Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Экономиканы әртараптандырудан ұтарымыз көп

Экономиканы әртараптандырудан ұтарымыз көп
Автор
Еліміз қарқынды дамуы үшін экономиканы әртараптандырудың маңызы зор. Бұл тұрғыда Үкімет тарапынан да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Негізгі салалар бойынша индикаторлық көрсеткіштер белгіленіп, оның орындалуына баса назар аударылып отыр.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, жаңа инвестициялар елдің заманауи өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға бағытталады.

– Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айқындап берген міндеттерге сәйкес экономиканы одан әрі әртараптандыру экономикалық өсудің сапалы түрде жаңа моделін қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Бірінші кезекте, жаңа инвестициялар елдің заманауи өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға шоғырландырылуы қажет. Осыған байланысты жоғары қосылған құн қалыптастыра алатын өңдеуші және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту басым бағытқа айналуда. 2025 жылы ел экономикасы тұрақты әрі сапалы өсуді көрсетті. Орта мерзімді перспективада мұнай-газ секторының жалпы ішкі өңімнің өсіміне қосатын үлесі біртіндеп төмендейді. Бұл төмендеу өңдеуші өнеркәсіптің, құрылыс, ауыл шаруашылығы және мұнай-газ секторынан басқа салалардың озық дамуымен өтеледі. Құрылымдық өзгерістер қазірдің өзінде айқын байқалуда. Егер 2010 жылы өңдеуші өнеркәсіптің жалпы ішкі өңімдегі үлесі 11,3 пайыз болса, 2024 жылы ол 12,4 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар тау-кен өндіру секторының үлесі екі есеге жуық – 19,5 пайыздан 12 пайызға дейін, оның ішінде мұнай мен газ өндіру үлесі 16,5 пайыздан 8,1 пайызға дейін қысқарды, – дейді С.Жұманғарин.

Сонымен қатар ол экономикалық күрделілік индексі шеңберінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемнің 145 елі арасында 55-орынды иеленгенін жеткізді. Көршілес елдермен салыстырғанда, 2020–2024 жылдары Қазақстан қарқынды серпіліс жасап, 87-орыннан 55-орынға көтерілген.

Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін бізге инвестициялар көлемін ұлғайту қажет. Ұлттық жоспардағы болжамдарға сәйкес инвестициялардың жалпы ішкі өңімге қатынасы қазіргі 14–15 пайыздан 2029 жылы 23 пайызға дейін ұлғаяды. Нәтижесінде 2029 жылы негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есеге артуға тиіс.

Көрсеткіштің 2029 жылға қарай 23 пайызға дейін кезең-кезеңімен өсуі қосымша 120 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді, осылайша, 2025–2029 жылдар аралығындағы жиынтық инвестициялар 400  миллиард долларға жетеді.

Бұл тұрғыда бірқатар перспективалы бағыттар айқындалған. Табиғи ресурстарды және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу салалары экономикаға әсерінің жоғары болуына байланысты басым бағыттар ретінде белгіленді. Олардың ішінде ең алдымен барлық негізгі түсті металдар, қара металлургия, сирек кездесетін металдар,  химия өнеркәсібі, мұнай-химия, газ өндірісі,  агроөнеркәсіп өнімдерін жоғары және орта деңгейде қайта өңдеу,  фармацевтика өнеркәсібі бағыттарын атап өткен жөн.

– Аталған жобаларды жүзеге асыру елдегі еңбек өнімділігінің орташа деңгейін арттырады, бұл«орта табыс тұзағын» еңсеру және жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің одан әрі өсуі үшін қажет негізгі шарттардың бірі. Осыған байланысты бүгінгі күні Экономикалық өсудің проактивті саясатын енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл саясаттың мәні – мемлекеттің тек инвесторларды шақыруымен ғана шектелетін модельден нақты инвестициялық жобаларды қалыптастыру мен іске қосуға мемлекеттің белсенді қатысуы моделіне көшу. Инвестиция тартудың бұл тәсілі экономика салаларының нақты қажеттіліктеріне бағытталған. Сонымен қатар жобалардың тиімділігі мен табыстылығын арттыру мақсатында құзыреттері мықты және технологиялары заманауи жетекші шетелдік стратегиялық серіктестердің қатысуы қамтамасыз етіледі, –  деді Серік Жұманғарин.

Вице-премьер проактивті саясаттың мысалдары ретінде нақты екі кейсті келтірді. Мысалы, көмір химиясы саласында елімізде шикізат қоры мол. Көмір химиясындағы капиталды қажет ететін жобалар экспорттауға болатын аммиак, метанол, этанол, полипропилен және газ сияқты кең ауқымды тауарларды өндіруге мүмкіндік береді. Әлеуетті жобалардың бірі Қарағанды облысында жылына 2 миллиард текше метр газ өндіретін, құны шамамен 2 миллиард АҚШ долларын құрайтын көмірден газ өндіру зауыты. Аталған жобаны қытайлық «Shandong Energy Group» компаниясы жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл сегментте капиталды қажет ететін көптеген экспорттық жобаларды жүзеге асыруға болады.

Сонымен қатар қайта өңдеу мен әртараптандыруға елеулі серпін беруге инвестициялар көлемінің өсімін көрсетудегі тағы бір мысал – «Qarmet» кейсі. Компания алдағы үш жыл ішінде шамамен 3,5 миллиард долларға жобаларды жүзеге асырады. Инвестициялық бағдарлама нәтижесінде көмір өндіру көлемі 1,4 есеге, темір кені өндірісі 1,8 есеге ұлғая отырып, концентраттар өндірісі 1,7 есеге артып, сұрыптық өнім шығару көлемі 2,3 есеге өседі, сондай-ақ қуаты 4 миллион  тонна болатын жаңа құйма-илек кешені іске қосылады.

Бұдан бөлек, жобалар тізбесі сұрыптық өнім түрлерін кеңейтуді, мырыштау қуаттарын арттыруды, металл бұйымдарын өндіруді, кокс-химия өндірісін жаңғыртуды, газ тазарту жүйелерін жетілдіруді, газ құбыры инфрақұрылымын салуды және энергия өндіру жобаларын қамтиды.

– Ішкі нарықты отандық тауарлармен жүйелі түрде қамтамасыз ету үшін «Инвестицияларға тапсырыс» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінде инфляциялық қысымның негізгі себептерінің бірі – тұтыну және тұтыну емес сегменттерде отандық өндірістегі бірқатар базалық тауарлардың тапшылығы. Осыған байланысты салалық министрліктер импортты алмастыруға болатын сегменттерді айқындап, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру мүмкіндіктерін анықтауда. Ал «Бәйтерек» холдингі «Инвестицияларға тапсырыс» аясында инвестициялық жобалар пулын қалыптастыру үшін кешенді due diligence жүргізеді. Бұл жұмыс тұрақты негізде жүргізілетін болады. Біздің мақсат – ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті төмендету. Қазіргі уақытта азық-түлік секторында 12 бағыт және азық-түлікке жатпайтын секторда 24 бағыт айқындалды, – деді Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі.

Оның айтуынша, азық-түлік бағыты агроөнеркәсіптік кешен мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі сегменттерін қамтиды. Олардың қатарында ет, сүт, құс еті, астық, қант, жеміс-көкөніс және балық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу, жылыжай кешендерін дамыту, көкөніс сақтау инфрақұрылымы мен ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу бар. Азық-түлікке жатпайтын сектор импорт үлесі жоғары тауарларды өндіруге бағытталған. Бұл – жеңіл өнеркәсіп өнімдері, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника және тұрмыстық химия өндірісі. Бұл бастамалардың маңызды құрамдас бөлігі – ондаған миллиард доллар көлемінде ауқымды қаржыландыруды қамтамасыз ете алатын капиталдандырылған даму қаржы институттары.         

2026 жылы «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингін 1 триллион теңгеге дейін капиталдандыру көзделген. Қорландыруды ескере отырып, экономиканың нақты секторы шамамен 8 триллион теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылады. Осылайша, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары, 2030 жылға дейінгі кезеңде өнеркәсіп саласындағы перспективалы әрі несиеге қабілетті жобаларды шамамен 100-120 миллиард доллар сомасында қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, жоғары белсенділік танытатын болады.

– Тұтастай алғанда, Экономикалық өсудің проактивті саясаты Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттердің орындалуын қамтамасыз ете отырып, Қазақстан экономикасын индустрияландыру мен әртараптандырудың негізгі құралына айналады. Қазіргі уақытта салалық мемлекеттік органдар жетекшілік ететін сегменттерді дамытудың стратегиялық жоспарларын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жоспарлар алдағы 5 жыл ішінде сегменттердің жалпы қосылған құнын барынша арттыруға мүмкіндік беретін үздік жобалардың тізбесін қамтиды. Іріктелген жобалар кейіннен салаларды дамыту стратегияларының негізіне алынбақ. Аталған стратегиялар нақты өнімдер мен жобаларды, инвестициялар көлемін, жылдар бойынша өндіріс көлемін және өзге де маңызды ақпаратты қамтитын болады, –дейді С.Жұманғарин.

Жеңіс НҰРЛЫБЕК

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар