Көптеген адамдар бизнес-жоспарды тек ақша алу үшін жасап, іс жүзінде ешқандай жұмыс орнын құрмайды немесе өндірісті іске қоспайды. Мұндай «қағаз жүзіндегі кәсіпкерлік» ел экономикасына да, адал еңбек етіп жатқан азаматтардың мүмкіндігіне де үлкен нұқсан келтіруде.
Сонымен қатар мемлекеттен жәрдемақы алу үшін жалған ажырасу, табысын жасыру және несиелік жауапкершіліктен әдейі қашу сияқты адамгершілікке жат әрекеттер жиілеп кетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдаулары мен Ұлттық құрылтай отырыстарында бұл құбылыстың ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық моральға тікелей қауіп төндіретінін қатаң ескертумен келеді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында бақылаусыз берілген жеңілдіктер мен жүйесіз әлеуметтік саясат орта жолдан пайда тапқысы келетін «жылпостардың» көбеюіне қолайлы жағдай жасағанын баса айтқан болатын.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Руслан Қасымовтың айтуынша, жалған кәсіпкерлік арқылы мемлекеттік гранттар мен субсидияларды заңсыз иемдену – бұл мұқият жоспарланған, бірнеше кезеңнен тұратын алаяқтық процесс. Мұндай схемалардың негізінде «қағаз жүзіндегі» белсенділік пен цифрлық деректерді бұрмалау жатыр.
– Әдетте алаяқтар алдымен таза несиелік тарихы бар немесе жаңадан ашылған заңды тұлғаларды пайдаланады. Грант алу үшін олар өзекті көрінетін, бірақ іс жүзінде орындалмайтын инновациялық немесе әлеуметтік маңызы бар бизнес-жоспарлар дайындайды. Бұл құжаттарда көрсетілген нарықтық талдаулар, болжамды табыстар мен жұмыс орындарының саны толықтай қолдан жасалады. Субсидия алу барысында алаяқтар көбінесе ауылшаруашылығы немесе өндіріс саласын нысанаға алады. Олар жоқ тауарды сатып алған болып көріну үшін жалған шот-фактуралар мен жүкқұжаттарды қолданады. Мысалы, асылтұқымды мал сатып алуға бөлінетін субсидияны алу үшін малдың сырғаларын (инвентарлық нөмірлерін) бір табыннан екіншісіне ауыстырып тағу немесе базадағы деректерді техникалық қателіктер арқылы өзгерту әдістері жиі кездеседі. Мұндай алаяқтардың ұзақ уақыт бойы ұсталмай жүруінің басты себебі – құжат айналымының толық цифрлануы мен мемлекеттік органдардағы бақылаудың кейде формалды сипат алуында. Олар жүйенің осал тұстарын жақсы біледі және тексеріс кезінде көрсету үшін «жалған декорациялар» (уақытша жалдаған кеңсе, басқа біреуден қарызға алынған техника) құрып қояды. Сонымен қатар алаяқтық желілер көбінесе «бір күндік» фирмалардың тізбегін құру арқылы ақшаның ізін жасырады. Бөлінген қаражат бірнеше есепшот арқылы айналдырылып, соңында қолма-қол ақшаға айналдырылады немесе шетелдік офшорларға аударылады. Көп жағдайда бұл схемалардың артында мемлекеттік бағдарламаларды үйлестіретін мекемелердегі сыбайлас жемқорлыққа бейім тұлғалардың көмегі болуы мүмкін, бұл оларға ішкі тексерістерден аман өтуге мүмкіндік береді. Алайда, қазіргі уақытта жасанды интеллект пен блокчейн элементтері енгізілген мониторинг жүйелері мұндай күмәнді транзакцияларды жылдам анықтауға көшуде, бұл заңсыз схемалардың өміршеңдігін айтарлықтай төмендетіп жатыр, – деген Руслан Мұратұлы облыста мұндай жағдай соңғы жылдары жиі тіркелгенін жеткізді.
Мәселен, департамент мемлекет қаржысын жымқыруға бағытталған бірнеше күрделі қылмыстық схеманың жолын кескен. Жүргізілген тексеріс жұмыстарының нәтижесінде, әсіресе ауылшаруашылығы саласындағы заңсыздықтар айқын көрініс тапқан. Атап айтқанда, жауапты тұлғалар іс жүзінде жоқ мал басын электронды базаларға жалған тіркеу арқылы мемлекеттен миллиондаған теңге субсидияны заңсыз иемденіп келген. Бұл бағыттағы құқықбұзушылықтар тек ауылшаруашылығымен шектелмей, кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Бастау бизнес» жобасын да айналып өтпеген. Онда жеңілдетілген грант алып, жаңа кәсіп ашуы тиіс азаматтардың бөлінген қаражатты мақсатты пайдаланбай, өздерінің жеке қажеттіліктеріне жұмсап жібергені анықталыпты.
– Өңірдегі мемлекеттік субсидиялар мен гранттарды заңсыз иемденуге қатысты анықталған ірі алаяқтық деректерінің дені ауылшаруашылығы саласына қатысты. Сөзімізге «Меркі тәжірибе шаруашылығы» және «Жеміс-жидек» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне қатысты жаға ұстатарлық фактілер себеп бола алады. Екі серіктестік 2015-2022 жылдар аралығында жалған құжаттар жасау арқылы мемлекеттен 321 миллион теңгеден астам заңсыз субсидия алған. Серіктестік басшылары қол астындағы қызметкерлердің көмегімен жеміс ағаштарының көшеттерін сатуға қатысты құжаттарды қолдан жасап, сатылған өнім көлемін әдейі асыра көрсеткен. Осылайша, жалған деректер негізінде мемлекеттен заңсыз қаржы алған. Сонымен қатар былтырдан бері Сарысу ауданында шаруа қожалықтарын сумен қамтуға арналған 38,1 миллион теңге субсидия қаражатының ұрлануына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Мұнда 8 шаруашылықта бұрғыланған құдықтардың тереңдігі жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген параметрлерге сәйкес келмейтіні анықталған. 2025 жылғы 30 сәуірде тіркелген бұл дерек бойынша тергеу жұмыстары біздің департаментке тапсырылды. Осыған ұқсас келесі бір жағдай 2024 жылы тіркелді. Облыстың екі тұрғыны 108 шаруаның атынан құжаттарды қолдан жасау арқылы ауылшаруашылығы техникасын сатып алу шығыстарын субсидиялауға бөлінген 105,3 миллион теңгені заңсыз иемденген. Негізі мұндай жағдайлар әр өңірде көптеп тіркеліп жатыр. Сондықтан департамент қазіргі уақытта дәстүрлі тексеріс әдістерінен гөрі, жоғары технологиялық цифрлық бақылау мен қаржылық барлауға басымдық беріп отыр. Алаяқтық схемаларды құрықтаудың негізгі тетігі – «Ақпараттық талдау жүйесі» сияқты ауқымды деректер базасын қолдану. Бұл жүйе мемлекеттік грант алған кәсіпорындардың әрбір транзакциясын нақты уақыт режимінде қадағалайды. Егер бөлінген қаражат мақсатсыз жұмсалып, бір күнде бірнеше күмәнді фирманың есепшотына аударылса немесе қолма-қол ақшаға айналдыру (обнал) белгілері байқалса, жүйе автоматты түрде дабыл қағады. Бұл инспекторларға қылмыстық схеманы ол толық жүзеге асып үлгермей жатып-ақ әшкерелеуге мүмкіндік береді. Субсидиялау саласындағы заңсыздықты анықтау үшін департамент ғарыштық мониторинг пен мемлекеттік базаларды инвентаризациялау әдісін белсенді қолдануда. Ауылшаруашылығындағы «өлі жандарды» немесе жоқ малды анықтау үшін ветеринарлық базалар мен сырғалау деректері цифрлық сүзгіден өткізіледі. Ғарыштан түсірілген суреттер арқылы құжатта көрсетілген егістік алқаптарының немесе өндірістік нысандардың іс жүзінде бар-жоғы тексеріледі. Мұндай қашықтан бақылау әдісі адами факторды азайтып, алаяқтардың «декорация жасап» тексерушілерді алдауына жол бермейді, – деп қосып өтті Р.Қасымов.
Арам пиғылды жалған кәсіпкерлердің заңсыз әрекеттері адал азаматтардың сеніміне селкеу түсіріп, қоғамға кері әсерін тигізуі мүмкін екені даусыз. Алайда мұндай келеңсіздіктер мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларына кедергі болмақ емес. Бүгінде кәсібін дөңгелетпек болған жандарға арналған гранттық көмек пен субсидиялар ұсыну жұмыстары тоқтаусыз жалғасып келеді. «Грант алудың нақты талаптары қандай, биыл қанша тұрғын қаржылай қолдауға ие болды?» деген сауалдар төңірегінде нақты ақпарат алу мақсатында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына хабарласқан едік.
Басқарма өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында мемлекеттік гранттар беру жұмыстарын жүзеге асыруда. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №754 қаулысымен бекітілген «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік гранттар беру қағидаларына» сәйкес жүргізіледі.
– Бағдарлама аясында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне және «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері атанған кәсіпкерлерге 5 миллион теңгеге дейінгі көлемде өтеусіз гранттар ұсынылады. Барлық өтінімдерді қабылдау және қызмет көрсету процесі «Kezekte.kz» мемлекеттік веб-порталы арқылы электронды түрде атқарылады. Мемлекеттік гранттарды иеленуге арналған конкурстық іріктеуге Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі міндетін атқарушының 2023 жылғы 17 шілдедегі №140 бұйрығымен бекітілген арнайы тізілімге ресми тіркелген әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері ғана қатыса алады. 2025 жылғы конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша жалпы сомасы 15 миллион теңгені құрайтын 3 жеңімпаз анықталды. Бұл жобалардың бір жыл көлемінде тиісті деңгейде іске асуын бақылау «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыс бойынша аймақтық филиалына жүктелген. Мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында конкурс барысында міндетті түрде аудио және бейнежазба жүргізіліп, бұл туралы өз бизнес-жобасын қорғайтын кәсіпкерлер алдын ала хабардар етіледі. Сонымен қатар комиссия отырысының заңдылығы мен ашық өтуін қадағалау үшін процеске кемінде екі адамнан тұратын тәуелсіз байқаушылар тобы шақырылады. Тағы бір айта кетерлігі, еліміздің салық заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістерге байланысты кәсіпкерлер үшін маңызды кезең басталды. Биылғы қаңтар айынан бастап бұрын қолданыста болған ескі салық жүйелері ресми түрде жойылып, олардың орнына тек үш негізгі нұсқа қалды. Осыған орай бизнес иелеріне өз қызметіне сәйкес келетін жаңа салық режимін таңдау үшін небәрі екі аптадан аз уақыт беріліп отыр. Егер кәсіпкерлер 1 наурызға дейін тиісті өтінішін беріп үлгермесе, олардың бизнесі автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген режимге ауыстырылады. Айта кетерлігі, жалпы режимде салық мөлшерлемесі әлдеқайда жоғары және есептілік талаптары да күрделірек. Сондықтан алдағы уақытта артық шығынға батпай, кәсіпті тиімді жүргізу үшін қалған қысқа мерзім ішінде нақты шешім қабылдап, мемлекеттік органдарға хабарлау қажет, – дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев.
Кәсіп бастауға ниетті тұрғындарға облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Осы ретте басқармаға қарасты «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Серік Әлібековпен тілдесіп, заң талаптарының сақталуы мен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы туралы кеңінен білген едік. Оның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №272 бұйрығы негізінде, 2025 жылы облыста жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 1008 азаматқа жалпы сомасы 1 миллиард 585 миллион 382 мың 400 теңге көлемінде қайтарымсыз грант бөлу жоспарланыпты. Десе де екі азаматтың банк шоттарын «www.business.enbek.kz» порталына уақытылы енгізбеуіне байланысты қаржы аударылмай, нәтижесінде 1006 тұрғын мемлекеттік қолдауға ие болған екен.
– Бүгінде бұл грант иегерлерінің барлығы дерлік жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркеліп, өз істерін дөңгелетіп отыр. Мемлекеттік көмектің игілігін көргендердің әлеуметтік құрамына үңілсек, олардың басым бөлігі, яғни 675-і көпбалалы отбасы болса, 188-і мүгедектігі бар азамат. Сонымен қатар 83 ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-ана, 42 асыраушысынан айырылған, 15 атаулы әлеуметтік көмек алушы мен 3 атажұртқа оралған қандасымыз да қаржылай қолдау арқылы өз тірлігін бастады. Бөлінген қаржының нысаналы бағыттары да сан алуан. 552 жоба малшаруашылығын өркендетуге, 197 жоба заманауи технологиялық жабдықтарға, 182 жоба қажетті мүкәммалдарға, 45 жоба еңбек құралдарын түгендеуге, ал қалғандары құсшаруашылығы, сауда нысандарын жалға алу, көшет пен тұқымшаруашылығы секілді кәсіп көздеріне бағытталды. Бұл қолдау – өңірдегі кәсіпкерлік рухты оятып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың өз бетінше табыс табуына үлкен септігін тигізбек, – дейді Серік Айдарұлы.
Әлбетте, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан әрбір тиынның қатаң қадағалауда екенін, гранттардың заң талаптарына сәйкес үлестіріліп жатқанын жоққа шығаруға болмас. Десе де дәл қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлерге берілген кең мүмкіндіктердің көлеңкелі тұстары да алаң туғызуда. Шыны керек, бұл еркіндік кейбір тұстарда алаяқтықтың өршіп, көлеңкелі ақша айналымының көбеюіне, тіпті жалған жеке кәсіпкерлік арқылы әлеуметтік төлемдерді қолдан жасап, мемлекет қазынасын ортайтуға жол ашып отырғандай. Қайтарымсыз грантқа бөлінген қаржының нақты іс бастайтын иесіне емес, жалған «ИП-лардың» жетегінде кетуі – қоғамдағы үлкен дерттің бірі.
Ең бастысы, мұндай заңсыз әрекеттер халықтың алаяқтық жолмен масылдыққа бет бұруына ықпал етуде. Соңғы кездері халықтың масылдық психологияға бейімделіп бара жатқанын Мемлекет басшысы бірнеше рет дабыл қаға айтқанымен, бүгінгі жүйенің кейбір олқылықтары азаматтардың оңай жолмен табыс табуға құнығып, жалған аударымдар арқылы жәрдемақы алудан шімірікпеуіне сеп болып отыр. Масылдық психологияның артуына ықпал ететін мұндай «жасанды кәсіпкерлердің» қаптауы мемлекеттік басқару машинасының қателігі ме, әлде халықтың тоғышар пиғылы ма? Мұндайда кімді кінәлайтыныңды да білмей дал боласың. Дегенмен адал еңбектің қадірін қашырып, мемлекет сенімін теріс пайдаланған жалған жеке кәсіпкерлердің жолын кесетін кез әлдеқашан жеткен секілді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




