Кездесу барысында қатысушылар ұсынылып отырған конституциялық реформалардың негізгі ережелерін, олардың құқықтық мемлекет қағидаттарын бекітуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен өркендеуге қалай әсер ететінін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы объективті пікір қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылды.
Жиында стратегиялық құжаттың елдің дамуы мен оның мемлекеттілігін нығайтудағы маңыздылығы да әңгіме арқауына айналды. Қатысушылар жаңа Конституцияның қоғамдағы теңдік, әділдік және заң үстемдігі принциптерін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Талқылау барысында азаматтық қоғамның рөліне ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар азаматтардың саналы таңдауы мен белсенділігі референдумның ойдағыдай өтуіне тікелей әсер ететінін айтты. Референдумға қатысу әрбір азаматтың жауапкершілігіне және қоғамдағы маңызды шешімдер қабылдау кезінде жеке ұстанымын дұрыс қалыптастыруына байланысты екені баса айтылды.
Сонымен қатар журналистер фактілерді дұрыс беру, фейктерге қарсы тұру, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау және құқықтық сауаттылықты арттырудағы өздерінің жауапкершілігін талқылады. Олардың пікірінше, бұқаралық ақпарат құралдары қоғамның ақпараттық кеңістігін қорғауда маңызды рөл атқарады және азаматтар үшін сенімді, нақты және түсінікті ақпарат көзін қамтамасыз етуге міндетті.
Отырыстың соңында журналистер клубының мүшелері жаңа Конституцияны қоғамға түсіндіруде өздерінің белсенді үлесін қосатынын, азаматтарды ақпараттандыру және құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында нақты шаралар қабылдайтынын атап өтті.
Бибігүл ШАХЗАДА,
«Қоғамдық келісім» мекемесінің
ақпараттық жұмыс және қоғаммен
байланыс бөлімінің басшысы



