Бүгінгі күні де сол батыр аналардың жолын жалғап, ауылшаруашылығында тынымсыз еңбек етіп жүрген фермер келіншектер аз емес. Сондай табысты әйелдердің бірі – Асана Шокатаева.
Асана Серікжанқызы – заман тынысын тап басқан, бақытын еңбектен іздеген тәжірибелі фермер. Бүгінде ол Т.Рысқұлов ауданындағы «Жасмин» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің басқарма төрайымы болып еңбек етіп, асыраушы саланың дамуына өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар қоғамдық өмірден де шет қалмай, осы аудандағы «Respublica» партиясының төрағасы ретінде белсенді қызмет атқаруда.
Негізінде кейіпкеріміздің еңбек жолы әкесі негізін қалаған «Қайнар Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тығыз байланысты. Әкесі Серікжан – «Қайнар Агро» ауылшаруашылығы кәсіпорнының жетекшісі, саналы ғұмырын ауылшаруашылығына арнаған жан. Үлкен кәсіпорында Асана Серікжанқызы директордың орынбасары қызметін атқарып, өндірістік жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне атсалысады. Кәсіпорынның қызмет ауқымы кең болғандықтан, негізгі өндірістік үдерістердің басым бөлігі дәл осы «Қайнар Агро» аясында жүзеге асады. Бүгінде кейіпкеріміз әке жолын лайықты жалғастырып, отбасылық кәсіптің өрісін кеңейтіп, шаруашылықтың жұмысын жүйелі жүргізіп келеді.
Асана егіс алқабындағы шаруаларды ұйымдастырып, жер жырту, тұқым себу, дақылдарды күтіп-баптау, өнім жинау сияқты жұмыстардың барысын өзі қадағалайды. Сонымен қатар шаруашылықтың қаржылық есебін де жүргізіп, барлық істің ретімен жүзеге асуына баса көңіл бөледі. Ал «Жасмин» өндірістік кооперативі – Асананың өз бастамасымен құрылған жеке шаруашылық.
Асана ауылға көшіп келмес бұрын Алматы қаласында еңбек етіп, кәсіби тәжірибе жинақтаған. Алайда уақыт өте келе оның өмірінде маңызды шешім қабылдауға түрткі болған жағдайлар орын алды. Алматының ауасы мен қарбалас өмір салты балалардың денсаулығына кері әсер ете бастаған еді. Балаларының денсаулығына алаңдаған Асана Серікжанқызы отбасылық өміріне өзгеріс енгізу туралы байыпты шешім қабылдайды. Осылайша ол қала тіршілігін артқа тастап, ауылға қоныс аударуға бел буды.
– Отбасылық кәсіпке 2014 жылы келдім. Бұл шаруашылықпен он жылдан астам уақыт бойы әкем айналысты. Сол кезде әкем мені өзінің «Қайнар Агро» ауылшаруашылығы кәсіпорнына шақырып, қаржылық құжаттарды ретке келтіруге, жалпы қаржылық тәртіп орнатуға көмектесуімді өтінді. Бастапқыда тек құжаттарды жүйелеу мақсатында келген мен бірте-бірте бұл іске тереңірек араласып, ақырында өндіріс саласына да белсенді қатыса бастадым. Шаруашылыққа келген алғашқы жыл кәсіпорын үшін ең қиын кезеңдердің бірі ретінде есімде қалды. Өйткені оған дейін бірнеше жыл қатарынан құрғақшылық болып, шаруашылық ауыр қаржылық жағдайға тап болған еді. Менің негізгі мақсатым – қаржылық құжаттарды ретке келтіріп, шаруашылықты тығырықтан шығарып, қайтадан табысқа жеткізу, қаржылық қиындықтан өтіп, болашағы бар, тұрақты компанияға айналдыру. Бұл мақсатқа біртіндеп қол жеткіздік. Осында жүріп дәнді дақылдарды егумен ғана шектеліп қалмай, шаруашылықты дамытудың жаңа бағыттары мен балама мүмкіндіктерін де қарастыра бастадым. Осы ізденістің нәтижесінде 2020 жылы жүргізілген келіссөздер мен қалыптасқан серіктестік байланыстардың арқасында әкемнің «Қайнар Агро» серіктестігі танымал «Астерра Азия» компаниясымен бірлесіп, тұқымшаруашылығы кәсіпорны мәртебесіне ие болды. Содан бері біз тұқым өндіру бағытын қолға алып, бұл саланы жүйелі түрде дамытуға кірістік, – дейді Асана Серікжанқызы.

«Қайнар Агро» ауылшаруашылығы кәсіпорнында негізінен дәнді дақылдар өсіріледі екен. Шаруашылықта күздік бидай, күздік арпа, жаздық арпа сияқты дәстүрлі дақылдармен қатар, сафлор секілді майлы дақылдар және мал азығына пайдаланылатын жоңышқа да егіледі. Кәсіп иесінің айтуынша, ол әрдайым жаңашылдыққа ұмтылып, ауылшаруашылығында жаңа бағыттарды меңгеруге қызығушылық танытып келеді. Сондықтан шаруашылықта жыл сайын жаңа технологияларды енгізу, түрлі сорттарды сынақтан өткізу сияқты жұмыстар да қатар жүргізіліп отырады. Бұл өз кезегінде егіншілік ісін жетілдіріп, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Осындай ізденістер мен жаңашылдыққа ұмтылыстың нәтижесінде 2023 жылы «Қайнар Агро» кәсіпорны маңызды ғылыми жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ел көлемінде іріктелген сегіз компанияның қатарынан табылған шаруашылық Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне қарасты Алматы облысындағы «Дәнді дақылдар және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен» арнайы келісімшарт жасасқан. Жоба аясында егін алқаптарында жаңа сорттарды тәжірибелік түрде сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, дәнді, майлы және бұршақты дақылдардың 25-тен астам жаңа сорты егіліп, олардың өсіп-өну ерекшеліктері мен өнім беру қабілеті мұқият бақыланған. Бұл ғылыми тәжірибенің басты мақсаты – жаңа сорттардың Жамбыл облысының климаттық жағдайына қаншалықты бейімделетінін анықтау. Яғни, зерттеу кезінде жергілікті топырақ құнары мен табиғи ортада олардың қалай өсіп, қандай нәтиже көрсететінін зерттеу арқылы өңірге тиімді әрі өнімді дақыл түрлерін іріктеу көзделіпті.
– «Қайнар Агро» ЖШС-да тұқым таңдауда да түрлі тәжірибелер қолданылуда. Біз отандық селекциямен қатар, Ресейде шығарылған тұқым сорттарын да пайдаланып көрдік. Солардың ішінде жаздық арпаның «Вакула» атты сорты ерекше нәтижесімен көзге түсті. Алғаш рет еккен жылдың өзінде-ақ бұл сорт оңтүстік өңірдің жағдайына жақсы бейімделіп, гектарына 36 центнерге дейін өнім берді. Бұл біз үшін өте жақсы көрсеткіш болды. Ал біздің шаруашылықтың тұқымын пайдаланып, Түркістан облысында еккен серіктестеріміздің алқаптарында оның өнімділігі тіпті 40 центнерге дейін жетті. Осы тәжірибе арқылы бұл сорттың өнімділігі жоғары әрі рентабельді екенін анық аңғардық. Дегенмен соңғы жылдары климаттың өзгеруі ауылшаруашылығына айтарлықтай әсер етіп отырғанын жасыруға болмайды. Әсіресе тәлімі жерлерде егін егу барған сайын қиындап барады. Мысалы, 2023 жылы өңірде қатты құрғақшылық болды. 2024 жылы жағдай біршама тұрақталғанымен, 2025 жылы қуаңшылық қайтадан қайталанды. Мұндай өзгерістер тәлімі жерлерде ауылшаруашылығы дақылдарын өсірудің экономикалық тұрғыдан тиімділігі төмендеп бара жатқанын көрсетіп отыр. Сондықтан қазіргі уақытта біз шаруашылықтың даму бағытын қайта қарастырып, ауылшаруашылығының құрылымын өзгертуге бет бұрдық. Климаттық тәуекелдерді ескере отырып, тиімді әрі тұрақты өндіріс тәсілдерін енгізу – «Қайнар Агроның» алдағы даму стратегиясының басты бағытына айналды. Қазір шаруашылықтың болашақ даму жолын айқындау мақсатында жаңа мүмкіндіктерді қарастырып, инвестициялық жобаларды іске асыру жолдарын іздестіріп жатырмыз. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, қолда бар жер қорын жан-жақты талдаудан өткізіп келеміз. Негізгі мақсатымыз – егістік алқаптарының бір бөлігін тамшылатып суару жүйесіне көшіру, ал тағы бір бөлігінде жаңбырлатып суару қондырғыларын енгізу арқылы суармалы егіншілікті дамыту. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстардың алғашқы қадамдары жасалғанымен, жобаны толық жүзеге асырып үлгерген жоқпыз. Соңғы жылдары қатарынан орын алған қуаңшылық пен өнім көлемінің төмен болуы шаруашылықтың қаржылық жағдайына әсер етіп, мұндай ірі технологиялық өзгерістерді тек өз қаражатымыз есебінен іске асыруды қиындатып отыр. Сондықтан қазіргі таңда біз жаңа серіктестер мен инвесторларды тарту арқылы заманауи агротехнологияларды енгізіп, егін шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп отырмыз. Өйткені ауылшаруашылығы бүгінгі таңда тек еңбекке ғана емес, сонымен қатар ғылым мен технологияға сүйенгенде ғана тұрақты дамитынын жақсы түсінеміз, – дейді А.Шокатаева.
Кәсіпорында өндірілген өнімнің негізгі бөлігі жергілікті нарыққа бағытталады екен. Әсіресе тұқымдық материал Жамбыл, Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы шаруашылықтарға жеткізіліп, егіншілікпен айналысатын кәсіпорындардың сұранысын қамтамасыз етуге жұмсалады. Ал азықтық және тағамдық мақсаттағы астықты көбіне өңірдегі мал бордақылау алаңдары мен жеке қосалқы шаруашылықтар сатып алады. Осылайша «Қайнар Агроның» өнімі ең алдымен жергілікті тұтынушылардың қажеттілігін өтеп келеді. Дегенмен кейбір жылдары компания сыртқы нарықпен де байланыс орнатқан. Мәселен, майлы дақылдардың белгілі бір бөлігі Өзбекстан нарығына экспортқа шығарылған. Алайда мұндай экспорт көлемі әзірге тұрақты әрі ауқымды сипат ала қоймапты. Өйткені халықаралық нарыққа өнім шығару үшін үлкен көлемдегі әрі тұрақты өнім қоры қажет көрінеді.
Расында ауылшаруашылығы – оңай сала емес. Жауапкершілігі зор, табиғаттың құбылмалы мінезіне тәуелді бұл сала көп жағдайда ер-азаматтардың еншісіндегі күрделі кәсіп ретінде қабылданып келгені белгілі. Сондықтан мұндай ортада әйел адам ретінде еңбек ету ерекше төзімділік пен ішкі қайсарлықты талап ететіні анық. Асана Серікжанқызы да бұл жолдың жеңіл болмағанын жасырмайды. Кей тұстарда ер-азаматтарға тән табандылық пен батылдық танытуға тура келсе, енді бір сәттерде олардың ойлау жүйесін түсініп, сол ортаға бейімделудің де қажет болғанын айтады. Әрине, мұндай ортада тепе-теңдікті сақтау оңай емес. Кей кездері жұмыста өзінің әйел екенін ұмытып кететін сәттері де болған. Бұрын ол кейде ер адамдар секілді қатаң әрекет етуге тырысқан. Алайда уақыт өте келе өз болмысын сақтап, әйелге тән парасаттылықпен жұмыс істеу әлдеқайда тиімді екенін түсінген.
– Әсіресе құжат айналымы мен қаржылық мәселелерде әйелге тән ұқыптылықтың пайдасы зор деп ойлаймын. Кез келген келісімшарт пен қаржылық құжатқа үлкен жауапкершілікпен қараймын. Құжаттарға үстірт қол қоя салмай, әр тармағын мұқият оқып шығуға тырысамын. Ықтимал тәуекелдерді алдын ала есептеп, заңдық жағын толық түсініп алу – мен үшін өте маңызды. Өйткені әр келісімнің артында үлкен жауапкершілік тұрғанын жақсы білемін. Осы жағынан алғанда, әйел адамның ұқыптылығы мен жауапкершілігі шаруашылық жүргізуде үлкен артықшылық береді деп ойлаймын. Әрине, шаруашылықтағы жұмыс құжатпен, есеп-қисаппен ғана шектелмейді. Төзімділік пен күш-жігерді талап ететін егістік басындағы ұзақ уақытқа созылатын еңбекке де араласамын. Мұндай қарбалас тіршілікте кейде физикалық жүктеменің салмағы сезілетін сәттер де болады. Оның үстіне мен көпбалалы анамын. Сондықтан бизнес пен отбасы арасындағы үйлесімді сақтап жүру әрдайым оңай бола бермейді. Бірақ қарбаластың бәрін өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдап, еңбек пен отбасы құндылығын қатар алып жүруге тырысамын. Дегенмен мен кез келген қиындықтың шешімі бар деп есептеймін. Уақыт өте келе шаруашылықтағы кейбір міндеттерді сенімді мамандарға бөліп беріп, отбасына көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік болады деп сенемін. Ал әзірге мен үшін ең бастысы – кәсіпті дамыту. Өйткені бүгінгі еңбек ертеңгі тұрақтылықтың, болашақтың берік негізі деп ойлаймын, – дейді Асана Серікжанқызы
Асана басқаратын шаруашылықтарда еңбек қатынасына ерекше мән беріледі. Мұнда бірнеше буын өкілдері бірлесіп жұмыс істейді, тіпті бір отбасының бірнеше ұрпағы еңбек ететін жағдайлар бар. Компания қызметкерлердің тұрмыс жағдайына да қолдау көрсетіп, ұзақ жыл адал еңбек еткендерге әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мысалы, кейбір қызметкерлерге баспана сыйға тартылған, сондай-ақ үйлену тойы, оқу немесе қиын кезеңдерде қаржылай қолдау көрсету дәстүрге айналған.
Ал «Жасмин» өндірістік кооперативі аясында Асана Серікжанқызы ұлттық тағам өндірісін дамытып, құрттың бірнеше түрін нарыққа ұсынып отыр. Өнімдер қатарында дәстүрлі құрт, шоколадқа қапталған құрт және той-томалаққа арналған сыйлық жиынтықтары бар.
Ұлттық өнімді заманауи форматта дамытып жүрген Асана Серікжанқызы – Re.Women әйелдер қауымдастығының белсенді мүшесі. Ол әйелдердің кәсіпкерлікте батыл қадам жасап, өз ісін сеніммен жүргізе алатынын нақты іспен дәлелдеп келеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




