егізімнің сыңары көңіліме қарап, үнемі жанымнан табылды. Қай қалада, қай мемлекетте болмайын, соңымнан барып, мен үшін уақытын сарп етті. Оның жеке өмірі болмады. Ата-анамның айтқанын, менің жалынғанымды да тыңдамай қасымнан табылды. Жеке өміріне мән бермеді. Екеуміз де биыл 43-ке толдық. Атымыз Аман мен Айман деп ұқсастырылып қойылғаны сияқты, тағдырымыз да ұқсас болып кетті. Амал жоқ, өз дертімізге тұншығып ғұмыр кешіп жатырмыз. Қарындасымның менің кесірімнен отбасы бақытынан айырылғанын қаламап едім. Дегенмен қарындасым сөз айтқан ер-азаматтардың біріне көңіл аудармай, менің көңіліме қарап қасымда жүр. Анамның құрсағын қалай бөліссек, тағдырымызды да солай тең бөлістік. Айманның әлі де өз бақытын табатынына күмән келтірмеймін. Себебі осындай ақжүрек, адал, мейірімді қызды Алла Тағала жалғыз қалдырмас деп үміттенемін. Ол да бақытты болуға лайық қой, – деді Аман.
Аман мен Айманның тағдыры жан тілгілейтіні анық. Алайда төрт құбыласы тең бола тұра, отбасы құрғысы келмейтіндер де жоқ емес екеніне куә болдық.
Мархаббат биыл 49-ға толды. Бар ғұмырын сауда-саттыққа арнаған кәрі қыз бүгінде не ішіп, не жеймін демейді. Жегені алдында, жемегені артында. Қымбат көлік, зәулім үй, табысты жұмысы бар Мархаббат салтбасты болып жүріп те бақыты болуға болатынын алға тартты.
– Үйдегі 11 баланың кенжесімін. Жасыратын несі бар, отбасымыз жоқшылықта өмір сұрдік. Сондықтан ерте есейдім. Басқа қыздар қуыршақ ойнап жүргенде мен ақша табуды ойлайтынмын. Кедейлік адамды қатты тәрбиелейді екен. Мінезімді де, арманымды да сол жоқшылық қалыптастырды. Мектеп бітірмей жатып-ақ саудаға араластым. Базардың ыстығы мен суығын көрдім. Таңнан кешке дейін табанымнан тік тұрып сауда жасаған күндерім болды. Бірақ ешқашан шаршадым деп айтқан емеспін. Себебі алдымда бір ғана мақсат тұрды, ол кедейліктен біржола құтылу. Жылдар өте келе кәсібім жүре бастады. Бірте-бірте жағдайымды түзедім. Қазір Аллаға шүкір, ештеңеден таршылық көрмеймін. Кейде адамдар «Неге тұрмыс құрмайсың?» деп сұрайды. Бірақ мен үшін өмірдің мәні тек тұрмыс құру емес. Еркін өмір сүргенді жақсы көремін. Өмір бойы өз күнімді өзім көріп үйреніп кеттім. Қайда барамын, қашан келемін, бәрін өзім шешемін. Маған осы еркіндік ұнайды. Кейде адамдар жалғыздықтан қорқады. Ал мен жалғыздықтан емес, еркіндіктен айырылып қалудан қорқамын. Ешқашан өзімді бақытсыз сезінген емеспін. Керісінше, дәл осындай өмір жаныма тыныштық сыйлайды. Әркімнің бақыты әртүрлі ғой. Біреудің бақыты бала-шағасында, біреудікі еңбегінде. Ал менің бақытым өз өмірімді өзім басқаруымда. Сондықтан салтбасты өміріме өкінбеймін, – дейді бақытын баршылықтан тапқан Мархаббат.
Ал бір отбасының жалғыз ұлы Сұңғат биыл 40 жасын тойлады. Сұңғаттың неге отбасы құрмағанын көбі білмейді. Себебі табиғатынан тұйық жігіт ағынан жарылып ешкімге сырын айтпайды.
– 31 жасымда бір қызға қатты ғашық болып, анаммен таныстырғым келді. Бір күні батылданып, үйге ертіп келдім. Анамның түсіністікпен қарайтынына сендім. Алайда бәрі біз ойлағандай болмады. Анам қызды көрген сәттен бастап қарсы болды. Екі оттың ортасында қалғандай күй кештім. Бір жағында анам, екінші жағында сүйген қызым тұрды. Екеуі де қымбат еді. Анамды ренжіткім келмеді. Жүрек әміріне де қарсы тұру қиын екен. Көп түнді ұйқысыз өткіздім. Жанымды қинаған ойлар санамнан кетпеді. Анама: «Егер осы қызға үйленбесем, онда ешқашан үйленбеймін» дедім. Бұл жүрегімнен шыққан шын сөз еді. Өз уәдемнен таймадым. Осы уақытқа дейін басқа қызға үйленбедім. Өйткені жүрегімде бір ғана адам қалды. Ол жастық шағымның махаббаты. Қазір жасым қырықтан асты. Өмір маған көп нәрсе үйретті. Бірақ бір нәрсе өзгермеді. Ол жүрегімдегі сол бір таза сезім. Сол сезіммен өмір сүріп келемін. Мүмкін бұл менің тағдырым шығар – дейді Сұңғат.
Сұңғаттың анасымен де тілдесудің сәті түсті. Ол өзінің жалғыз ұлының үйленбей қалғанына өкінетінін және соған өзінің кінәлі екенін жасырмады.
– Жалғыз ұлымның тағдырына қатысты ең үлкен қателік жасадым. Сұңғат жастайынан сабырлы, тұйық мінезді бала болып өсті. Ішіндегі сырын көпшілікке ашып айтпайтын. Дегенмен жүрегі өте нәзік екенін жақсы білетінмін. Сүйген қызын алғаш көрген сәтте-ақ көңілім қабылдамады. Неге екенін өзім де толық түсіндіріп бере алмаймын. Сол сәтте аналық мейірімнен гөрі, күмәнім басым болды. Сұңғаттың екі оттың ортасында қалғанын кейін ғана түсіндім. Балам мені ренжітпеу үшін айтқаныма үнсіз келіскен екен. Бір күні ол маған: «Егер осы қызға үйленбесем, онда ешқашан үйленбеймін» деді. Сонда да дегенімнен қайтпадым. Уақыт өте келе бәрі ұмытылар деп ойладым. Бірақ ана жүрегі кейде баласының жүрегін толық түсіне бермейді екен. Сұңғат өз уәдесінде тұрды. Жылдар жылжып өте берді. Ал жалғыз ұлым әлі күнге дейін үйленбеді. Кейде өткен күндерді қайта-қайта ой елегінен өткіземін. Егер сол кезде сабыр сақтап, баламды түсінуге тырысқанда бәрі басқаша болар ма еді деп ойлаймын. Уақытты кері қайтару мүмкін емес. Өкініш деген адамның жүрегінде мәңгі қалатын ауыр сезім екен. Ана ретінде оны бақытты етуім керек еді. Ал мен оның тағдырына көлеңке түсіріппін. Қазір қолымнан келетіні тек өз кінәмді мойындау ғана. Жаратқаннан жалғыз тілерім баламның жүрегіне тыныштық орнап, кеш те болса өз сүйгенін жолықтырса екен, – дейді Сұңғаттың анасы.
Осы орайда психологтардың кеңесіне жүгініп көрген едік. Психолог біреулер үшін үйленбеу – саналы таңдау болса, енді біреулер үшін өмірдегі түрлі келеңсіз жағдайлардың нәтижесі екенін алға тартты.
– Кей адамдар бұрынғы махаббаттынан алған жарақатынан кейін, сезімге деген сенімін жоғалтады. Сол себепті жаңа қарым-қатынастан қорқады. Ата-анасының ажырасуын көріп өскен балалар да үйленуге қорқады. Олар отбасылық өмірді тұрақсыз нәрсе деп қабылдайды. Ал тек кеңістігін ойлайтындар өмірін басқа біреумен бөлісуге дайын емес. Тағы да өз талаптарын тым жоғары қоятындар да баршылық. Оларға сол себепті лайықты адам табу қиынға соғады. Солардың ішіндегі тағы бір қиындық жалғыздыққа үйреніп кеткендердің мінез-құлқында жатыр. Адам ұзақ уақыт жалғыз өмір сүрсе, сол өмір салтына бейімделеді. Сондықтан оларға өзгеріс жасау қиын болады. Тағы бір қызығы біреулер жақын қарым-қатынасқа баруға батылы жетпейді. Одан бөлек жауапкершіліктен қашатындар да бар. Қоғам кейде бойдақ адамдарға көп қысым жасайды. Алайда әр адамның өмір жолы әртүрлі. Үйленбей қалуды бақытсыздықтың белгісі деп түсіну дұрыс емес. Кейбір сүрбойдақтар өз өміріне толық қанағаттанады. Олар достыққа, жұмысқа және жеке өміріне көп уақыт бөледі. Дегенмен іштей жалғыздық сезімін бастан кешіретіндер де бар. Адам неге шын мәнінде үйленгісі келмейді? Ол өз жалғыздығымен бақытты ма, әлде қорқынышын осылай жасырып жүр ме? Оның өміріндегі басты құндылықтар қандай? Бұл сұрақтар адамның өз-өзін түсінуіне көмектеседі. Ең маңыздысы адам таңдауының саналы болуында жатыр. Шынайы бақытты әркім өзі жасап алады, – дейді психолог Артуған Нарбай.
Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.): «Неке – менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетіме амал етпесе, ол менен емес. Сондықтан да үйленіңдер, мен Қиямет күні басқа үмбеттерге сендердің көптіктеріңмен мақтанайын», – деген. Сондай-ақ, Пайғамбар (с.а.с.) өзінің хадистерінде қандай жар таңдау керектігін де айтып өткен. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Ей, жастар тобы! Іштеріңнен кімнің күші жететін болса – үйленсін. Өйткені үйлену арқылы ол көзін харамдарға қараудан сақтайды әрі мүшесін қорғайды. Ал, егер кімнің күші жетпей жатса ауыз бекітсін. Өйткені ораза – оның қалқаны», – деген. (Бұхари риуаяты). Сондықтан әрбір адам отбасыға құруға асығу керек.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ



