Салтанатты ашылу рәсімінде Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры Сейітхан Жошыбаев сөз алып, ғасырлық межеге қадам басқан білім ордасының ұжымын мерейлі белеспен құттықтады. Ол өз сөзінде колледждің өңірлік қана емес, республикалық деңгейде жоғары білікті медицина мамандарын даярлаудағы орны бөлек екенін атап өтті.
Іс-шара барысында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбай да сөз сөйлеп, колледждің 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. Ол оқу орнының аймақтың денсаулық сақтау жүйесіне қосқан үлесін жоғары бағалап, болашақта да сапалы кадр даярлау ісінде табысты еңбек ете беретініне сенім білдірді.
Халықаралық деңгейде өткен іс-шараға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінен келген серіктестер, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік әріптестердің өкілдері, Қазақстандағы медициналық колледждердің басшылары қатысты. Бұл кең ауқымды басқосу тәжірибе алмасуға, заманауи білім беру трендтерін талқылауға және өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
Келелі кездесуде медициналық білім берудегі цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні оқыту үдерісіне енгізу, симуляциялық технологияларды қолдану сияқты өзекті тақырыптар жан-жақты қарастырылды.
Сарапшылар заманауи технологиялардың болашақ медицина мамандарын даярлаудағы тиімділігіне тоқталып, білім беру сапасын арттыру жолдарын ортаға салды.
Жамбыл жоғары медициналық колледжі үшін бұл мерейтой – өткеннің жетістігін қорытындылап қана қоймай, келешекке жаңа серпін беретін маңызды кезең. Халықаралық деңгейдегі мұндай мазмұнды іс-шаралар оқу орнының беделін арттырып, отандық медициналық білім беру жүйесінің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.
* * *
Колледждің 90 жылдық мерейтойы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен салтанатты іс-шарамен жалғасын тапты. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, денсаулық сақтау және білім беру саласының мамандары, сала ардагерлері, оқу орнының түлектері мен әлеуметтік серіктестері қатысты.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының атынан жолданған бейнеқұттықтауды депутат Гүлдара Нұрымова жеткізіп, колледждің медициналық кадрлар даярлаудағы айрықша үлесі мен елдің денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да құттықтау хатын жолдап, онда оқу орнында мамандар даярлау сапасының жоғары деңгейі, колледждің тұрақты дамуы және халықаралық талаптарға сай заманауи білім беру технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстары ерекше көрсетілді.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің атынан жолданған құттықтау хатты облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбай оқыды. Онда колледждің өңірге білікті медициналық кадрлар даярлаудағы рөлі мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі кеңінен баяндалды.
Іс-шара барысында үздік оқытушылар, қызметкерлер және сала ардагерлері құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды.
Мерейтойлық кешке шетелдік серіктестер мен еліміздің әр өңірінен келген медициналық колледждердің өкілдері де қатысты. Бұл оқу орнының жоғары беделі мен халықаралық ынтымақтастығының нығайып келе жатқанын көрсетті. Сонымен қатар ардагерлер мен түлектердің жүрекжарды лебіздері кештің мазмұнын арттыра түсті.
Салтанатты кеш шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың қатысуымен өткен гала-концертпен түйінделіп, мерейтойлық іс-шараның жарқын әрі есте қаларлық қорытындысына айналды.
Облыс әкімдігі денсаулық
сақтау басқармасының
баспасөз қызметі
Кітапханашы болу қиын ба?
Ұқсас жаңалықтар
«Жасыл ел-Тараз»-дың жылыжайы: Бүгінде мұнда миллион түп гүл өсіріледі
- авторAR-AY
- 17 сәуір, 2026




