Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұлы ақын мұрасын дәріптеген көрме

Ұлы ақын мұрасын дәріптеген көрме
Автор
Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университеті ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Ұлы Абай мұрасы және қазіргі заманның сәулеттік үндестігі» тақырыбында республикалық суретшілер мен қолөнершілер көрмесін ұйымдастырды.

Көрменің ұйымдастырылуына университеттің «Сәулет» кафедрасының оқытушылары мен студенттері мұрындық болды. Өнер байқауына Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы жоғары оқу орындарының өкілдері мен облысымыздағы мектептер мен арнаулы оқу орындарының білім алушылары қатысып, өз еңбектерін таныстырды. Тақырып аясында әзірленген сан алуан жәдігерлер Марс Үркімбаев атындағы «Жастар сарайының» кең де жарық фойесіне жиналған қауымның назарына ұсынылды.

Айтулы шараның ашылу салтанатында университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асылбек Қасенов сөз алып, ауқымды көрменің негізгі мақсат-мүддесі мен басты идеясы жайында айтты.

– Басты мақсатымыз – суретшілердің өз туындыларында жаңа бейнелер мен тың көркемдік шешімдерді көрсетуіне мүмкіндік жасау болды. Көрмеге қойылған әрбір картина, табиғат көрінісі мен интерьерлік композиция Абай Құнанбайұлының тағылымды өмірімен сабақтасып, оның ғұмырынан сыр шертетін деректермен үндескенін қаладық. Қаламыздың студенттері мен оқушыларының осындай іс-шараға белсенді қатысқаны ерекше қуантады. Көріп отырғандарыңыздай, мұнда әр бағытта орындалған көптеген жұмыстар қойылған. Абайдың портреттері графика мен бояу арқылы бейнеленген. Әсерлі пейзаждар, мүсіндер мен тұтас композициялар да назар аудартады. Келушілер санының көптігі де қуантарлық. Мұндай бастама ұлттық дәстүр мен мәдениетті, рухани құндылықтарды жаңғыртуға жол ашады. Осы арқылы жас ұрпақтың Абай мұрасын тануы тереңдеп, оның өнегесі жүрекке жақындары анық. Көрме барысында ұрпақтар сабақтастығының рухы сезіліп, туған жерге деген сүйіспеншілік пен елжандылық сезім айқын байқалды. Қадірменді қонақтар мен қатысушыларға көрмеге келгені үшін алғыс білдіреміз. Өткен шарадан алған әсерлері көңілдерінде ұзақ сақталып, жақсы естелікке айналады деп сенеміз, – деді А.Қасенов.

Көрмеге қала жұртшылығы көптеп жиналды. Бастауыш сынып оқушыларынан бастап егде жастағы өнерсүйер жандар да келіп, қолөнер туындыларын тамашалады. Бәрі де жас шеберлердің жұмыстарын ықыласпен тамашалап, өзара ой бөлісіп, ерекше әсер қалдырған еңбектерді суретке түсіріп жатты.

Осындай шығармашылық шаралар жастарды тәрбиелеумен бірге маңызды ағартушылық әрі ғылыми танымдық міндет атқарады. Себебі мұнда классикалық және халықтық мәдениет бейнелерімен астасқан заманауи технологиямен дайындалған қолөнер бұйымдары да қонақтар назарына ұсынылды. Көрме өнер мен білімнің тоғысқан тұсын айқын сездіріп, жас буынның дүниетанымын кеңейте түсті.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар