«ТАКСИСТ» БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС
Тіпті ол жерге біреу «таксист» ретінде жаңадан жұмыс істеуге келсе, бұрыннан жүргендер ондай адамды әкесінен қалған мұрадай ол жерге жолатпайтын. Ал тұрағы жоқ «таксистер» негізінен көше-көшені кезіп, клиентті жол бойынан іздейтін. «Таксистердің» дені тапқан табысынан салық төлеуге құлықсыздық танытып, жасырынып, қашып-пұшып, заңсыз жолмен ақша табуға бейім тұратын. Негізі «таксист» болудың да оңай шаруа еместігін «таксисттердің» кейбірінің клиент келіскен ақшасын бермей қашып кетуі, ұрып-соғу, тонау секілді жағдайларды басынан өткеруімен байланыстыруға болады. Өз кезегінде олар ұсынған қызмет талапқа сай болды ма, жоқ па ол да бір Аллаға аян еді. Сондықтан мұндай қызмет түрі қоғамда «жабайы таксист» аталып кеткен еді.
Қазір жағдай мүлде басқаша. Қоғамда онлайн такси қызметі пайда болғалы тұрғындардың «таксистке» деген көзқарасы өзгерді. Себебі «таксиге» үйден шықпай-ақ тапсырыс беріп, көлікке есігінің алдынан мініп, есігінің алдынан түсетін дәрежеге жетті. Тіпті ас-суын да соларға алдыратындар бар. Бұрынғыдай көшеге шығып, көлікті қол бұлғап тоқтату келмеске кетті. Қандай көлік келе жатқаны, иесі кім екені, ол қанша уақытта жететіні секілді мәліметтің барлығы клиенттің көз алдында.
Бір өкініштісі, бүгінде «такси» нарығының тарифі ұзақ күнде қырық құбылатын болды. Әсіресе таң ертеңгі және кешкі қарбаласта, мереке және ауа райының жауын-шашынды күндері баға тіптен шарықтайды. Баға қымбат болғанымен оның қызығын «таксист» емес, онлайн такси сервистік қызметін ұсынушылар көруде. Бүгінде еліміз бойынша, оның ішінде Жамбыл облысы Тараз қаласының «такси» нарығын бір ғана ресейлік «Яндекс» компаниясы билеп-төстеп отыр. Нарықта шетелдік «Яндекс» пен «inDrive» компаниясының тасы өрге домалап тұрғанымен, «Яндексте» баға түссе, «inDrive» платформасында да түседі, көтерілсе, көтеріледі.
– Жүргізуші куәлігін 2010 жылдары алдым. Екі жылдан кейін жеке көлік сатып алып, бір мезгіл жұмыстан кейін қала ішінде адам тасып қосымша қаржы тауып жүрдім. Алғашқы да демалыс күндері Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылына автобекет маңынан жолаушы тасыдым, «Таксист» болудың қыр-сырын әбден үйренгеннен кейін қала ішін көлігіммен аралап, клиент іздейтінмін. Кейіннен «inDrive» платформасы пайда болып, бұрынғыдай адам іздеп сандалу машақатынан құтылдық әрі ол кезде аталған платформа ақы алмайтын. Уақыт өте келе осы платформаны қолданғанымыз үшін күніне 50 теңге ұсталатын. Одан кейін сервистік қызмет тапқан табысымыздан пайыз ұстауға көшті. Қазіргі уақытта «inDrive» қосымшасындағы «Сапар» тетігі арқылы жолаушы тасымалында қызмет төлемі 7,75 пайызды құрайды. Одан бөлек 1,24 пайыз қосылған құн салығы мен таксопарк комиссиясы үшін 4 пайыз ұсталады. Барлығы шамамен 13 пайыз. Ал курьерлік қызметті автокөлікпен, мотоциклмен немесе велосипедпен атқарған жағдайда қызмет төлемі 9,04 пайыз болса, 1,45 пайыз қосылған құн салығы бөлек ұсталады. Бір кездері телефоныма «Яндекс» мобильді қосымшасын тіркеп, онымен де адам тасып көрдім. Жұмыстан кейін «такси» қызметіне кірісетіндіктен мұндағы жүйе мені ең шалғайдағы әрі ақысы аз клиенттерге жөнелтіп жүрді. Себебі кім тұрақты жұмыс істесе, басымдық соған беріледі. Кейде сонша жерден жолға шығып, жолаушыға жақындап қалғаныңда клиент тапсырыстан бас тартса немесе баратын жері жақын болып 200 теңге ақы шықса еңбегің ақталмайтын. Сол себепті «inDrive»-ге қайта көштім. Мұнда да баға тым арзан. Мысалы, клиент алдымен «Яндекс» арқылы баратын жеріне тапсырыс берерде қанша теңге ақы төлейтінін алдын ала көреді. Егер баға қымбат болып тұрса, «inDrive» арқылы арзан баға ұсынады. «Яндекс»-те баға тым арзан болса, «inDrive»-де тыныштық орнайды. Еңбегімді ақтайды-ау деген бағаға іштей келісіп, сол тапсырысты қабылдайын десең, «такси» қызметімен тұрақты айналысып жүргендер бірінші болып іліп кетеді, өйткені басымдық соларда. Сонымен қатар көлігім ескі болғандықтан клиенттер мен ұсынған қызметтен бас тартады. Одан бөлек көлігіне газ орнатып алғандар арзан бағамен адам тасып, алдыңды орайды. Осындай мәселелерден кейін «таксист» болуды биылдан бастап қойдым, оның үстіне өзің әзер жүргенде кәсіпкер ретінде тіркелу, табысыңнан салық төлеу секілді жаңашылдықтар пайда болды. Қазір ақыға адам тасып пайда табудың мәнісі кетті. Себебі бұл іспен тұрақты айналыспаған адам үшін баға тиімсіз, – дейді Ербол Думан есімді қала тұрғыны.
БАҒА НЕГЕ ҚҰБЫЛМАЛЫ?
Осы ретте біз клиенттердің де онлайн такси қызметі туралы ойларын білмекке тырыстық. Арагідік болса да «такси» қызметін тұтынатын әріптесіміз Ақтоты Жаңабайды сөзге тарттық. Ол бүгінде «такси» қызметі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын, осы қызмет шұғыл қажет болғанда оның бағасы аспандап кететінін, бағасы удай болса да амалсыз келісетінін айтады.
– Өзім де бұл қызметті жиі пайдаланамын. Жұмысқа асығып тұрған кезде немесе жиналысқа, қандай да бір мекемеге тез жету керек болған жағдайда көбіне такси шақыруға тура келеді. Соңғы уақытта көбіне «Яндекс» қызметін қолданамын. Себебі басқа такси қызметтерімен салыстырғанда бағасы біршама қолжетімді. Дегенмен соңғы кезде бұл қызметтің де сын көтермейтін тұстары жиілеп кетті. Біз Алматы сияқты үлкен қалада тұрмасақ та, жаңбыр тамшыласа немесе қар жауа бастаса болды, баға шарықтап кетеді. Жақын жерге барудың өзіне кейде ақылға қонымсыз сома шығады. Мысалы, небәрі бірнеше минуттық жолға екі-үш мың теңге сұрап тұрады. Ол қаражатқа кейде жақын жердегі аудандарға барып қайтуға да болады. Тағы бір жиі кездесетін жағдай жүргізушінің шақырылған орынға жетпей жатып қосымшада «жүргізуші келді» деп белгі қоюы. Жақында осындай жағдайға тағы тап болдым. «Такси» әлі келмегендіктен үйден бес минут бұрын шығып едім, қосымшада «көлік келіп тұр» деп көрсетіп тұр. Бірақ айналада ешқандай көлік жоқ. Жүргізушіге хабарлассам, «жақындап қалдым, бұрылып жатырмын» дейді. Сонда «ақылы күту уақыты қосылып кетеді ғой, неге келдім» деп белгі қойдың десем, ол автоматты түрде қосымша арқылы қойылады, компанияның өзі қосады дейді. Осындай жағдай тек такси қызметінде ғана емес, курьерлік қызметте де кездеседі. Өзім түскі асты бір асханадан жиі тапсырыс беріп алдыратындықтан, кейде курьерлермен де осы мәселе бойынша сөзге келіп қаламыз. Кейбіреуі «келдім» деп мүлде басқа жақта тұрады. Ал мен бұл туралы айтсам, «карта осы жерді көрсетіп тұр» деп өз уәждерін айтып, тіпті ренжіп жатады. Жалпы соңғы уақытта такси қызметтерінің бағасы мен қызмет көрсету сапасына қатысты сұрақтар көбейіп кеткендей. Мәселен, «inDrive» қызметінде бағаны өзіңіз қоясыз. Бірақ шын мәнінде сіз ұсынған бағаға ешкім тапсырысты қабылдай қоймайды. Соның салдарынан амалсыздан бағаны көтеруге тура келеді. Сондықтан соңғы кездері осы қызметтен гөрі «Яндекс» таксиді көбірек пайдаланатын болдым, – дейді Ақтоты Бекенқызы.
Тағы бір «такси» жүргізушісі Ерлан Сәулебек отандық платформалардың белсенді жұмыс істеуіне әркез атсалысып жүргенін айтады. Ол отандық өнім бәсекеге төтеп беруі үшін халық та, жүргізуші де осы қолданбаны пайдаланғаны жөн деп санайды.
– «Яндекс» кезінде жүргізушіге де, жолаушыға да бонусты шүленше таратты. Бұл компания халықты өзіне осылай кіріптар етіп қойды. Мысалы, «Яндексте» тапқан табысыңнан шамамен 15-16 пайыз ақы ұсталады. Мұнда да жүргізушілер үшін белсенділік деңгейлері болады. Олар қола, күміс, алтын, платина секілді металл атауларымен белгіленген. Бұл деңгейлер жүргізушінің жұмыс белсенділігіне, тапсырысты қабылдау жиілігіне, рейтингке және тапсырыстан орынсыз бас тартуға байланысты беріледі. Мәселен, платина ең жоғары деңгейлердің бірі болғандықтан тапсырыс жиірек түседі. Кейде артықшылыққа ие тапсырыстар беріледі, өйткені жүйе бұл беделге ие жүргізушіні сенімді деп санайды. Негізінде «такси» нарығында халыққа да, жүргізушілерге де қолайлы орта қалыптастыру үшін «Yandex» пен «inDrive» секілді халықаралық сервистермен бәсекеге түсе алатын отандық такси қызметін дамыту маңызды. Себебі Қазақстанның такси нарығындағы қаржысын шетелдік платформалар иеленуде. Бұл дегеніміз халықтың қаражаты сыртқа кетіп жатыр деген сөз. Мұндай жүйесіздік экономикаға кері әсерін тигізбей қоймайды. Себебі халықтың қаржысы шетелдік такси нарығының дамуына үлес қосуда. Ал егер тұрғындар отандық сервистерді пайдаланса, төлемдер мен комиссиялар ел ішінде қалып, қаражат ұлттық экономика айналымында жүреді. Осы арқылы өз нарығымыз дамып, жергілікті кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, елдің жұмыспен қамтылуына септігін тигізеді. Сонымен қатар отандық «такси» қызметі халықпен санасады және халық талабын орындай алады. Жалпы бұған дейін отандық онлайн такси қызметі нарықта жұмыс істеп көрген. Мысалы, ел ішінде «Қайырымды такси» аталып кеткен «Қайырымды жан» онлайн такси сервисі осыдан бір-екі жыл бұрын іске қосылып, өз жұмысын бастағанымен, бұл платформаның бағы жанбады. «Такси» қызметін пайдаланған әр адамға сервис қайырымдылық жасау тетігін іске қосты. Білуімізше, жүргізушіден алынған 13 пайыз комиссияның 7 пайызы «Қайырымды жан» қайырымдылық қорына аударылып, мұқтаж адамдарға көмекке жұмсалады деп көзделген. Қалған 6 пайыздың 3 пайызы жүргізушінің әлеуметтік қажеттілігіне, 3 пайызы компанияда қалатын болған. Бірақ тәп-тәуір қолға алынған осы жұмыс орта жолда тоқтап, іс сәтсіздікпен аяқталды. Сол секілді осыдан 4-5 жыл бұрын тараздық жігіттер іске қоспақ болған «Jet» платформасы да өз жұмысын бастамай жатып, нарықтан ығысты. Ел-жұрт Қаратау қаласы, Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылы секілді елді мекендерде «ALLO» такси жұмыс істейтінін, оны да отандық сервис, бірақ ауқымы шағын, танымалдығы, белсенділігі тым төмен дегенді айтып жүр. Жақында облыстың «такси» нарығына отандық «Aparu» онлайн такси қызметі келіп қосылды. Дәл қазір оның нарықты бұзып-жарып кіретін, бәсекелестерін жолдан ығыстыра алатындай қауқары жоқ. Ол платформамен де жұмыс істеп, шамам келгенше дамуына атсалысып жатырмын. Ол жерде жайшылықта клиент аз болады, таң ертеңгі, кешкі қарбаласта тапсырыс берушілер көбейеді. Негізінде «таксистер» «Яндексте» баға түскенде «Aparu»-ға ауысады, ал клиенттер керісінше баға көтерілгенде «Aparu» арқылы тапсырыс бере бастайды. Жалпы «таксистер» бір ауыздан ұйымшылдық танытып, бір апта «Яндекс» пен «inDrive»-ді пайдаланбаса клиенттер «Aparu»-ға өздері үшін келеді. Есесіне мұнда әділ баға, қыста да, жазда да, боранда да бір баға сақталады. Бір әттеген-айы, салық төлеу мәселесі бас қатырарлық түйткіл болып тұр. Мысалы, «Aparu» онлайн такси қызметіндегі жеке көлігімен ақыға адам тасып нан тауып жүрген жүргізушілер өз табыс салығын өздері төлейді. Олар табысынан 4 пайыз салық төлеуі тиіс. Ал жеңілдіктері бар адамдар, яғни зейнетке шыққандар, денсаулығына байланысты жеңілдіктері барлар, әскери салада, құзырлы органда жұмыс істегендер немесе мүгедектігі бар азаматтар не істеуі керек? Жеңілдіктер қалай есепке алынады? – деді ол.
Сондай-ақ кейіпкеріміз бұл платформада клиенттің жүргізушінің қанша минутта жететінін көре алмайтыны, кей мекенжайдың картадан шықпайтынын да жасырмады.
«APARU» ЖҮЙЕСІ ТИІМДІ МЕ?
Жақында «Aparu» компаниясын бірлесіп құрушы Ерлан Шаяхметов пен Максим Дементиев «такси» жүргізушілерімен кездесу үшін арнайы Тараз қаласына келген болатын. Олармен орайын тауып жолығып, осы және басқа да сұрақтарға жауап алған едік.
Максим Дементиевтің айтуынша, бағдарлама жетілдірілу үстінде. Мысалы, «iPhone» мобильді құрылғысында жүргізушінің қанша минутта жететіні, қай жерде келе жатқаны көрінеді екен, салық төлеу мәселесі де реттелуде. Картада жаңадан нысан салынып, ол мекенжай анықталмаса, сол жерде нақты қандай нысан бар екенін жүргізуші қолдау қызметіне жазса, ол картаға бірден енгізілетін көрінеді.
– Семейде туып-өстім, 30 жыл Өскемен қаласында тұрдым, сол жерде білім алып, жұмыс істедім. 11 жылдан бері Астана қаласының тұрғынымын. «Aparu» платформасын Максим Дементиев екеуіміз бірге жасап, оны Қазақстанда алғаш іске қосқанда әлемде «Яндекс», «inDrive» деген платформалар әлі қолданысқа енбеген еді. Платформаны Өскемен қаласында іске қосқанымызға биыл 15 жыл болды. Бір айта кетер жайт, біз такси компаниясы емеспіз, бізде автопарк те, автокөлік те жоқ. Біз айтишник маман болған соң тек қана жолаушы мен жүргізушілерге ыңғайлы платформа жасап, оны ұсындық. Бұл ешқандай платформаның көшірмесі немесе бір жақтан алып келген платформа емес, өзіміз ойлап тапқан дүние, карта да өзіміздікі. Біз 2010 жылы тіркетіп, 2011 жылы 8 тамызда серверді заңды түрде іске қосқанда америкалық «Uber», израйлдік «Jet» онлайн сервистік такси қызметі пайда болғанын естідік. Осыдан кейін неше түрлі онлайн такси қызметін ұсынатын серверлер саны көбейді. Біздің бас офисіміз Өскемен қаласында, Астанада филиалы бар. Ал бағдарламашылар Қарағанды, Алматы секілді бірнеше қалада қашықтан жұмыс істейді. Біз жұмысты алғаш бастағанда заң да, түсінік те басқаша еді, қазір мүлде өзгерді. Осы платформаны құрастырып іске қосарда бірқатар қалталы азаматтарға қолқа салып, олар қолдаудан бас тартты. Десе де өз күшімізбен Өскеменде іске қостық, қазір ол жақта «такси» қызметін пайдаланатын жолаушылардың 90 пайызы «Aparu»-ды қолданады. Біз табыстан ешқандай пайыз ұстамаймыз. Жүргізушіден әр тапсырысты орындаған сайын Қазақстан бойынша 50 теңге алынады, тек Өскеменде ғана – 60 теңге. «Яндекс» Мәскуде әр тапсырыстан 29 пайыз, Санкт-Петербургте 40 пайыз, «Uber» Нью-Юркте 60 пайыз ақы алады. Өйткені бұлар ірі компаниялар, олар қызмет ауқымы ұлғайған сайын пайызды көбейтеді, ал бізде керісінше, қызмет ауқымы артқан сайын тапсырыстан ұсталатын ақы азаяды. Мысалы, 2010 жылы он теңгенің құны әжептәуір еді, мәселен, қазіргі елу теңгенің сол кездегі он теңгемен салыстырғанда құны аз. Бағаны нарық бойынша жүйе қояды, бірақ жүргізушілердің дауысы арқылы тариф ескеріледі. Мысалы, белсенді жүргізушілер мобильді қосымшадағы дауыс беру тетігі арқылы 1 шақырымға 100 теңге аламын десе, тағы бірі 60 теңге ұсынса оны жүйе орташа есептеп, ортақ бағаны шығарады. Кім күніне көп тапсырыс орындайды соның дауысы ескеріледі. Бұрын клиенттің жолақысы алдымен өзімізге түсіп, одан кейін жүргізушіге таратылатын. Уақыт өте келе оның барлығынан бас тарттық, қазір жолақы бірден жүргізушінің есепшотына түседі. Себебі өзге қаржы біздің айналым есебінде болуы тиімсіз әрі оның есебін салық органдарына беріп отыруыңа тура келеді. Сонымен қатар біздің сервер арқылы жұмыс істеген жүргізушілер салық органына өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде табыс салығын өздері төлейді. Бүгінде бағдарламашылар жүргізушінің 4 пайыз табысы бірден салық органына аударылатындай функцияны іске қосуға әрекеттеніп жатыр, бұл алдағы уақытта жүзеге асады. Сонымен қатар біз «Halyk Bank» арқылы жұмыс істейміз, әмянға ақша салу, шешу секілді қаржы аударымдары кезінде ешқандай пайыз ұсталмайды. «Aparu» белсенді жұмыс істеуі үшін таңертеңгі, кешкі қарбаласта жүргізушілер тапсырыс берген клиенттерді тасуы керек, сол кезде сенімділік пайда болады, жолаушылар тиімді баға үшін «Aparu»-ды пайдалануға тырысады, – деді Ерлан Шаяхметов.
Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетовке хабарласып, «такси» жүргізушісі көтерген мәселені жеткіздік. Ол «таксистердің» жаңа заңнамаға сәйкес өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін режимін қолдануға болатынын айтты. Бірақ ол үшін атында кәсіпкерлік (ИП) болмауы тиіс.
– Такси қызметінде немесе жеке қызмет көрсетумен айналысатын азаматтар үшін арнайы салық режимі қарастырылған. Бұл режим өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға арналған. Мысалы, «такси» жүргізу, шаштараз қызметі, тырнақ жасау, курьерлік жеткізу қызметі, сондай-ақ тұрғын үйді жалға беру сияқты қызмет түрлері осы санатқа кіреді. Бұл режимнің басты ерекшелігі өте қарапайым. Кәсіпкер декларация тапсырмайды және бөлек салық есептемесін жүргізбейді. Түскен табыстан бар болғаны төрт пайыз мөлшерінде төлем жасайды. Оның ішінде әлеуметтік төлемдер де қамтылған. Алайда табыстың белгілі бір шегі бар. Бір айдағы табыс үш жүз айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Қазіргі есеп бойынша бұл шамамен 1 миллион 297 мың теңгені құрайды. Егер табыс осы мөлшерден аспаса, азамат арнайы режимді пайдалана алады. Осы режиммен жұмыс істеу үшін «е-Salyq Business» деп аталатын арнайы мобильді қосымшаны жүктеу жеткілікті. Табыс түскен сайын қосымша арқылы чек енгізіледі. Чек енгізілген күннен бастап азамат осы арнайы салық режимін қолдана бастаса, тиісті салық есептеледі. Мысалы, адам бір айда 100 мың теңге табыс тапты делік. Ол сол табысқа чек енгізеді. Ай қорытындысында табыстың төрт пайызы төленеді. Яғни 100 мың теңгеден төрт мың теңге төлем жасалады. Бұл төрт пайыздың құрамында әлеуметтік аударымдар да бар. Оның бір пайызы міндетті зейнетақы жарнасына, бір пайызы әлеуметтік аударымдарға, бір пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасына, ал тағы бір пайызы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасына бағытталады. Барлық төлем бір жүйемен автоматты түрде есептеледі. Әлеуметтік осал топтар үшін де жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, зейнеткерлер зейнетақы жарнасын төлемейді және медициналық сақтандыру жарнасынан босатылады. Олар тек чек енгізіп, табысын көрсетіп отырады. Яғни салық төлемейді, тек табысының ашық түрде тіркелуі қамтамасыз етіледі. Көпбалалы аналар да кейбір әлеуметтік төлемдерден босатылады. Олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлемейді. Ал жасы жетпіс бес жастан асқан азаматтар жұмыс берушінің зейнетақы жарнасын төлеуден босатылады. Сондықтан олар үшін төлем мөлшері төрт пайыз емес, үш пайыз ғана болады, – деді ол.
Бір айта кетерлігі, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимі зейнетке ерте шыққан «таксистер» үшін өте қолайлы. Мысалы, ол адам «такси» қызметімен айналысса немесе көлігін айына 100 мың теңгеге жалға берсе де ешқандай ауыр салық жүктемесі міндеттелмейді. Ол тек қосымша арқылы чек енгізіп, табысын көрсетеді. Осылайша зейнеткер «таксист» заңды түрде, ашық әрі адал жұмыс істей алады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ



