Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Үміт оты сөнбейді

Үміт оты сөнбейді
Автор
Тараз қаласындағы №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына бас сұққан адамның айналасына зер салып, өзгеше атмосфераны сезінетіндігі ақиқат. 2014 жылы іргетасы қаланған мекеме содан бері талай жанға үміт сыйлап, қамқорлықтың шынайы мекеніне айналып келеді.

Мұнда қызмет алушыларға сегіз бағыт бойынша кешенді қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-педагогикалық және әлеуметтік-экономикалық қызметтер жүйелі түрде ұйымдастырылған. Орталық тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін стационарлық үлгіде қызмет көрсетіп, әрбір жанның өмір сапасын жақсартуды басты мақсат етеді.

Мекемеде қызмет алушылар жасына, жынысына, диагнозына және психологиялық үйлесімділігіне қарай арнайы бөлімдерге орналастырылады. Орталықта атының өзінен жылылық сезілетін «Үміт», «Жаншуақ», «Ізгілік», «Мейірім», «Қарлығаш», «Шапағат», «Ақниет», «Паллиатив», «Оқшаулау» деп аталатын бөлімдер бар. Арнайы бөлімдерде әрбір жанға деген жанашырлықтың, үміттің, қамқорлықтың үлгісі көрініс тапқан.

Бүгінде орталықта 548 қызмет алушы бар. Оның ішінде 345-і ер-азамат, 203-і әйел. Ұлттық құрамы да алуан түрлі. Бұл орталықтың көпұлтты қоғамдағы татулық пен бірлікті сақтаудағы маңызын айқындай түседі. Жылы ұядай мекенге жаңадан қабылданған әрбір қызмет алушы алдымен қабылдау бөлімінде 14 күн бақылаудан өтеді. Осы уақыт ішінде оның денсаулығы, психологиялық жағдайы, жеке ерекшеліктері жан-жақты зерттеліп, кейін тиісті бөлімге орналастырылып, жеке жұмыс жоспары жасалады.

– Әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету жүйесі қызмет алушылардың күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталған. Өзіне қызмет ете алатын және көмекке мұқтаж жандар тәулік бойы мейірбикелер мен күтім қызметкерлерінің бақылауында болады. Олардың әрқайсысына маусымға сай киім-кешек, қажетті тұрмыстық және гигиеналық заттар толық қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар қызмет алушылар өз жақындарымен бейнеқоңырау арқылы байланысып, сағынышын баса алады. Келушілер үшін арнайы бөлмелер қарастырылып, жүздесуге барлық жағдай жасалған. Әлеуметтік-медициналық қызмет аясында қызмет алушылардың денсаулығын сақтау мен нығайту басты назарда. Орталықта санитарлық эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталып, жүйелі түрде дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Ал әлеуметтік психологиялық қызмет – жандүниені сауықтырудың маңызды тетігі. Мұнда тренингтер, арт-терапия, ойын жаттығулары ұйымдастырылып, әрбір адамның ішкі күйзелісін жеңуге мүмкіндік бар. Психологтар мен мамандар қызмет алушылардың эмоционалдық жағдайын бақылап, қажет болған жағдайда арнайы түзету жұмыстарын жүргізеді. Биыл бекітілген жоспарға сәйкес қызмет алушылар түрлі спорттық және танымдық шараларға белсене қатысады. Таңғы жаттығудан бастап футбол, волейбол, үстел теннисі, дойбы, шахмат сынды ойындар олардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, өмірге деген қызығушылығын арттырады. Арқан тарту, асық атумен қатар, флорбол секілді жаңа ойын түрлерін меңгеру де олардың белсенділігін арттыра түсуде. Әлеуметтік-еңбек қызметі бойынша түрлі үйірмелер, яғни ағаш өңдеу, тігін, компьютерлік сауаттылық, табиғи материалдармен жұмыс, «GREEN FLOWER», тоқыма және изотерапия бағыттары олардың шығармашылық қабілетін дамытып, өзін пайдалы сезінуіне мүмкіндік береді. Одан бөлек түрлі мерекелік шаралар, концерттік бағдарламалар, сайыстар ұйымдастырылып, қызмет алушылардың көңіл күйін көтеруге ерекше мән беріледі. Әрбір туған күн елеусіз қалмай, жылы лебіздермен аталып өтеді. Жылына бір рет ата-аналармен кездесулер өткізіліп, рухани байланыс нығая түседі, – деді орталық директоры Зейнел Алпысбай.

Сондай-ақ қызмет алушылар әлеуметтік-экономикалық қызмет аясында заңды жәрдемақылары мен төлемдерін уақытылы алып тұрады. Ал әлеуметтік құқықтық қызмет арқылы олардың құқықтары қорғалып, қажетті заңгерлік көмек көрсетіледі. Орталыққа қайырылғандардың әрқайсысының бөлмесінде үміттің шырағы жарқырайды. Қызметкерлер әрбір жанның жандүниесін түсінуге, қолдау көрсетуге ұмтылады.

Адам жанына жылу сыйлап, үміт сәулесін қайта тұтататын бұл шаңырақта әрбір жанға деген ықылас пен шынайы мейірім терең сезіледі. Мұнда атқарылған әрбір іс, төгілген әрбір маңдай тер тағдыр талқысына түскен жандардың өміріне жарық түсірген шапағаттың нышаны іспетті. Орталық қызметкерлерінің қызмет алушыларға жасап отырған қамқорлығы көмескі тартқан үміттің шоғын қайта үрлеп, ертеңге деген сенімін оятары анық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар